«7+1»: қоғамға серпін берер туынды

8 Маусым 2018, 11:51 5269

Қалекидегі премьера

Астана қаласының 20 жылдығына орай Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «7+1» драмасының премьерасын ұсынды.

Спектакль американдық жазушы Кен Кизидің «Көкек ұясының үстінен ұшып өткенде» («Пролетая над гнездом кукушки») атты ең танымал шығармаларының бірі негізінде қойылды. Шығарманы аударған әрі қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков қойылым туралы былай дейді:

«Бұл – психологиялық драма. Кейіпкерлер отбасындағы түсініспеушілік, ата-анадан көрген қысым секілді небір жайттарға байланысты осы ауруханаға келіп түскен. Сол сияқты оларда шизофрения дерті кездеседі. Олардың әрқайсысының өзінің ешкімге ұқсамайтын тағдыры, драмасы бар. Әр адам жалпы бірнәрсеге тәуелді екенін жақсы білеміз. Мысалы, жұмыс барысында барлығы басшылыққа бағынады, кейде отбасында ер адамдар әйеліне тәуелді болып қалады. Бұл жерде олар дәрігердің ықпалынан шыға алмайды. Ал ол өз кезегінде науқастарға қысым көрсетіп, белгілі бір режимге байлап қойған. Күндердің бір күнінде ауруханаға жаңадан науқас келеді де, ондағы қатып қалған ережеге өзгерту енгізіп, ем алушыларға жаңа леп сыйлайды. Әлгі науқастардың өздерінде де бір ұшқын бар.  Осындай жерде жатса да, олар қалған уақытын, өмірін жақсы өткізсем деген оймен өмір сүреді. Қойылымның тағы бір айтар ойы – қандай жағдайға тап болсаң да, адам болып қалу.

Басқа спектакльдерде кейіпкерлер өз сөздерін аяқтаған соң, сахна сыртына шығып, келесі көрініске дайындалып тұрады. Ал бұл қойылымда сол 8 адам, шымылдық жабылғанша сахнадан кетпейді. Жай тұрмай, оқиғаға араласып отырулары қажет. Бір сәт тыс қалса, спектакльдің сәні кетеді. Бұл шығармада әр мінез жеке-жеке жазылған. Актерлердің басқа қырынан танылуына мүмкіндік береді. Адамның ішкі бостандығын, еркіндігін іздеу керектігін ашып айтады. Осы қойылым арқылы бес күндік жалғанда қаншама қиындық туса да, бар ынта-жігеріңмен күресе білу керек деген ойды жеткізгім келді».

Медбике Рэтчед рөлін сомдайтын Алтынай Нөгербек:

"Шығарма бойынша жындыханада жұмыс жасайтын медбикенің рөлін сомдаймын. Жалпы, адамдардың жақсы мен жаман жағы болатыны секілді, бұл кейіпкерім өзін жағымсыз қырынан көрсетеді. Ол арқылы автор қоғамды, ондағы қаталдықты бергісі келген. Медбике Рэтчед менің табиғатыма мүлде қрасы образ. Әрине, осындай қиын мінезді кейіпкерді ашу үшін барымды саламын. Осы рөл арқылы өзімнің жаман жағымды одан сайын тереңдеп зерттеп жүрмін. Бұл рөлдің берері қандай дейтін болсаңыз, әртіс ретінде сенімділік ұялатады, ал адам ретінде кішкене бір қаттылық пайда болған сияқты. Кей кездері өмірде адал, ақкөңіл бола бермей, қатаңдықты іске қосып тұру керектігін түсіндім. Жалпы, қойылымға бір жарым ай дайындалдық.   

Бұл спектакль қазіргі біздің қоғамға өте-мөте керек болып тұр. Осы ауруханадағы келеңсіз жайт арқылы көп нәрсе айтқымыз келеді. Вулкан болып келген Макмерфи секілді біздің де қоғамға бір бұрқасын қажет шығар деп ойлаймын" - дейді.

Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов Макмерфи рөлінде:

Бұл кейіпкер еркіндікті қалайды. Автор осы арқылы адамзаттың еркіндігін бергісі келеді. Оның «мына өмірде тепе-теңдік сақтау үшін, есіңнен адаспау үшін сені қинайтын нәрселерге көнуің керек» дейтін тамаша сөзі бар. Ол ештеңеге қарамай, қатаң режимге де мойынұсынбай алға қарап жүргісі келеді. Барлық қамалды бұзып-жарып тура ұмтылғысы келеді. Жалпы, Макмерфи адамдарды мазалайтын көп сұрақтарға жауап беретін кейіпкер. Әлі күнге дейін бұл шығарма актуалдылығын жоғалтақан жоқ. Әлемдегі ең мықты адамдардың өміріне әсер еткен туындылардың тізімнен Кен Кизидің осы шығармасын көресіз. Шығарма желісімен түсірілген фильм де үздік кинолар қатарында тұр. Міне, енді ана тілімізге аударылып, қазақ сахнасына жол тартпақ. «Қоғамда болып жатқан қыспақтарды театр айқайлап айтпай-ақ, саусағымен көрсетсе жеткілікті» – деген бір сөзді оқып қалғаным бар еді. Біз де, өзіміздің қоғамымызға бір пайдасын тигізсе деп, сахналап жатырмыз - дейді.

Билли – Жанат Оспанов болса, кейіпкерінің кей мінездерін өзінен де көретінін айтады:

Билли кітап бойынша 30-дан асқан менімен шамалас жігіт болғанымен, балалығы кетпеген. Кішкене күнінен қысым көргендіктен, мінезінде психикалық ауытқулар бар. Әрине, ол жындыханада жатып емделетін ауытқушылық емес. Ашуланған кезде ғана, көзге ерсі көрінетін іс-қимылдар жасауы мүмкін. Ол Макмерфидің «Сен мұнда неге отырсың? Сыртқа шығып, қыдырып, көңіл көтермейсің бе?» – деген сұрағына, «Мен сен сияқты мықты болсам, жүрер едім, ішімде сақтамай айтар едім. Күшті емеспін, тіпті төбелесе де алмаймын» – дейді. Осы сөзінен-ақ оның тым жасық екенін білуге болады. Өзімнің рөлім арқылы жасқанбайық, айтқымыз келгенде айтайық дегенді жеткізгім келеді. 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрам Қайсанов көсем Бромден рөлінде:

Менің кейіпкерім қоғамға сыймаған, өз орнын таба алмаған жан. Ол неше ғасыр бойы еркіндікті ту етіп келе жатқан үндістердің ұрпағы. Бірақ, «көсемнің» еркіндікке деген құлшынысы қалып қойған, моральдық тұрғыдан сынған жігіт. Ол осы ауруханада 20 жыл отырған. Барлық аурулар қабылдаған дәріні қабылдаған. Физикалық тұрғыдан өте мығым болғанымен, қоғамды басқарып отырғандардың тарапынан қысым көрген. Өмір сүруге деген құлшынысы жоқ адамға Макмерфи үміт ұшқынын сыйлайды. 20 жыл бойы өзін мылқау боп көрсетіп жүрген Бромден ақыры досының ақыл-кеңесімен қашуға бел буады. Ал, ол кезде Макмерфи жартылай ақылынан айырылған, тірі-өлік адам болып қалған еді. Оның бұл жағдайына шыдай алмаған Көсем, оны о дүниеге аттандырады. Қойылымның айтатын ойы – адамдардың ішкі еркіндікке деген құлшынысы. Қандай жолмен болса да, соған ұмтылуды ұғындырады.

Бір жарым сағатқа созылған қойылым көрермендер көңілінен шықты.

Фото автордікі

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: