85 мың теңгеге өмір сүре аламыз ба?

13 Қыркүйек 2023, 15:38 25320

Қазір 85 мың теңге деген қоғамда «хит» тақырыптардың біріне айналып тұр.  Шын мәнінде 85 мың теңгеге өмір сүруге бола ма? Бұл ақшаға қанша азық-түлік алуға болады. Осы сұраққа El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі жауап іздеп көрді.

Әңгіме неден басталды? Тамыз айында кітапханашылармен кездесуде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев 85 мың теңгеге өмір сүруге болады дегенінен шықты. Өйткені елімізде осындай жалақы алып жүрген қаншама кітапханашы бар екен.

Одан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Президент бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді деп айтты. 

Күнкөріс деңгейі – ең төменгі тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға бір айға қажеттi ең аз ақшалай кiрiс. Бұл ақша адамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажет.

Тұтыну себеті азық-түлік себетінен және азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтердің үлесінен құралады.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 43 407 теңге. Бұл биылғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп. 2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге болды. Төменгі күнкөріс деңгейінің ең жоғары мөлшері Маңғыстау облысында: 62 мың теңге. Одан кейін Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары тұр. Ал қалған 16 өңірде ең төменгі күнкөріс деңгейі орташа республикалық мәннен төмен.

Осыдан 7 жыл бұрын Ұлттық экономика министрі тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларын бекітті. Айына бір адамға шаққандағы негізгі өнімдерді тұтынудың минималды мөлшерінің кестесін мына жерден көруге болады.

Қазақстанда алғашқы азық-түлік себеті 1998 жылы бекітілді, ол уақытта оның құрамына 20 өнімнің атауы енген. 2005 жылы себет қайта қаралып, азық-түлік түрлері 43-ке дейін толықты. Ал қазір  64-ке жеткен. Кейбір дамыған елдерде 300-ге жуық өнім түрі енеді екен. Ал Германияда себетке 475 өнім кіреді. Британиялықтардың ең төменгі тұтыну себетінде аққайнар мен шарап та кездеседі.  АҚШ – та күнкөріс себетінен coco-cola сусынын да байқауға болады.

Енді 85 мың теңгеге тоқталсақ, осындай жалақыға бір ай өмір сүруге бола ма? Депутат Ринат Зайытовтың қарапайым арифметикалық санауына сүйенсек, азық-түлік себетіне – 55 615 теңге керек екен.  Бірақ ол етті қоспады. Мысалы, елімізде сиыр етінің орташа бағасы келісіне 3 мың теңге. Жылқының еті 4 мың теңгеден асады. Депутат бұған ай сайынғы кредит төлемі, жол жүру шығындары,  коммуналдық төлемдері, ұялы байланыс, интернет тарифі,  балабақша шығындарын қосқан. Сонда 254 215 теңге шыққан.

Дәрі-дәрмек пен киім және кеңсе құралдарын, ойыншық, жиһаз, техникаға ақша жетпейді. Азық-түліктен сиыр, қой етін, жеміс-жидек, сары май, балық мүлдем жемейді және крем, шампунь мен су сабынды мүлдем қолданбайды деген сөз. Төменгі айлықты қалай есептедіңіздер және оған осы отбасы қалай күн көреді? - деді Ринат Зайытов.

Ал экономист Мақсат Халық ең төменгі айлық кемі 112 мың теңге болу керек деп санайды.

Ол – әлемдік тәжірибеде бойынша орташа жалақының үштен бір бөлігі. Ал бізде орташа жалақы, соңғы мәліметтер бойынша 360 мың теңгеге жақындады. Олай болса, ең төменгі жалақы 120 мың болады деген сөз. Егер осылай болса, едәуір халықтың әлеуметтік жағдайын кішкене болсын көтерілуіне септігін тигізе аламыз деп есептеймін, – дейді Мақсат Халық «Naqty» газетіне берген сұхбатында.

2023 жылы ең төменгі жалақы 70 мың теңге болды. Блогер  Глеб Пономарев елдегі ең төменгі жалақы 1 айға жетеді ме деген сұрақпен эксперимент жасап көрген болатын. Эксперимент 1 ай емес, 13 күнге ғана созылған, себебі 70 мың теңгенің жеткен жері осы.

Блогердің 13 күндегі шығындары мынадай болған:

Коммуналды шығын – 15 000 (21,4%);

Азық-түлік – 32 032 (45,7%);

Тұрмыстық химия – 2285 (3,2%);

Шаш қию – 4000 (5,7%);

Ұялы байланыс – 2 490 (3,5%);

Жолға – 480 (0,6%);

Дәріге – 15020 (21,4%) (дәрі-дәрмек құны бюджеттен асып түсті).

Блогер эксперимент барысында өмір сүру деңгейін барынша төмендеткенін айтты.

Эксперимент барысында өмір сүру деңгейім барынша төмендеді. Ешқандай мекемелер, ойын-сауық, фитнес залдары, кинотеатрлар жоқ. Экспериментке кем дегенде бір баланы немесе киім-кешек сатып алуды, несие секілді заттарды қоссам қаржы 2-3 күнде бітер еді. 70 мың теңгеге тіпті бір адамның өмір сүруі мүмкін емес. Денсаулық пен психикаға үлкен зиянмен күн санап аман қалу ғана мүмкін шығар. Өкінішке қарай, қоғамның басым бөлігі осылай өмір сүріп жатыр, – дейді Глеб Пономарев.

 

Алмас Абылай
Бөлісу: