709 мың теңге: қай мамандықтарға ең көп жалақы ұсынылды

8 Сәуір, 12:25 436

ЕХӘҚМ мәліметінше, 2025 жылдың наурыз айында біліктілік деңгейі бойынша жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік сақталды: жоғары білікті мамандар бос жұмыс орындарының 37 пайызын құраса, олар түйіндеменің 32 пайызын ғана құрайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен бірге біліктілігі жоқ жұмысшылардың еңбегіне деген сұраныс 14% құрады, ал олардың ұсынысы барлық түйіндемелердің 28%-ына жетті.

Өңірлік бөліністе ақпан айымен салыстырғанда орналастырылған бос орындар санының едәуір төмендеуі Шығыс Қазақстан облысында – 12,9 мыңнан 4,5 мыңға дейін (65%-ға төмендеу), Ақтөбе облысында – 3,8 мыңнан 2,7 мыңға дейін (-28%) және Атырау облысында – 3,5 мыңнан 3,1 мыңға дейін (-12%) тіркелді.

Жалпы төмендеуге қарамастан, Алматы облысында жұмыс берушілер белсенділік деңгейін бұрынғы деңгейде сақтап қалды: наурызда 3,4 мың (-6%), ал ақпан айында 3,7 мың бос жұмыс орны орналастырылды.

Ұсыныс тарапынан белсенділіктің төмендеуі де байқалды. Бұл ретте түйіндеме санының ең көп қысқаруы Алматы облысында – 10,2 мыңнан 7 мыңға дейін (-31%) байқалды. Сонымен қатар, Атырау облысында түйіндеме саны – 7,4 мыңнан 5,8 мыңға дейін (-22%) және Ақтөбе облысында – 6 мыңнан 5 мыңға дейін (-17%) төмендеді. Сонымен қатар, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында төмендеу аз байқалды (15% шегінде), - делінген мәліметте.

Наурыз айының қорытындысы бойынша PR-менеджерлер (3,9 мың бос жұмыс орны), медбикелер/мейіргерлер (1,7 мың бос жұмыс орны) және санитарлар (1,6 мың бос жұмыс орны) сұранысқа ие мамандықтардың қатарына енді. Сонымен қатар, автобус жүргізушілеріне (+302 бос жұмыс орны), саудагерлерге (+253 бос жұмыс орны) және сатушы-кеңесшілерге (+189 бос жұмыс орны) сұраныс артты.

Бос жұмыс орындарында ең жоғары жалақы бас құрылысшыларға (орта есеппен 709 мың теңгеден бастап), ұңғымаларды жөндеу шеберлеріне (700 мың теңгеден бастап) және бұрғылау инженерлеріне (597 мың теңгеден бастап) ұсынылды, - қосты министрлік.

Ең көп жалақыны өнеркәсіптік жабдықтар бойынша механик (орта есеппен 1,6 млн теңгеден бастап), IT саласындағы ғылыми қызметкер (1,4 млн теңге) және өнімді әзірлеу жөніндегі жобалар жетекшісі (1,3 млн теңге) лауазымдарына үміткерлер сұрады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: