12 Сәуір 2016, 16:54
Арулардың шуақты мерекесінің қарсаңында 8 наурыз туралы қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз
Бұл мереке теңдік үшін күрескен жұмысшы әйелдердің арқасында дүниеге келген. «Халықаралық әйелдер күні» идеясы Клара Цеткинге тиесілі. ХХ ғасырдың басында Клара өзінің құрбысы Роза Люксембургпен бірге өзге қыз-келіншектерді алаңға шеруге шығуға шақырған. Олардың бар көздегені – әйелдер проблемасына көптің назарын аударту еді.
Арулар мерекесі Ежелгі Римде де атап өтілген. Бұл күні римдіктер өз жұбайларына сыйлық жасап, тіпті демалыс берілген екен. «Құлға да бір күн демалыс» деген осы!
1912 ж. әйелдер қауымы өз мерекесін 12 мамырда тойлаған. Арулар меншікті мейрамын тек 1914 ж. бастап 8 наурызда атап өтуге көшіпті.
Кеңестік кезеңде 8 наурыздың басты гүлі мимоза болды. Бірақ, Әйелдер күні десе, бірден есімізге күміс түстес қараған түседі. Қараған мимоза тұқымдас өсімдіктердің қатарына жататындықтан, жұрт та гүл мәселесінде жаңылысып қалғанға ұқсайды.
1914 ж. 8 наурызында Кеңес одағында «Жұмысшы» журналының алғашқы нөмірі жарық көрді. Ал, 1950 жылы әйелдер күнінде КСРО атом бомбасының бар екенін айтып, жар салды. Ең қызығы, «Жұмысшы» журналы әлі күнге дейін бар.
1910 жылдың 8 наурызында француз Элиз де Ларош әлемдегі аэроплан басқаратын тұңғыш әйел-ұшқыш атанды. Бұл атақтың дәл сол күні берілуі жай ғана кездейсоқтық болды. Өйткені, ол кезде әйелдер мерекесі тойланбайтын еді.
Мереке әлемнің көптеген елдерінде тойланады. Олар: Армения, Әзербайжан, Ауғанстан, Беларусь, Буркина-Фасо, Вьетнам, Гвинея-Бисау, Грузия, Замбия, Қазақстан, Камбоджа, Қырғызстан, Кирибати, Қытай, Коста-Рика, Куба, Лаос, Мадагаскар, Молдова, Моңғолия, Непал, Ресей, Сербия, Тәжікстан және т.б
Мадагаскарда 8 наурыз күні тек қыз-келіншектер ғана демалады, ер азаматтар жұмыс істейді. КСРО-да «Халықаралық әйелдер күнінде» демалу үрдісі 1966 ж. бастау алған. Оның алдында әйелдер мейрам кезінде де жұмыс істеген екен. Бір қызығы, 8 наурыз Сирияда – Революция күні, Замбияда – Жастар күні, Малайзияда – сұлтан күні, Либерияда – құрбандарды еске алу күні екен.
Әзірлеген – Жансая Төлеген
Деректер flamingo.ru сайтынан алынды