«Астана ЭКСПО-2017» көрмесі миллионыншы қонағын қарсы алды

12 Шілде 2017, 11:55 7184

ЭКСПО көрмесіне өткізу пунктерінде орнатылған бейнебақылау камералары мен адам санын есептеуіш құралдар «Астана ЭКСПО-2017» Көрмесінің миллионыншы келушісін тіркеді.

ЭКСПО көрмесіне өткізу пунктерінде орнатылған бейнебақылау камералары мен адам санын есептеуіш құралдар «Астана ЭКСПО-2017» Көрмесінің миллионыншы келушісін тіркеді.

Ол Астана қаласының 27 жасар тұрғыны Гүлжихан Жанабергенова «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің миллионыншы келушісі болып шықты.

Мейманды құттықттауға Көрменің медиа-орталығына келген «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов келіп, оған естелік сыйлықтар мен Көрмеге және «Cirque du Soleil»  қойылымына арналған билеттерді тарту етті.

Ахметжан Есімов өз құттықтау сөзінде халықтың Көрмеге деген қызығушылығы күн санап артып келе жатқанын ерекше атап өтіп:

- Біз жоспар бойынша жұмыс істеп келе жатырмыз және барлығы ойдағыдай өтуде. Бүгінде 1 миллионыншы келуші тіркелді, бұл біз үшін жақсы көрсеткіш. Негізі ЭКСПО-2017 көрмесінің жұмысы барысында 2 миллион келуші тіркеледі деп жоспарлаған едік. Дегенмен, бір ай ғана өтті, біз осы уақыт ішінде 1 миллионыншы келушіні қарсы алудамыз. Осындай ауқымды жоба өткізіп отырған соң, бірінші кезекте, қазақстандықтардың көңілінен шығып жатыр ма деп алаңдаймыз. Көрмеге елдің қызығушылығы артып келе жатқанына қуаныштымыз, - деді.

Ал өз кезегінде ЭКСПО-ға келген адамдар саны тіркеліп отыратынын да білмегендігін айтқан Гүлжихан Жанабергенова:

- Мен №76 мектеп-лицейінде мұғалім болып қызмет етемін. Мұнда екінші рет келіп тұрмын, бірақ ол кезде біздің «Нұр Әлем» павильона кіре алмаған едім. Сондықтан, бұл жолы, бірінші кезекте,  біз өз еліміздің павильонына ат басын бұрмақпыз. Шынымды айтсам, осындай қуанышты жағдайға тап боламын деп ойламадым, - деп қуанышымен бөлісті.

Айта кетерлігі, Көрменің тіркеу құжаттамасында ЭКСПО-2017-ге 2 миллион адам келеді және көрме нысандарында жалпы саны  5 миллионға жуық келуші тіркеледі деп жоспарланған  еді. Ал, халықаралық павильондарды аралаған келушілердің санын қоссақ, 10 шілдедегі көрсеткішке сәйкес, 5 960 212 адам тіркелген. Көрме кешеніндегі негізгі нысандарға жұртшылық 834 579 рет келген. Бұл ретте 303 007 адам тамашалаған «Нұр Әлем» павильоны көш бастап тұр. Есептеп көрсек, барлық келушілердің шамамен 130 мыңы немесе 14 пайызы шетелдік қонақтар.

Бөлісу: