Global e-Government Forum 2014

8 Қазан 2014, 13:27

Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары У Хунбо мен Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, сондай-ақ 70 елдің мемлекеььік қайраткерлері, ғалымдар мен АКТ саласының жетекші халықаралық сарапшылары қатысты.

Астанада «Global e-Government Forum 2014» өтті. Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары У Хунбо мен Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, сондай-ақ 70 елдің мемлекеььік қайраткерлері, ғалымдар мен АКТ саласының жетекші халықаралық сарапшылары қатысты.

Форум «Тұрақты даму мақсатындағы ақылды басқару: желілік қоғамдағы серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбына арналды.

Негізгі мақсат – сарапшылар мен мемлекеттік құрылымдар арасында тәжірибе алмасу, ақпараттық қоғам дамуының әлемдік үрдісі мен бұл процеске электрондық үкіметтің ықпалы мәселелерін талқылау. Бұл ретте, Форумда тәжірибесі бүкіл әлемге әйгілі дамыған мемлекеттермен қатар, электрондық үкіметті дамытуда және мемлекеттік қызметті автоматтандыруда алғашқы қадамдар жасап жатқан дамушы елдерге қызықты мәселелер қарастырылды.

Панелдік сессияларда сарапшылар «Ақылды үкіметтің беталысы мен туындайтын мәселелері», «Ақылды үкіметті іске асырудың стратегиялық аспектілері», «Мемлекеттік қызметтерге көп арналы қолжетімділікті қамтамасыз ету», «Халықты мемлекеттік басқаруға қатыстыру», «Цифрлық теңсіздікті қысқарту», «Ашық деректер мен ашық ашық үкімет», «Электрондық қызметтердің эволюциясы» және тағы басқа тақырыптарды талқыға салды.

7 қазанда БҰҰ-ның электрондық үкімет дамуында елеулі жетістікке жеткен мемлекеттерді марапаттау рәсімі өтеді.

Естеріңізге сала кетсек, «Global e-Government Forum» 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Алғашқы екі жылы ол электрондық үкіметтің дамуы бойынша көшбасшы болып саналатын Оңтүстік Кореяда өтті. Қазақстан бұндай ауқымды іс-шараны өткізу құқығына АКТ мен электрондық үкімет саласындағы жетістіктерінің арқасында ие болды. Бұл жетістіктер халықаралық рейтингтерде талай рет белгіленген. Атап айтқанда, биылғы жылы БҰҰ электрондық үкімет дамуы бойынша рейтингісінде біздің ел 2012 жылмен салыстырғанда 10 сатыға көтеріліп, 193 мемлекеттің ішінде 28-орынды иеленді. (бағалау 2 жыл сайын жүргізіледі).

Бүгінгі таңда қазақстандықтар электронды үкімет арқылы 570-тен астам қызмет пен сервистерді қолдана алады. Барлық лицензиялар тек электрондық форматта ғана беріледі, жылдың соңына дейін рұқсат құжаттарды автоматтандыру процесі аяқталады.

Форум ұйымдастырушылары БҰҰ және ҚР Инвестициялар мен даму министрлігі, тең ұйымдастырушы болып «Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ болып табылады.

 

Бөлісу: