800 орындық екі колледж ашылады

3 Шілде 2015, 08:38

2016 жылы елордада 800 орындық екі колледж ашылады

Бүгін елордада әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Мәслихат депутаттары Астанадағы орташа арнайы білім беру мәселелерін талқылап,  бас шаһардағы кәсіптік және техникалық білім беруді дамытудың  мәселесін сөз етті.

Астана қаласы Білім басқармасы басшысыны Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, бүгінгі күні елордада 35-ке жуық техникалық және кәсіптік білім беру оқу орны жалпы саны 28 мың адамды білім нәрімен сусындатып отыр. 2016 жылы әрқайсысы 800 орындық екі колледж пайдалануға берілмек. Олардың әрқайсысына 300 орындық жатақхана салынатын болады.

– Бүгінгі күні кәсіпорындар мен оқу орындарының жұмысшы кадрлар мен техникалық мамандарды дайындау жүйесін дамытудағы әлеуметтік серіктестікк артып келеді. Мәслихаттың шешімінен кейін Білім басқармасы Дуальді оқытудың жол картасын және кадрлар дайындау жүйесінің әлеуметтік серіктестігі шарттарын жасады. Дуальді білім беруді ұйымдастыру бойынша кәсіпорындармен 8 меморандумға және 20 келісімге қол қойылды. 10 колледжде дуальді оқытуды енгізуге арналған тәжірибелік алаңдар құрылды, дуальді әдіс енгізілген мамандықтар негізінен құрылыс, теміржол, техникалық және электр энергиясымен қамту салаларының мамандықтар, – деді Қ. Сенғазыев.

Дуальді жүйе дегеніміз – оқушыны оқу орны мен өндірісте қатар оқыту.  Яғни, оқушы тек кітаптан оқып-тоқи бермей, өндірісте сол білімін іс-тәжірибе ретінде сынап көруі қажет.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Дуальді кәсіптік білім беруді дамы­тудың маңызы зор. Бұқаралық маман кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін заманауи қолданбалы біліктілік орталықтары қажет» деп, бұл жүйені кеңінен енгізуге нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, қалған 20 колледжде де дуальді оқыту элементтері енгізіліп, кәсіпорындар базасында оқу кабинеттері ашылған.

Елордада кәсіптік бағдарлау саласында бөлек жұмыстар жүргізілуде. Жоғары сынып оқушылары арасында сауалнама жүргізуден басқа, Білім басқармасы жыл басынан бері арнайы мобильді қосымша әзірледі. Қосымшаны мобильді телефонға жүктеген оқушы арнайы тесттен өтіп, өзіне лайық мамандықты анықтай алады. Арнайы бағанада оқушы өзі таңдаған мамандық бойынша өзі қалаған колледжде сынақ оқудан өте алады. Мобильді қосымша кеңінен қолданылып келеді. Жоба іске қосылғалы 5112 рет жүктеген.

Мәслихат депутаттары түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша үйлестіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне назар аударды. Жас педагогтарды орташа арнайы оқу орындарына  тарту мәселесі маңызды болып қалуда.


Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

Бөлісу: