6 шілде – елорда күні

6 Шілде 2022, 08:56 3680

Осы жылы Ақмола қаласының Астана атауын алып, елорда болғанына 24 жыл

6 шілдеде қазақстандықтар астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласы күнін мерекелейді, – деп хабарлайды El.kz.

Осы жылы Ақмола қаласының Астана атауын алып, елорда болғанына 24 жыл. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы – еліміздегі маңызды оқиғалардың ордасы. Сонымен қатар, елордада республикалық және халықаралық айтулы іс-шаралар мен кездесулер өтіп тұрады. 

Солардың бірегейі – әр үш жыл сайын өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, 2011 жылы өткен қысқы Азиада ойындары, Сирия мәселесіне арналған «Астана процесі» және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. 

Бұған дейін елордамыз ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшіліктің қаласы» атағына ие болды. Тарихқа көз жүгіртсек... 1997 жылы 20 қазанда астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойылды. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 

1998 жылы 10 маусымда елордамыз – Астана қаласының халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. 2008 жылы 6 шілде «Астана күні» мемлекеттік мереке ретінде тізімге енді. 2019 жылы 23 наурызда Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді. «Астана күні» жыл сайын мемлекеттік деңгейде кеңінен аталып өтеді. 

Биыл да елорда әкімдігі қала күніне орай бірқатар іс-шара ұйымдастырды. Атап айтсақ, 4-6 шілде күндері сағат 12:00-ден кешкі 22:00-ге дейін орталық саябақта «Mereke Street» фестивалі өтеді. Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарының «Барыс», «Астана» футбол клубы және «Астана» баскетболшылар командасының танымал спортшыларымен суретке түсіп, автограф алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама қарастырылған. 

Мереке күні Есіл жағалауында «Creative Summer» жобасы ұйымдастырылады. Аталған шарада шығармашылық ұжымдар, вокалистер мен аниматорлар өнер көрсетеді. 6 шілде күні елордадағы «Қазанат» ипподромында «Елорда бәйгесі» республикалық ат жарысы өтеді. Қала күніне орай ұйымдастырылған жарысқа еліміздің барлық өңірінен 150-ден астам спортшы қатысады. Айта кетсек, биыл қала күніне орай мерекелік отшашу болмайды. Ол туралы елорда әкімдігі хабарлады.

Бөлісу: