90 жасқа толған Әкім Таразидың жаңа кітаптарының тұсауы кесілді

29 Мамыр 2023, 17:38 3123

«Әдебиеттің әкіміне» айналған қабырғалы жазушы, шоқтығы биік драматург Әкім Тарази тоқсан деген торқалы жасқа келіп отыр. Алаш болып атап өтер мерейтойдың аясында жарық көрген он екі томдық шығармалар жинағы және «Ауыл шетіндегі үй», «Мұстафа Шоқай» кітаптарының тұсауы елордада кесілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Салтанатты тұсаукесер кеші ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Кешке қазақтың рухани көшінің бүгінгі абыздары мен аңыздары, қара қаламды жүрек қанына суарған ақын-жазушылары, рухани шырақшылары, өнерге бас иген қауыммен бірге екі бірдей министрлік және халықтың тіл мен жағы болған депутаттар қатысты.

Өткен ғасырдың бұралаң соқпақты, қасіреті қара тасты да ерітер ауыр да қилы заманында туып, көңілі жүдеу, көзі жас болып өскен қарадомалақтар ат жалын тартып мініп азамат болғанда ұлттың көшін бастар серкесіне, рухани көсеміне айналды. Ол қатарда алпысыншы жылдары әдебиет деген аламанға бәйгесін қосып, маңдайы жарқырап көрінген кіл жүйрік бар еді. Кіл жүйріктің ішінде шын жүйріктің бірі – Әкім Тарази басқалардан бөгенайы бөлек, сойлы да ойлы қаламгер болып өзінің оқжетпес биігімен бірден менмұндалап көрінді.  

Жақсы мен жайсаң бас қосқан, сөз өнерінің мерейі тасыған тағылымды тұсаукесерде кеш тізгінін Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ұстады. «Әкім Тарази әлемі» атты рухани кештің әлқисасы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың лед экран арқылы арнайы жолдаған құттықтауымен басталды.

Біріншіден Әкім Тарази жазушы әлемінде өте сирек кездесіп тұратын тұлға. Бұл кісінің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше, бірегей жазушы деп айтуға болады. Әкім Тарази жалпы қалада болып жатқан дүниелер туралы жазады. Урбанизация үдерісіне сәйкес өмірдің қызығы қалаға ауысатын болды. Бұл тұрғыдан алып қарасақ белгілі түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памукқа ұқсайды. Бірақ Памукпен салыстырған кезде Әкім Тарази ағамыз жақсырақ жазады деп айтуға болады. Ол кісінің философиясы өте терең. Тағы бір ерекшелігі бар. Бұл кісі нағыз реалист. Туындыларын жазған кезде оқырмандарды аямайды. Шындықты айтады. Біздің әдебиетімізде осындай жазушылар көп емес деп ойлаймын. Сондықтан Әкім Тарази біздің әдебиетімізде, әлем әдебиетінде өзінің терең ізін қалдырды. Шерхан Мұртаза айтқандай «жазушының көзі -көкірегінде». Әкім Тарази жазушы ретінде, драматург ретінде өмірге көкірегімен, жүрегімен қарайтын жазушы. Сондықтан бұл кісінің орны ерекше. Өкініше орай біз жазушыларымызды шетелге көп паш ете алмай қалдық. Әкім Тарази шетелде көбірек танымал болады деп ойлаймын. Себебі бұл кісі дүниежүзіндегі ең жоғары сыйлықтарға лайық, – деген мемлекет басшысы өзінің ақжарма тілегін, әділ бағасын берді.

Бұл тұсаукесер – Әкім Таразидың 90 жас мерейтойы аясында өтетін биылғы іс-шаралардың алғашқысы. Салиқалы рухани кеште сүбелі ойлар, келелі пікірлер айтылды.  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік, Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, жазушы Шәрбану Бейсенова сияқты қазақ мәдениеті мен руханиятына аянбай тер төгіп келе жатқан зиялы қауым сөз сөйлеп, «Әкім Тарази әлемін» тереңірек аша түсті.

Классик жазушы Төлен Әбдік әңгімені арыдан қозғап, Әкім Таразидің биік болмысын ашып, үзеңгі жолдастарына тоқталып, сол заманның ауанына да аялдай кетті.

Әкім ағаның ең жақын достары болды. Ол Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов. Бұл өте сауатты, мықты ұрпақ еді. Сондай топтың басында болды. Қазақ әдебиетінде қоғамды сынау, адамды сынау, сын көзімен сыншыл реализмге бет бұру дегенді бастаған кісі біздің Әкім ағамыз. Бұл кісі әр жанр саласында үлкен жетістікке жеткен адам. Прозасы бір бөлек. Драматургиядағы еңбегі де өте үлкен. Қазақтың драматургиясын үлкен биікке көтерген адам, – деді Төлен Әбдік.

Сонымен бірге  кино саласындағы ерен еңбегін, адамгершілік қасиетін де тілге тиек етті. Абыройлы тоқсан жасына жүрегінен ақтарылған ізгі тілегін жеткізді.

 

 

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: