80 мың адамға арналған стадионда Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті

23 Қыркүйек 2023, 18:47 9997

Қытайдың Ханчжоу қаласында ХІХ жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ашылу салтанаты 80 мың көрерменге арналған Үлкен Лотос стадионында өтті. Кеш үш тақырыпқа бөлінген. Біріншісі – «Ұлттық әдет-ғұрыптың жемісі», екіншісі - «Цзянтан өзеніндегі толқын», үшінші - «Біз қол ұстасып жүреміз». 

Жалпы, салтанатты шара Қытай мен Азияның, Қытай мен бүкіл әлемнің үйлесімін көрсететеді. Одан бөлек, дәстүрлі қытай мәдениетінің келбеті мен мерекесін біріктіретін негізгі нышан ретінде «суды» пайдаланады.

Бір қызығы, отшашулар цифрлық жағдайда ұйымдастырылған.  

Салтанатты шараға Қытай Халық Республикасының төрағасы Cи Цзиньпин, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах және бірнеше елдің басшылары қатысты.

Қазақстан туын бокстан 2023 жылғы әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионатының қола жүлдегері Надеда Дубовицкая алып жүрді.

Сары құрлықтың басты бәсекесі 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. 4 жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің атынан 524 атлет қатысады. Олар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін таласады. Айта кету керек, Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері Азия ойындарына сегізінші рет қатысқалы отыр.

Жарыстарға 3 миллионнан астам билет сатылған.

Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.

Алмас Абылай
Бөлісу: