«Астана ақшамы» газетінің тақырып аясы

17 Қыркүйек 2017, 09:59 6337

Жақсы тақырып – жарты мақала

«Астана ақшамы» газеті қалалық басқармалармен тығыз байланыс жасайды. Ол фактілерді тікелей сенімді, ресми ақпарат көздерінен алып, басқа басылымдарға қарағанда тың деректерді оқырманға бірінші ұсынуға мүмкіндігі жеткілікті. Сондықтан да Астананың мәдени өмірін жан-жақты насихаттауда газеттің тақырып аясы да едәуір кең.

Оны басылымның айдарларынан анық байқаймыз. Нақты санға жүгінсек, 2010-2014 жылдары бір ғана мәдени мәселелер төңірегіндегі түрлі информацияны жеткізетін 23 айдарды атауға болады: тағзым, кино, тұлға, руханият, өнербаян, мәдениет, премьера, өнеге, тойбастар, қонақкәде, фестиваль, театр, эссе, өнер, көрме, мәдени мұра, балет, көзайым, қолөнер, алқоңыр, алтын өркен, сөз өнері, шарайна. Бұлардан бөлек, «Көкейкесті», «Көзқарас», «Айтып-айтпай не керек?», «Сұхбат», «Ұлт ұпайы» «Тікелей тілдесу», «Не? Қайда? Қашан?» «Дәнекер», «Баспасөз баяны», «Аңдатпа» секілді 10 шақты айдармен мәдениет аясындағы материалдар жиі көрініс табады.

Аталған рубрикаларды зерделеу кезінде жарияланған материалдардың басым бөлігі публицистиканың ақпараттық (заметка, есеп, репортаж, сұхбат) және талдамалы жанрларын (корреспонденция, мақала, рецензия) қамтығанына көз жеткізуге болады.

Бір күнде бас қалада жүздеген мәдени шаралар: концерт, көрме, спектакль, жаңа кітаптың тұсаукесері, мұражайдағы экскурсиялар,  фестиваль, байқаулар,  әдеби кештер, белгілі тұлғалармен кездесулер өтеді. Газет бетінде шараның ұйымдастырылу ауқымына қарай маңыздылары ғана жарияланып отыруы заңдылық. Бұл уақиғаларды айна-қатесіз жеткізуде «Астана ақшамы» газеті хабарлама жанрының есеп түрін кең қолданады.

Материалдың есеп екені бірден аңғарылады. Іс-шараның жайы «Не болды?» деген сұраққа жауап беретін «Қалибек әндері қалықтады», «Сычуань сазы тербетті», «Астана опера»: ақын Сара Петерборда ат ойнатты», «Өнерлі өрендер олжамен оралды», «Өріліп өлең, әуеледі ән», «Көпшілік сейілі көңіл сергітті», «Жайықтан есті самал жыр», «Шалқыды асқақ әуендер», «Шаттық отаны» шалқытты», «Абай әндері әуелеген күн», «Кәсіби шеберліктерін көрсетті» тағы сол сияқты тақырыптарынан-ақ көрініп тұр. Сыртқы элементі осы. Материалдың ішіне үңілер болсақ, «...болып өткен жиындардың қалай басталып, қалай жүргізілгенінен, қалай аяқталғанынан оқырманға мағлұмат беру, елес беру, онда қандай мәселе, проблеманың әңгіме болғанынан, олардың мән-маңызынан, қабылданған қарар-шешімімен жұртты хабардар ету» - деген Т.Қожакеев тұжырымдаған есептің міндеттері орындалып жүргенін көреміз.

Соның айқын дәлелі ретінде 2014 жылдың 25 қазанында шыққан «Салмасам Айнамкөзге ән болмайды» атты Аманғали Қалжановтың есебін талдайық.

«Астана» ұлттық сурет галереясында Батыс әншілік дәстүрінің іргелі өкілі Мұхит Мералыұлына арналған «Салмасам Айнамкөзге ән болмайды» атты кеш өтті. Елордадағы мемлекеттік филармония ұйымдастырған концертте Мұхиттың елге белгілі әндері шырқалып, батыстың төкпе күйлері тартылды. «Шалқыма» халық биі ансамблі кешті мың бұралған бимен көркемдеді» делінген сөз басында. Үш сөйлеммен жазылған лид арқылы тілші ненің қай жерде, не үшін болғанын, кім ұйымдастырғанын, кеш қатысушыларын хабарлайды.

Ары қарай кешті кім жүргізгені, сценарий бойынша ән, күй, бидің кезектескені, Қазанғап пен Дәулеткерейдің күйлері батыстық дәстүрге тән өршіл орындалғаны, яғни, концерт барысы рет-ретімен баяндалады.

Бұған қоса, автор кеңейтілген есепті оқиғаны талдап, кемшіліктердің бетін ашудың маңызды құралы ретінде ұтымды пайдаланған. Өзі байқаған сын-ескертпелерін атап өтуді жөн көреді: «Бір байқағанымыз: сахна мүлде безендірілмей, жұтаң тартып тұрды. Қалалық филармония болашақта осындай олқылықтарды қайталамаса екен дейміз».

Сондай-ақ журналист аталмыш кештен бұрын дәстүрлі ән мен күйдің түйткілді мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдің өткенін айтады. Онда нақты қандай проблемалар талқыланғаны жөнінде мағлұмат береді. Осы кезде Т.Қожакеевтің «Ендігі бір есептерде баяндаманың мазмұны хабарланады да, онан кейін «жарыс сөз басталды» дей салады. Ал кімдердің сөйлегені, не айтқаны ілтипатқа алынбайды немесе сөйлегендердің тізімін берумен шектеледі» деген сөзі еске түседі».  Кей журналистер жиын пікір тыңдасып, тәжірибе алмасу үшін өткізілетінін түсінбейді. Алайда, есепті жазушы Аманғали Қалжанов «Қазірде дәстүрлі әнші болсын, опера әншісі болсын оның дауысын операдан сабақ беретін ұстаздар қоятын болып жүр. Өкінішке қарай, бұдан өзге маман жоқ. Шараға қатысқан кейбір ұстаздардың айтуынша, бұл дәстүрлі әншінің дауысына зиян әкеледі. Мәселен, Ғарифолла Құрманғалиев пен Жүсіпбек Елебековтің көзін көргендер олар «распевка» дегенді білмей кетті, әр жерде жаттығусыз-ақ ән айта беретін» деп оқырманға дөңгелек үстелде әңгіме болған маңызды пікірлерді жеткізеді.

 Газет бетіндегі хабарлама жанрының бұл түрін  зерделеу барысында бірсыпыра есептерге ықшамдық жетіспейтінін, көп жағдайда білікті түйін жасалмайтынын байқадық. Мысалы, «Қалибек әндері қалықтады» (28.01.2014 ж.). Нұргүл Аханқызының ақпарат жанрындағы аталмыш материалы Астанада композитор Қалибек Деріпсалдиннің ән кеші өткені туралы. Алдымен залдағы атмосфера, орындалған шығармалар, келген танымал қонақтар мен айтылған тілектер сөз болады.

Ақпараттың соңында тілші «Бүгінде артынан ерген шәкірттеріне ағалық қамқорлығымен қатар, тамаша әндерін сыйға тартып, жас таланттардың жолына жарық болып жүрген композитордың кеші көпшіліктің көкейінде ұзақ сақталары анық» деген түйін жасайды. Оқиғаға қатысты журналистік байлам жасау үрдісі журналистік объективтілікке жат құбылыс. Кеш осы оқиғаға қатысты кеш халықтың көкейінде ұзақ уақыт сақтала ма, әлде сақталмай ма, оған журналист жауап бере алмайды. Тіпті, кештің тез аяқталуын күтіп, тыпыршып отырған қауымның да бар-жоқтығын журналист біле алмайды. Бұл кемшілік қазақ журналистерінің көпшілігіне тән әдет. Тіпті, мәдени оқиға туралы материалдың соңын осылай түйіндеу қазақ журналистикасында әдетке айналған. Жоғарыда айтқанымыздай, журналистің оған баға беруге құқығы жоқ. Екіншіден, дәл осындай жаттанды баға берудің көп кездесуі материалдың бағасын түсіреді.

Газеттің негізгі бағыты талдау, сараптау, таразылау емес, хабарлау, насихаттау, қоғамдық іске жұмылдыру, елорда ортасын қалыптастыру болғандықтан, материалдардың дені – ақпараттық жанрда екені рас. Алайда бұл басылым бетінде талдамалы және көркем-публицистикалық жанр жоқ деген сөз емес. «Астана ақшамы» газетінде түйткілді мәселелерге   үн қатып, ақпаратпен қоса өз пікірін, қандай да бір құбылысқа бағасын беріп, болжамын пайымдайтын журналистердің жазуы да кездеседі.   

Мысалы, 2014 жылдың 14 ақпанындағы газет нөмірінің бірінші бетінде «Жетістірер сені жалаң төс «Уолл-стрит»!» деген ызалы тақырыппен корреспонденция шыққан. Авторы – Ерболат Қамен.

«Жексенбі. «Мега». «Кинопарк». Сағат 14:40. 6-зал.

Даңқты актер Леонардо ди Каприо шақырып еді. «Волк с Уолл-стрит». Мәңгілік тілімізде әзірге кино көрсетілмейтіндіктен, атауын сол қалпында жазып отырмыз. Жарнамасы дүниені дүрілдетіп тұр. Оның үстіне режиссер – Скорсезе.» 

Алдын-ала…

…аңдатпасынан 16 жасқа толған көрерменге арналғанын аңғарғанбыз. Кәмелетке жеткенімізді ескеріп, жұрттан қалғандай, жұртта қалғандай болмай, жетіп бардық. Жаңа әлем танимыз, талғам байытамыз, өнер туралы көкжиегімізді өрістетіміз, өмір салты еркін елдің ендігіне енеміз… дегендейін-дегендейін дәмедеміз.

Көрсетілімнен кейін…

Әттең. Бірақ. Әй, қап… секілді өңкей өкініш өзекті өртеді. Әңгіме – экранның арғы бетіндегі көріністе емес, бергі бетіндегі көріністе.

Кино басталмас бұрын монитордан «18+» деген ескерту берілді. Оны көріп, залдан шығып бара жатқан ешкім байқалмады. Көзге шалынғаны –бесіктегі бөпесін қолына көтеріп кірген жас жігіт қана. Есесіне біз санаған жүз елудей көрерменнің жартысы – кәмелетке толған-толмағаны күмәнді ұл-қыздар. Тапа-тал түсте моральдық азғындық шегіндегі кинотуынды Астананың барлық кинопарктерінде айналымда жүр. Оны тамашалайтын аудиторияға бақылау болмағаны қатты қынжылтты. Көкейде көп сұрақ туындатты».

Журналист өмірде болған оқиғаның ізін суытпай баяндайды. Мазмұны жалқыдан жалпыға қарай дамып отыр. Кинотеатрларда көрсетіліп жатқан премьера, яғни жеке нәрсе арқылы үлкен, қоғамдық мәні бар жайт қозғалды. Алдымен кино көруге барғанын мысал етіп, жалпы идеяны кино алдында көрсетілген «18+» деген ескертпеден туындатады.

Ары қарай ойға келген сұрақтарды сатылап санамалаумен бірге өз түйінін жасайды:  

«Біріншіден, бізге мұндай жалаң төсті, жат қылықты кинолар керек пе? Артық емес дерсіз. Олай болса, аудиторияны мұқият қадағалау қажет.

Екіншіден, кез келген кинотуынды ел аумағында көрсетілу-көрсетілмеуі жөнінде сүзгіден өте ме? Өтсе, жөн екен, бағыты «дұрыс» екен.

Үшіншіден, депутаттарымыз телеэкран шетіне қай бағдарлама қай жастағыларға арнап көрсетілетінін нақтылап, заң қабылдап берді. Мақұлданды. Қолданыста. Ал үйдегі шағын телеэкран емес, қоғамдық орында алып монитордағы «16+», «18+» дегендей жазуды ескермей жүрсек, қайтпек керек? Кім жауапты?

Төртіншіден, білуімізше, жыныстық қарым-қатынасты, есірткіні ашықтан-ашық насихаттайтын кинофильмдерді жасөспірімдерге ұсыну анатомиялық, психикалық тұрғыдан әжептәуір келеңсіздікке ұшыратады. Сонда дейміз-ау, зал тола шықылықтап отырған әлгі шикіөкпелердің ата-анасы баласының 180 минут бойы қайда жоғалып кеткенін сұрады ма?

Бесіншіден, «айтып отырғаныңның аясы тар, кинотеатрдан қусаң, интернет бар емес пе?» дейсіз ғой. Оның да тұсауын табу керек.

Алтыншыдан, бұл күнде не көп, оқушылар арасында түрлі сұлулық байқауы көп. Солардың бірін жуырда телеарнадан бес жасар қызымызбен бірге көре қалайық. Сайыстың кезекті шарты бойынша сахнада әбүйірінен басқа жері жалаңаш 12-14 жас шамасындағы қаракөздер билей бастады. Күймей көр! Сөйтсем, бекер екен. Әйтпесе не мынау?!» дей келе, «У жұтқызар «Уолл-стритт» деген қорытындыға келеді.

«P.S. Кез келген мәселе кешенді шешім­ге зәру. Яғни, бұл да солай» деген тілек-талап қояды. Нақты факт арқылы проблема көтеріп, жинақталған ой айтады.

Ендігі кезекте  «Көзқарас» рубрикасымен Айнұр Шошаеваның «Комедия келемеж емес қой» (11.01.2011) мақаласын назарға алғымыз келіп отыр. Теорияны еске түсірсек, «Мақалада фактілік материалдар, талдану үшін алынбайды, автордың не сыни пікірін, не мадақтау пікірін дәлелдеу үшін, соның растығына көз жеткізу үшін ғана алынады. Яғни, корреспонденцияда факт, дерек, цифр – талдаудың таянышы, негізі, объектісі, ал мақалада олар айтылған ойдың, жасаған түйін, корытындының мысалы, дәлелі, иллюстрациясы ғана».

Атамыш мақалада әуелі киностудиялар бірімен-бірі жарысып кино түсіруді әдетке айналдырғаны, әсіресе комедия жанрында түсірілген фильмдер ұлтымызды қорлап, намысымызды таптап жатқаны айтылады.  Яғни, ойды жалпыдан жалқыға қарай өрбітеді. Қазақтың салтында жоқ дүниені насихаттап жүрген «Махаббат тәлкегі», «Ойпырмай», «Қайрат – чемпион. Девственник №1» сынды адамгершілікке жат қылықтарды жарнамалаған кинолардың қатарына қазақты топас еткен «Трубадур» фильмі қосылғанына қынжылысын білдіреді.

Алдымен фильмнің тарихына аз-маз шолу жасалады. Режиссері және сценарий авторы кім? Қай елдің жобасы? Комедияда ойнаған актерлер? Қысқаша аннотациясын да жазады. Кейіннен журналист фильмдегі эпизодтарды суреттеу арқылы өз сынының дұрыстығын дәлелдейді. «Дәл осы кино «Бораттың» сарынын еске түсіргендей.  Тек басты рөлде қазақты мазақ етіп көрсететін – ағылшын емес, өзіміздің қазақ...» деп аяқтайды мақаланы.

Сыни мақалалар дәл осындай формада жазылатынын байқау қиын емес. Мәселен, «Әннен мән қашты» мақаласында алдыңдағы мысалдағыдай мәселе жалпыдан жалқыға қарай ауысады. Ербол Жанат «Ән – көңілдің ажары», «Әу» демейтін қазақ жоқ», «Әнсіз өмір – мәнсіз», «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген мәтел, өлең жолдары арқылы қазақ халқынын өмірінде екі өнердің алар орнын айқындауға тырысқан. 25 жол нақты фактсіз сөзді көбейтіп, ақыры оның өз алдына жеке тақырып екенін мойындайды. Яғни, қозғағалы отырғаны бағанағы 25 жол емес: «Айтпағымыз бүгінгі әндер және мәтіндер хақында» дейді өз ойымен оқырманды таныстырып. Алайда, мақаланың мән-жайы «Әннен мән қашты» деген тақырыбынан-ақ белгілі еді ғой.  Яғни, журналист көпсөзділікке бой ұрып, ойды қайталап, жинақтай алмаған. Адасып жүріп әу бастағы идеясына оралады. Мән-мағынасыз әннің сөздерін мысал етіп, былайша сынайды: «Қалай сүйдім сені? Құлай сүйдім сені, жүрегімді ұстап, жылай сүйдім сені!» Мынау бір поэзияға енген жаңалық па дерсің! Бұл әннің сөзі көбіне өлеңнен гөрі жаңылтпашқа жақынырақ сияқты. Расында да, сөзді тез-тез қайталап көрсең, тілің бұралып, еріксіз тұтығасың», «Пах-пах, неткен ғажап иіс, жүрегіммен сүйіс» деген сөздерді кезіктіресіз. Сүйісетін дүниенің бәрін сүйістіріп болып, енді бұлар жүрекпен жүректі сүйістіруді ойлап тауыпты. Неткен тапқырлық!»

Жоғарыда біз басылым бетінде жарияланған талдамалы жанрдағы мақалаларды мысалға келтірдік. Өкінішке қарай, «Астана ақшамы» газетінде мәдениет тақырыбын жазуда жаңалықтарды хабарлау басым, ал осы саладағы кемшіліктерді айтып, жағымсыз фактілердің сырын ашу, М.И.Калинин сөзімен айтсақ, шағын ғана деректен қоғамдық мәні бар жайтты көріп, келелі проблема қозғау бар десек те, журналистер лабораториясындағы тұрақты нысанға айналмаған.

Алмас Тоқабаев
Бөлісу: