«90+1» кинокартинасы көрерменге жол тартпақ

Бүгiн, 16:26 191

Астанада «90+1» кинокартинасының жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Шараның ашылуында Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев қатысып, отандық киноиндустрияның дамуы мен жаңа спорттық бағыттағы фильмге қатысты ойын ортаға салды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетімізді жаңғырту, тарихи сананы қалыптастыру және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде киноның рөлі ерекше екенін бірнеше мәрте атап өтті. Өйткені кино – тек өнер туындысы ғана емес, ол – ұлттық болмысты айқындайтын қуатты құрал. Осы орайда мемлекет тарапынан әлеуметтік, тарихи тақырыптарды, отбасылық құндылықтарды қаузайтын мазмұнды киножобаларға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл – ел болашағы үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған «90+1» фильмі де осы бағыттағы маңызды туындылардың бірі. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жарыққа шықты, – деді Айдын Қапашев.

Фильм сюжетінде басты кейіпкердің ата-анасы жол апатына ұшырап, оған отбасының тірегі әрі сүйеніші болуға тура келеді. Футбол десе, жанын беретін жігіттің бала күнгі арманынан қол үзгісі жоқ. Туынды шытырманға толы хикаяға негізделген.

«90+1» – бұл тек спорттық драма емес, қандай қиындық болсын, арманға жетуге болатынын көрсеткіміз келеді. Бұл – ата-аналарға да «балаларыңызға сеніңіздер, қолдау көрсетіңіздер!» деген үндеу, – деді фильмнің сценарисі және басты рөлді сомдаушы Қуаныш Керімқұлов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: