Ғалымжан Тоқтар: Қазақ жері ұлан-байтақ

11 Қыркүйек 2017, 13:11 6321

EXPO-ға Шығыстан 16 күнде жаяу жеткен желаяқ Ғалымжан Тоқтармен сұхбат

Әлем жұрты қызығып та, қызғанып та қараған EXPO- 2017 көрмесі сәтті жабылды. Жаһан жұртының алдында қазақ елінің еңсесін көтерген ЭКСПО, көз алдымыздан кино лентасындай өте шықты. Көрме қарсаңында өткен қандайда бір қимыл, іс-шараның емірене еске алатын тұстары көп. Енді ондай елжіреткен сәттерге қайта оралып, кейіпкерлерімен сұхбаттасу сәті келген сыңайлы.

Есіңізде болар өскемендік желаяқ Ғалымжан Тоқтар EXPO-2017 көрмесіне 15 күнде жаяу жеткені туралы ақпаратты отандық БАҚ-тар жарыса жариялаған болатын.  Темір етікті теңгедей, темір таяғын инедей еткен желаяқ Ғалымжанмен әңгім елескен едік.

Алладан ақ жол тілеп ұзақ сапарға бел буғанда, жолға шыққан соң «жете алмай қаламын-ау...» деген қорқыныш болды ма ?

─ Бастапқыда қобалжып, көздеген мақсатыма жете алмаймын-ау деген сәттер болды. Бірақ денем үйреніп алғаннан кейін бірқалыпты жүгіріп отырдым. Астанаға жеткеніме ерекше қуандым.  26 мамыр күні сағат 09:00-де қала іргесіндегі  Қабанбай батыр ескерткіші алдынан Елордаға қарай жаяу аттандым. Әлем көз тіккен EXPO-2017 көрмесін насихаттау ниетімен, мың шақырымнан астам жолды артқа тастап мәреге он алты күнде жетім. Астанаға жете салысымен EXPO-ға аттандым. Шынымды айтсам, халықаралық көрменің көркі бар шаршауымды ұмыттырып жіберді. Тағы бір айтарым, батыр бабаларымыздан аманатқа қалған  ұлан-ғайыр алқапты өз аяғыммен басып өткеніме қуаныштымын. Ұшса қыранның қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын ұлы даланың кеңдігін жүрегіммен сезіндім десем болады.

─ Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?

─ Мен арда Алтайдың Қазақ елімен шекаралас аудандарының бірі Жеменей ауданында 1988 жылы дүниеге келдім. Атамекенге алыстан темір қоршаудың ар жағынан көз тастап жүретін едік, тек 2008жылы атажұртқа оралу бағымызға бұйырып, Өскеменге табан тіредік. Содан бастап шырайлы шығыс жері мәңгілік мекенге айналды.  Осы жерде білім алдым, осы жерде отау көтеріп шаңырақ тіктім. Үш жылдай Өскемен қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор болып жұмыс істедім.

─ Бұрын соңды осындай алыс сапарға  шығып көрдіңіз бе?

─ Ұзаққа жүгіру менің бала кезімнен сүйікті спортым. Таңертең ерте оянып таңғы таза ауада жүгіріп қайтатынмын. Бірақ бұл спортпен кәсіби түрде айналыспағам. Бұрын гір тасын көтерумен шұғылдандым. ХҚКО инспекторы болып жұмысқа орналасқаннан кейін спорттан тіпті алшақтап кеттім. Мұндай алыста, машақаты көп әрі қатерлі сапарға бел байлап жолға шығуым тұңғыш. Десе де адамнан арман таусылмайды ғой. Алдағы уақытта шет елдерде халықаралық дәрежедегі ауқымды шара өтсе, сол шараға да жаяу жүгіріп бару ойымда бар.

 ─ Өзің айтқандай алыста, мехнаты көп қатерлі сапарға шығуға тәуекел ету оңайға соқпаған сияқты. Не түрткі болды?

─ Әрине, көп ойландым. Бар ойым, елімізде тұңғыш рет өткізілген айтулы шараның насихатталуына үлес қосу болды. Сондықтан осындай батыл қадамға бардым. Әйел ердің қабырғасынан жаратылғандықтан қазақ «қабырғаңмен ақылдас» деп жатады.  Мен ұзақ ойланып бір шешімге келгенен кейін, бұл ойымды ең алдымен аяулы жарым Еркегүл Мұхиятқызына айттым. Ол мені қолдады, менің ойға алған мақсатыма жететініме сенді. Әрі маған қолдаушы болып көлікпен ілесіп отырды. Әр тоқтаған сайын тамағымды әзірлеп, денсаулығыма көңіл бөлді. «Жезденің ең жақсысы әкедей-ақ» демекші маған көмек қолын созып,жігер беріп еріп жүрген екінші адам ол менің жездем Ризабек Төкенұлы. Осы екі ет бауыр жақыныма және мені жолай күтіп алып өз көмектерін,қолдауларын көрсеткен барша жанкүйерлеріме алғыс айтамын! Межелеген уақытта Астанаға жеткенім әуелі Алланың бойыма берген күш-жігерінің арқасы. Одан қалды қолдау көрсеткен барша қандастарымның арқасы.

─ Жол-жөнекей қандай қиындықтар кездесті?

─ Азабы ауыр алыс сапарға бел байлаған күннен бастап мың шақырым жолды абыроймен бағындыруды мақсат еттім. Қандай мехнат болса да төзуге өзіме серт еттім. «Жігіт сөзінен, жолбарыс ізінен қайтпас» деген, сондықтан өзіме берген сертіме адал болуға бекігем. Сол себепті де кездескен қиындықтарға рухани жақтан дайын болдым.  Ал жол азабына келсек, әрине жолда түрлі қызық жағдайлар да, қиындықтар да кезігіп жатты. Елді мекенге жеткен уақытта қонақ үйге, жетпей қалған жағдайда далаға шатыр тігіп қондық. Далаға түнеген уақыттарда күн күрт суып, жаңбыр жауып, жел көтеріліп, шатырды ұшырып әкетіп әбігерге салған кездері болды.  Бесқарағай мен Павлодар арасындағы жол жөнделіп жатыр екен. Бұл жағдай жайсыз тиіп, шаң-тозаң біршама кедергі келтірді. Маса, шыбын-шіркей де мазалайды. Соған қарамастан межелі уақыттан қалмауға тырыстым. Таңертең сағат 6-да тұрып, 6:30-ға дейін таңғы ас ішіп, сағат 7-ден жүгіруді бастап кетем. Үзбей бір сағат жүгірген соң, 10 минут тынығып аламын . Бір күнгі жүгіруім шамамен  8 сағат, жүгіру ұзақтығым 60-70 шақырым. Ауа райы қолайлы болған күндері 80 шақырымға дейін жеткізген кездерім болды.  Елордаға жақын сайын аяғыма күш бітті. Алла жол берсе, қос аяқтан қуат кетпесе «Мәңгілік ел» монументіне жетемін деген бойдағы сенімім мол болды. Астанадағы жанкүйерлер, спорт басқармасынан және өздеріңіздей БАҚ өкілдері хабарласып, хал-ақуалымды біліп отырды. Ол кісілердің  күн сайын хабарласып, күтіп отырғаны менің қайратыма күш қосты. Бәрі ойдағыдай жүзеге асты. Бұл еңбегімді елімізді әлемге танытатын үлкен шараға қосқан азда болса үлесім деп білемін

─ Әңгімеңізге рахмет! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!

Бөлісу: