«Астана ақшамы» газетінің ерекшелігі неде?

16 Қыркүйек 2017, 09:48 7214

Елорданың үні, жаны һәм көзі

«Астана ақшамы» газетінің интернет нұсқасы Astana-akshamy.kz мекенжайында орналасқан. Бұл сайтты басқа интренет порталдардан ерекшелейтін не? Біріншіден, сапалы контенттердің молдығы. Сапалы контент жасауға тұрақты редакцияның кәсіби журналистері жұмыс істейді. Сол себепті, сирек жаңаратын кейбір сайттармен салыстырғанда жиі жаңарады.

Тағы бір ерекшелік немесе артықшылық – тек төлнұсқа, яғни, журналистердің немесе авторлардың өздері әзірлеген, басқа ешбір жерде жарияланбаған материалдардың жариялануы. Интернет журналистика қарқынды түрде дамыды десек те, соңғы жылдардың бедерінде бір материалдың еш өзгеріссіз бірнеше мекенжайда белсенді сілтемемен (гиперсілтеме) жариялануы үрдіске айналғаны өтірік емес. Бұл орайда, «Астана ақшамы» газеті ақпарат таратудың ондай жеңіл тәсіліне жүгінбейді.

Қазақстан халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктерін насихаттау арқылы отаншылдыққа тәрбиелеуде газет пен оның интернет нұсқасын пайдалануды басылым редакциясы тиімді жүргізіп жатыр деуге болады. Интернеттің шынайы әлеуеті қазір Қазақстанда айтарлықтай жоғары дәрежеде. Демек, интернетке көңіл бөлу дер шағында жасалған қадам деуге болады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметі де өзінің электронды үкіметін құруға барынша ұмтылып жатқанын айта кету керек.

Қазақстандық отаншылдықтың қалыптасуы мен дамуында ақпараттық қауіпсіздіктің алар орны бөлек. Ал ақпараттық қауіпсіздік мәселесіндегі ең басты қорғаныс құралдары отандық БАҚ-тар болмақ. Батыстық арзан бұқаралық мәдениетінің экспансиясы Қазақстандағы өзекті мәселеге айналып бара жатқанына жергілікті БАҚ-тар айтарлықтай тосқауыл қоюда.  Бұл орайда, біз тілге тиек етіп отырған «Астана ақшамы» газеті елордадағы ең тиражы көп әрі ең танымал басылым саналады. Жарыққа шыққан 25 жылдан астам уақыт ішінде газет оқырман арасында өте жоғары сұраныстағы мәдени, саяси, идеологиялық құрал болды. Оның ықпалы қазір де басым. Мемлекеттік тілді дамыту, үш тұғырлы тіл, көпұлттылық, еуразия­шылдық идеясы, әлем­нің бәсекеге қабілетті 50 елінің сана­тына ену, зияткерлік ұлт қалыптастыру, мә­дени мұра, Астана идеясы, елордадағы әлемдік діндер көшбасшыларының съезі, толеранттылық және тағы да басқа идеяларды елордалық оқырманға насихаттау газет бетіндегі жарияланатын материалдардың негізгі өзегі болып табылады.

Саяси, идеологиялық, діни мәселелерді, ұлтаралық татулық, басқа елдермен мәдени байланыс сынды мәселелерді мәдениетпен, өнермен ұштастыра отырып, оқырманға жеңіл әрі тартымды тәсілмен насихаттау «Астана ақшамы» газетінде жарияланған мәдениет тақырыбындағы материалдардың бір ерекшелігі деп бағалауға болады. Оған нақты мысал ретінде 2014 жылдың 15 қазанында жарық көрген «Хазреті Әли – бүкіл каллиграфтың әмірі» атты мақаланы (авторы Ж.Нағымаш) тілге тиек еткіміз келеді. Мақала кейіпкері Асылбек Байұзақұлы – каллиграфия бойынша Мысырда білім алған алғашқы қазақ. Каллиграфия ерте замандарда пайда болған бейнелеу өнерінің бір түрі екендігі белгілі. Осы сұхбатта айтылғандай, оны тек Шығыс халықтарына, Ислам елдеріне тән өнер деп қабылдауға болмайды. Батыс Еуропаның каллиграфия өнері, Шығыс Азияның, Жапонияның каллиграфиясы деген сынды бірнеше стилі бар. Асылбек Байұзақұлы айтқандай, біздің заманымыздың жетінші ғасырларында каллиграфияның 300-ден аса  түрі белгілі болған.

«Енді, ойлай беріңіз, одан бері мың жарым жылдай уақыт өтті, олар бір-бірімен тоғысады, бірігеді, симбиоз болады, екі жазу қосылып үшінші жазудың түрін шығарады, бертін келе қаншама жазудың түрлері пайда болды. Нақты санын бір Алла біледі. Ал  мұсылман үмметі болып саналатын 1,5 миллион халыққа кең тараған 5-6 түрі бар. Қаншама түрлері бізге белгісіз күйде кетті десек те болады. Мәселен, өзіміздің киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі, қабырға-минбарларындағы жазу стилі – сиагет деп аталады. Бұл тек біздің Орта Азияға ғана тән түрі. Өкінішке қарай, бұл стиль бүгінде өлі жазуға жатады, ешкім оны жаңғырта да алмады» дейді сұхбат кейіпкері. Автор каллиграфияны қазақшалап «хұснихат» деп қолданады. Бұл да журналистің кәсіби шеберлігін, тапқырлығын көрсетсе керек.

Жалпы, басылымда діни тақырыптар жиі қозғалады. Бірақ ол тек дін тілімен, имандылық негізде ғана түсіндірілмейді. Әр мақалада дін мен мәдениет, дән мен дәстүр, діндер арасындағы татулық қатар өріліп отырады. Жоғарыда сөз болған «Хазреті Әли – бүкіл каллиграфтың әмірі» атты мақала соның бір дәлелі.

Мәдениет саласындағы үлкен тақырыпты кино мен театр мәселесі қамтиды. Өйткені бұл екеуі де мәдениеттің негізгі тармақтарының бірі. Сондықтан да болар баспасөздегі ең жиі көтерілетін тақырыптардың бірі – театр және кино мәселесіне қатысты болып жатады. Иә, шындығын айту керек алғаш нарық заманы келген кезде ең бірінші осы театрларымыз бен киномыз, барлық өнер ошақтары қатты тұралап қалғандығы белгілі. Мәселен, осы туралы Жезқазған музыкалық драма театрын жиырма жылдан аса басқарған республикамызға танымал театр режиссерлерінің бірі Ж.Хаджиев өзі басқарып отырған театр ұжымының басындағы ауыр жағдай туралы «Астана ақшамы» газетіндегі «Театрдан кететін шығармын» деген мақаласында былай жазады: «Мен қазір тығырыққа тірелдім. Алты айдан асты театрда су жоқ. Жылу электр орталығына көп қарызымыз бар. Бір жыл болды, не бір жаңа декорация, не бір жаңа костюм тіктірмек түгіл, спектакьге қажет бір сырық та алған емеспіз, қаржы жоқ». Міне, осындай қиын кезеңдерді бастан өткерген бүгінгі қазақ театрлары мен басқа да өнер ошақтары біртабан алға жылжып, нарық көшінен қалмай ілесті. Бір жағынан қарағанда олар нарық көшіне ілесуге міндетті еді. Егер қазақта театр, ұлттық кино болмаса онда ұлттың рухани тамыры қиылды деген сөз. Жалпы астаналық театрдың бүгінгі жайы туралы белгілі сыншы Еркін Жуасбек: «Театрға әділ де, пайдалы сын керек» атты мақаласында жан-жақты баяндайды.

«Астана ақшамы» газетінде кино тақырыбы – ерекше көтерілетін мәселелердің бірі. Мәселен, «Астана ақшамы» газетінде 2012 жылы 18 қаңтардағы нөмірінде Ә.Бағдәулетқызының «Келін» Көру. Түсіну» атты мақаласы журналистік позицияға жақын жазылған. Алайда көптеген басылымдардағы осы фильмге қатысты пікірлерде жеке эмоция басым түседі. Журналист өзінің мақаласын пәлсапалық ұғыммен байланыстыра бастайды. Мәселен, «Мен кейде сыған деген халыққа басымды игім келеді. Адамзат баласы жаппай техногенді тіршілікке ұмтылып жатқанда табиғаттың бауырынан ажырамай, көшіп-қонып, азығын жолдан тауып жүретін сығандар өмірлік пәлсапасы терең ел сияқтанып көрінеді. Көлденең жұртқа сүйкімсіз сығандар Жер-анаға қиянат қылмайтын бірден-бір халық екені есіме түседі. Өйткені, бір кездерде біз де бөрілермен бауыр болып, құстардың тілін түсінетінбіз, шақырымдық жердегі аң-құсты иісінен сезіп, бұлтқа қарап ауа-райын болжайтынбыз... Тәңірі жаратқан табиғатпен етене түсіністікте, үйлесімде, бірлікте, тепе-теңдікте өмір сүргенге не жетсін»,- дейді. Содан бірден Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі түркілердің (қазақтардың емес, бірден айтайық) он сегіз мың ғаламмен қоян-қолтық күн кешкен осы дәуірі жайында әңгімелейтіндігін. Сөзсіз көркем түсірілген бұл фильмнің тілі метафораға бай және  режиссер адам өмірін жан-жануарлармен параллель арқылы көрсететіндігін баяндайды. Ал фильмнің ерекшелігін мына жолдарда «...Қазақфильмді» реквизиттер, киімдер, декорациялар үшін марапаттауға болады. Шын мәнінде әсем, көркем дүние түсірілген. Сонымен бірге, фильмде қодастардың пайдаланылғаны архаикалық аураны сезіндіріп тұр. Еділ Құсайыновтың сиқырлы сазы да көрерменін арбап алады. Тілсіз кино болғандықтан, кейіпкерлер арасындағы тартыс қимылмен, әсіресе, бет қимылымен жеткізілетіні түсінікті жайт. Осы орайда, ененің рөліндегі Тұрахан Сыдықованы айрықша атауға болады. Оның жүзіндегі реніш, «әй, болмады-ау» деген жаратпау, жек көру - бәрі-бәрі жүрегіңізге дөп тиеді. Фильмде бір ауыз сөз айтылмаса да, бәрі тайға таңба басқандай»-, дейді.

Ал «Келінді» көпшілік айтып, «бетін тырнап» жүрген қазақтарға тән емес жалаңаштық, тәнін көрсету сияқты оғаш қылықты фильм дегендерге мынандай қарсы уәж айтады: «Қазақ киносының қарлығаштары большевиктерді мадақтап, Кеңес саясатын тікелей уағыздады. 60-70-жылдары ұлттық болмысқа мойын бұра бастадық. «Жаңа толқынмен» бірге комплекстеріміз экранға шықты. Мәселен, жыныстық қатынас - біз үшін «жабық» тақырып болып келгені рас, бұл - кеңестік цензураның, қала берді жергілікті менталитеттің талабы еді. 90-жылдары түсірілген Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы», Қалымбетовтің «Айналайыны», Теменовтің «Қызғышқұсы»... бірі ұлттық мінез-құлықтарға ирониямен қарап, езуіңе еріксіз күлкі үйірсе, бірі «Құдай тастап кеткен жердің» уайымын, енді бірі өз үйінде өзгенің етегіне тығылуға мәжбүр сормаңдай ұланды сипаттайтын. Сонысымен де құнды еді олар. Осы және осы іспеттес бірқатар фильмдерде жуынған қызды қызықтау, әйел мен еркек жақындығын ұрланып бақылау сияқты көріністер көп болды. Бұл - заңды құбылыс еді. Және киноны терапия деп қабылдасақ, егер ел санасында эволюция болса, жаңа заманмен сәйкессізденіп қалған комплекстерден «емделіп» бітуіміз керек еді»,- деп мақаланы аяқтайды. Мақалада жеке пайымдау да, парықтау, салыстыру, талдау, ең өзекті деген мәселені көтеру үрдісі бар екен. Бұл осы мақаланың өн бойынан жақсы байқалады.

Аталған басылымда қазіргі театр мәселесі, жалпы театр репертуарлары, театрлардың тыныс-тіршілігі молынан қаузалады. Театр - мәңгілік өнер. Бірақ, кез-келген жағдайда белгілі бір саяси ахуалға не әлеуметтік ахуалға ықпал ететін өнердің түрі емес. Өйткені,  ол үздіксіз халыққа қызмет ететін өнердің түрі. Театр туралы бүгінде әртүрлі көзқарастар бар. Біреулер театр бізге керек емес, оған адамдар мүлде бармайды десе, ал біреулер жоқ ол бізге керек ол біздің мәдениетіміздің насихатшысы, рухани ортасы десе, енді біреулері, театрды модернизациялау керек деген пікірді алға тартады. Әрине, әр пікірдің өзіндік дәлелі мен дәйегі бар. Бірақ бұл жерде біз театрдың – бүгінгі қазақ рухын дамытудағы рөлін ұмытпауымыз керек. Бұл туралы газеттің 2013 жылғы сәуірдегі нөмірінде жарық көрген Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясының Бас редакторы, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Дидар Амантайдың театр туралы сұхбатында жан-жақты айтылады. Сұхбатта Дидар Амантай  былай дейді: «... Егер театр біздің мемлекет тарапынан коммерциялық ортада жұмыс істейтін коммерциялық бизнес құрылым ретінде қарастырылатын болса немесе  нысана көрерменнің эстетикалық талғамын қалыптастыру емес, ақша табу көзіне айналса, әрине, репертуарлық-редакциялық коллегияның қажеті жоқ. Ал егер театр мемлекетіміздің ұлттық идеологиясының бір көрінісі ретінде, қоғамдық сананың бір формасы ретінде тұжырымдалса, онда мемлекет театрға ақша салуы қажет. Бәрімізге белгілі, дәл бүгінгі жағдайда ешқандай театр өз бетімен күн көре алмайды. Театрға ел бюджетінен қаржыландырылатын Британия балет өнері секілді үкімет тарапынан көмек қажет. Театр – өнердің ең нәзік те асыл түрі. Сондықтан, біз театрды өзіңді-өзің құтқар деп тасқын суға тастап жіберуіміз мүмкін емес. Театрды мәпелеп, аялау қажет. Театр - интеллектуалдық күш-қуатты, асқан оқымыстылықты, терең де жан-жақты білімділікті, жылдар бойы қалыптасатын машықты және үлкен қаржыны талап ететін өнер. Осы тұрғыда репертуарлық-редакциялық коллегия құрылып, драмалық шығармаларға грант беру мәселесі алға қойылуы қажет деп ойлаймын. Бұл жерде жергілікті қаржыландыруды барлық облыстарда заңдастыру керек немесе Мәдениет министрлігі тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс»,- деп пікірін білдіреді. Әрине, бұл жерде сұхбаттың жақсы шығуы журналистің шеберлігіне және өзі көтеріп отырған тақырыпты жете меңгергендігіне байланысты болып жатады. Мәселен, сұхбатты алып отырған журналист Дидарға былай сұрақ қояды: «Таяу шетел аттанып жүрген өзбек, қырғыз, татар, әзірбайжанның аударма пьесаларын сахнаға шығару әдетке айналып кеткен секілді, әлде мұны театр режиссерлері мен директорлары бизнеске айналдырып алған ба?». Бұл сұраққа Дидар жалпылама мына тұрғыда жауап береді: «Театрдың шаруашылығын директоры жүргізуі қажет, ал шығармашылығын – режиссерлер билеуі тиіс. Директор әрі басшы, әрі менеджер болуы керек. Ол режиссер немесе драматург болуы міндетті емес. Белгілі бір дәрежеде өнерді жақсы түсініп, терең сезе білетін, жаны ауыратын, жанашыр болуы қажет. Басшылық етуші қол астындағылардан әсемдікке құштар етіп, ғашықтық сезімін оятатындай спектакль қоюды талап ете білсе болғаны. Театрға сахнаны жанынан артық көретін, бар болмысымен түйсінетіндей театр қайраткерлері шоғырланғанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Сонда ғана театр өнері көркейіп, жанданбақ»,- деп сырғытып жауап береді. Әрине, мұны сәтті жауап деп айта алмаймыз. Мұндай жауаптар – «біреудің көңіліне тиіп кетпесін» деген ишарадағы белгі. Мұндай үрдістер қазақ мәдениеті мен әдебиетін үнемі объектіге алып жүрген журналистердің мақалаларында жиі кездеседі. Бұл – қазақы биязылық мінез. Егер, дәл осы сұрақ, орыстың бір театртанушысына қойылса, ол бұл мәселені түстеп, атын атап, оның орыс халқының рухани дүниесіне қаншалықты, ұлттық мүдде тұрғысынан зардап әкеліп отырғандығын «есептеп шығарушы» еді.

Нұрбақыт Аршын «Сұлу мен суретші» - пәк махаббатын іздетті» атты шағын пікірінде: «Сұлу мен суретші» қазіргі театр сахналарында көрсетіп жүрген, кіршіксіз сезім әлеміне жетелеп, махаббат патшалығында әлдилейтін қойылымдардың бірі», - деп өзінің пікірін білдіреді. Журналдың осы топтамасында осыдан басқа екі студенттің пікірлері «Су бетіндегі шабақтарды аулағаннан не ұтамыз?», «Ай тұтылған түн» спектаклі туралы» деген тақырыптарда шағын мақала жарияланды. Бұл әдіс театрды, қазіргі драматургияны бағалаудың таптырмас құбылысы деп айтар едік. Өйткені, қай салада болмасын кез келген сөз өнердің майталмандарына беріледі. Бірақ көп жағдайда біз болашақ ұрпақтың, ертең сол өнердің бір пұшпағын илейтін жастардың пікірін ұмыт қалдырып жататынымыз шындық. Бұл мақала осы олқылықтың орнын толтырып отыр деп айтар едік.

Салалық басылымдардағы тағы бір көтерілген мәселе опера театрының болашағы туралы. Ол туралы Қазақ мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрында өмір бойы қызмет атқарған, актриса Рымкеш Жұмаділованың «Қазақ операсының ертеңіне алаңдаймын» атты «Мәдениет» журналының 2013 жылғы қарашадығы нөмірінде жарияланған сұхбаты бүгінгі опера театрына қатысты келелі мәселелерді қаузайды. «Қазақ операларының бірі қазақ музыкаларына жазылады, бірақ гармонияның бәрі еуропалық болып келеді. Мәселен, «Қыз Жібектің» басынан аяғына дейін халық әндері айтылады. Соның бәрін кезінде Е.Брусиловский әндердің бәрін жинап, гармонияға салып, операға лайықтап шығарды... Осы жағдайда қазақ операсы жетімдік көріп жатады»,- деп шындықты айтады. Белгілі актриса, өзінің сұхбатында операның болашағына қатты алаңдайтынын жеткізеді. Бұл мақала былай беріледі: «Операға интеллигенция тарапынан жақсы қолдау қажет. Опера жанрын жоғалтып алмасақ екен деп қорқамын. Бізде әсіресе, музыкалық білімі бар театр сыншылары жетіспейді. Қазір бізге ешкім де қарамайды. Кім қалай айтып жатыр, жұмысы да жоқ. Тек  дирижермен жақсы болсаң болды. Ал бұрынғы кезде бір рөлді алу үшін арнайы кеңесте қарайтын. Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы опера және балет театрын көтереміз деп жақсы қаржы бөліп жатыр. Бірақ ол жақта да сыншылар жетіспегендіктен көптеген кемшіліктерге бой алдырып жатыр»,- деп бүгінгі уақытта опера саласындағы кейбір былық-шылықтарға кейісін білдіреді. Бұл жерден өнер адамдары – бұқаралық ақпарат құралдары – билік арасындағы көзге көрінбейтін байланыс байқалады. Өнер саласындағы негізгі қордаланған проблемалар жайын баспасөз арқылы биліктің құлағына жеткізу.

«Астана ақшамының» 2014 жылдың 12 ақпанындағы нөмірінде «Қылқалам тартып қазанат-тағдыр» желеді атты ақпараттық репортаж (автор Аманғали Қалжан) жарық көрді. Суретші Жеңіс Кәкенұлының елордадағы «Сәйгүлік семантикасы» атты көрмесінен репортаж, толғаныс деуге де болады. Рецензияның тақырыбын көрменің атымен атай салуға болар еді, бірақ автор басқаша тақырыпты жөн көрген. Бұл «Астана ақшамындағы» материалды басқа басылымдар мен интернет сайттардағы мақаладан ерекшелейтін бірінші белгі. Шынында, көрмеге қатысты еліміздегі БАҚ-тардың көпшілігі «Сәйгүлік семантикасы» деген атауға байланып, бір-бірін қайталауға ұрынды. Келісерсіз, Аманғали Қалжанның қойған тақырыбы тартымды, эмоциялық бояуы қанық.

Автордың тілі шұрайды, бейнелеу өнері туралы таным көкжиегі кең екені байқалады. Жеңіс Кәкенұлының шығармашылығымен, көрмеге қойылған картиналарымен жақсы таныс. Тіпті, олардың жазылу тарихы, атауы туралы біршама білетіндігін рецензияда қызықты баяндап отырады:

«Мәселен, «Алтайдың Кербұғысы» атанған Оралхан Бөкейдің шығармашылығы Жеңіс Кәкенұлына әсер етіп, «Оралхан Бөкейді оқығанда» туындысының дүниеге келуіне себепші болыпты. «11 күнді еске алу» атты туындысы Батыраштың балтасы жайратқан Құлагерді елестетеді. «Байшұбар» суреті лиро-эпос заманына жетелеп, «Алпамыс батыр» дастанын еріксіз еске түсіреді.

Ахау, екі жирен,

Жалын түйген.

Жалғанда ғашығымсың-ау жаным сүйген…

«Екі жирен» суретін көргенде осылай әндетіп кеткің келеді».

Соңғы сөйлемге қарасаңыз, автор бейнелеу өнерін ғана емес, дәстүрлі ән өнерін тілге тиек етеді. Мақаланы одан әрі оқи отырып, ұлттық музыка мұраларына қатысты біршама білімі бар екенін де сезесіз:

– Дәстүрлі ән өнеріміздің жарық жұлдыздарының бірі Біржан сал Қожағұлұлының «Айбозым» деген шоқтығы биік әні бар. Жеңіс Кәкенұлының осы аттас суретін де көрдік көрмеден.

Күйшілік өнерден ешкімге дес бермеген қазақ ХІХ ғасырда Дәулеткерей Шығайұлы секілді дарынды ұлды дүниеге әкелген. Осы Дәулеткерейдің бармағынан ондаған күйлер туса, соның бірі – «Қос алқа» күйі. Жеңіс суретші оны да қылқаламына арқау қылған.

…Сенің жаның жүрегіме ораулы,

Менің жаным жаулығыңа түюлі.

Суретшінің «Жалыңа ораулы» суреті осылай ән салдыртады,– дейді.

Бұл мәдениет тақырыбында қалам тербейтін журналист үшін таптырмайтын қасиет. Мәдениет тақырыбында жазудың басты талаптардың біріне жауап бере алады: Кейіпкері туралы мәліметтерге қанық.

Екіншіден, көрменің тақырыбы туралы өзі бірінші жақтан баяндамайды, суретшінің өз атынан баяндатқызады.

Мен – малшының баласымын. Кішкентай күнімнен ат мінген адаммын. Әкем жылқыны қатты жақсы көрген. Маған құштарлық қан арқылы дарыған» деді. Алайда, бұл тақырыпты қырық жастың бел ортасына келгенде, осыдан 4-5 жыл бұрын ғана мықтап қолға алыпты. Содан 2011 жылы Астана қаласының Суретшілер Одағының көрме залында «Сәйгүлік семантикасы» атауымен алғашқы рет көрме өткізген. Былтыр Ұлттық академиялық кітапхананың көрме залы мен Қазіргі заман өнер мұражайында жалғастырды. Осымен сәйгүлік тақырыбына төртінші көрме өткізіп отыр. «Бұл тақырыптың түбіне жеттім, түгестім деп айта алмаймын. Шығармашылығымда «Құстар», «Музыка» сериялары бар. Соларға оралуым мүмкін, бірақ тап қазір жылқылар сериясынан ажырай қоймаспын,– деген Жеңіс Кәкенұлының сөзін келтіреді. Бұл да мақаланың салмағын арттыратын бір штрих.

Осыдан бірнеше жыл бұрын танымал журналист Сәкен Сыбанбай «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында былай дейді:

– Өнертанушылар мәдениет саласы­ның жілігін шағып, майын ішкен мамандар ғой, сондықтан олар кәсіби тұрғыдан мүл­тіксіз, әр эпизод, әр деталь жеке де, тұтас туындының құрамдас бөлігі ретінде де сараланған сауатты еңбек жазады. Есесіне оның жазғанынан мәдени құбы­лысқа қарапайым көрерменнің (оқыр­манның) ракурсынан қарау, шығарманы эмоциялық жағынан қабылдау байқала қоймауы ықтимал. Бұған сыншыларда көбінде шұрайлы тілдің де, қызықтырып жаза білу шеберлігінің де кездесе бер­мейтінін қосыңыз. Ал руханият тақырыбына маман­данған журналист өнер туындысын көбі­несе дәл маман-сыншының деңгейінде, кәсіби түрде талдай алмауы мүмкін, бірақ ол қашанда өзін оқырманның орнына қойып көріп, оны елең еткізерлік айшықты дүние тудыра алады,– дейді.

Расында да, егер өнертанушының кәсіби өресі мен журналистің жазу машығын ұш­тастырса, мәдениет тақырыбында майын тамызып жазатын керемет журналистер шығатыны анық. Ондай әмбебап шеберлер «Астана ақшамы» басылымында мәдениет тақырыбын қаузап жүрген жас журналистердің арасында да бой көрсетіп жүр деген сенімдеміз.

Алмас Тоқабаев
Бөлісу: