19 Тамыз 2014, 04:39
Ұлы Дала (соның ішінде батыс өңірдегі Үйсін ұлысының аумағын кіндік еткен тұс) - арыдағы адамдардың Шығыс Африкадан қоныс аудара келген алғашқы жұрты.
Қазіргі ғылымда, адамзаттың ортақ тұқиянының бұдан 7-5 миллион жылдар бұрын Африкада пайда болғанына талас жоқтың қасы. Жуықта археологиялық қазба жұмыстарының Эфиопиядан (Айтопия немесе Абиссиния) бұдан 4 миллион 400 мың жыл бұрын жерленген əйел мəйітін табуы да сөзімізге мысал. Адамзат эволюциясының ең таяуғы сатысы - осы заман адамдарын да қамтыған ақылды адамдар (Homo Sapiens) сатысы. Оның көнетас дəуірінің орта шеніне (бұдан 250 – 40 мың жыл бұрынғыға) тəндері ерте кездегі ақылды адамдар (ертедегі адамзат) саналады да, одан бері өткендері кейінгі кездегі адамдар (анатомиалық құрылымы жағынан осы заман адамдары) делінеді.
АҚШ-тың атақты биологы, артына “Біз бір тұқиянның ұрпағымыз. Бізді тек қана уақыт ағыны айырған” деген сөз қалдырған А. Вилсон (Allan Wilson) марқұм 1967 жылдан бастап, гендік шұғыл өзгерісті “молекулалық сағат” ете отырып, адамзат эволюциясын зерттеді де, 1980 жылдардың басында дүниені дүр сілкіндірген “Һауа теориясын” көтерді. Ол бойынша, адамзаттың (неантроптардың) тұқияны “бұдан 200 мың жыл бұрын өмір сүрген бір африкалық əйел” екен.
Иə, мұны ғалымдар жалғасты зерделей жатар.
Əйтеуір олардың бір ортақ пікірі бойынша, Жер шарының өзге тұстарында пайда болған адам тəрізді тұрғындар белгісіз себептен қырылып кеткен сықылды да, Шығыс-солтүстік Африкадағы алғашқы адамдар ғана мықтап өсіп-өнген көрінеді. Сосын, ең бері дегенде мөлшермен бұдан неше онтүмендеген жылдың алдында, бұл адамзат (адамсымақтар емес, нағыз неантроптар) Шығыс Африкадан Жер шарының өзге тұсына көшіп тарала бастаған.
Бұл туралы аңыздар да көп. Бірақ оларға көп орын бермей-ақ қояйық. Тек аңыз барына дəлел ретінде мыналарды еске сала кетуге болар. Бірі - əлемге əйгілі Нұх пайғамбар туралы аңыз. Оны тəптішті айтпасақ та, оқиғаның Ніл өзенінің бұрын- соңды болмаған ғаламат тасуынан туылған көш деуге реті келетін шығар. Енді бірі - б. з. б. ІІІ ғасырдан жеткен “Шанхайжиң” (тау-теңізнама) дейтін қытайша кітап бар. Бұл - мифтік аңыздарға лық толған ең байырғы география. Иə, география ғана да емес. Ежелгі тарих, емшілік, ұлт, салт, дін, аңыз жəне тағы басқаларға да сіресіп тұр. Бұлардан сырт «Шанхайжиң», уақыт бойынша емес, регион бойынша баяндалған, Қытай жерінде кезікпейтін, тіпті түсіндіру де қиын бір қызықтыестелікті ұсынады. Естелік оңтүстіктен басталады. Сосын батысқа тартады. Одан солтүстікке беттейді. Соңында құрлыққа (“тоғыз ықлымға”) жетеді. Оның айналасы теңіз дейді... Қара адамдар туралы сөйлей келіп, əр қолында бір жылан, сол құлағында көк, оң құлағында қызыл жыланы бар дегенді айтады (Ер төстіктің жылан патшалығына барғанын да еске ала отырыңыз). Ергежейлілер туралы сөз болады. Кей ғалымдар мұны біз айтып отырған көшке байланыстырып, ергежейлілерді əлгі құрып кеткен əр тұстың алғашқы адам тəрізділері болар деп межелеседі.