715 мыңнан астам адамға тегін заң көмегі көрсетілді

26 Желтоқсан 2022, 12:31 2568

ҚР аумағында 48 Заң консультанттар палаталары тіркелген. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Әділет вице-министрі Алма Мұқанова тілге тиек етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, мемлекет кепілдік берілген заң көмегі тегін негізде алуға құқығы бар жеке тұлғаларға көрсетілетін заң көмегі.

«Оны көрсеткені үшін шығыстар мемлекеттік бюджеттен өтеледі. Білікті заң көмегі қазір азаматтық қоғамның маңызды құрамдас бөлігінің бірі. Бұған дәлел білікті кәсіби заңгерлердің қызметі. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Әділет министрлігі заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, заң көмегін жетілдіруге және оның тіиімділігін арттыру бойынша жұмыстар атқаруда», - деді.

Сондай-ақ, спикер заң көмегі құқықтық ақпараттандыру, құқықтық кеңес беру, соттарда, тергеу органдарында, мемлекеттік органдарда және басқа да ұйымдарда қорғау және өкілдік ету түрінде көрсетілетіндігін айтты.

«Мемлекеттік кепілдік берген заң көмегі құқықтық кеңес беру, соттар мен қылмыстық қудалау органдары мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке және заңды тұлғаларды қорғау мақсатында тегін адвокаттық кеңестер көрсетіледі. Тегін көрсетілетін көмек сапасыз деген пікір бар. Алайда көмек азаматтар үшін тегін, бірақ төлемді мемлекет төлейтіндігін атап өткен жөн», - деді ол.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқылы тұлғалар ағымдағы жылдың маусым айына дейін құқықтық кеңес беру түріндегі мемлекеттік кепілдік берген заң көмегі шектеулі адамдар оның ішінде, алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселесі бойынша жеке тұлғалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға тағы басқаларға көрсетілгенін тілге тиек етті.

«ҚР аумағында 48 Заң консультанттар палаталары тіркелген. Мемлекет бойынша заң консультанттарының жалпы саны 13 010 адамды құрайды. Қазіргі уақытта республика бойынша адвокаттық қызметті 5 879 адвокат жүзеге асырады. Әділет министрлігі мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу мөлшерін ұлғайту мәселесін талдауда. Заң іске асырылған сәттен бастап бүгінгі жағдай бойынша 715 мыңнан астам адамға тегін заң көмегі көрсетілді», - деді ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: