6 тілді меңгерген шымкенттік полицейге Түркия азаматы алғыс айтты

28 Мамыр, 02:38 707

Түркия азаматы шымкенттік полицейге алғыс айтты. Тәртіп сақшысы жолда адасып кеткен шетелдікке көмектескен. Полиция қызметкері 6 тілді жетік меңгерген, деп хабарлайды Polisiа.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Полиглот тәртіп сақшысы Нұрдаулет Елгелдиев қаланың қарбалас көшелерінің бірінің бойында тұрған жүк көлігін байқап, жүргізушіден мән-жайды сұраған. Ер адам Өзбекстанға баратын жолды таба алмағанын айтқан. Патрульдік инспекторлар жүк көлігін қала шекарасына дейін шығарып салып, әрі қарай жүру маршрутын түсіндірген.

Шымкент қаласының полицейлеріне үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Рақмет, достар! Мен қала ішінде адасып кеткен едім, полиция қызметкерлері маған көмектесті, жол көрсетіп, шығарып салды, – дейді шетелдік ІІМ инстаграм парақшасына жолдаған бейнежазбасында.

Полиция қатарында 8 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Нұрдаулет Елгелдиев қазақ және орыс тілдерінен бөлек түрік, ағылшын, өзбек және қырғыз тілдерін жетік меңгерген.

Мектеп кезінен бастап маған әртүрлі тілде сөйлеу ұнайтын. Бұл тілдерді үйрену маған қиынға соқпады. Түркияда 4 жарым жыл оқыдым. Елге оралып, заңгер мамандығына түстім, – дейді тәртіп сақшысы.

6 тілді білетін полицей бұған дейін де бірнеше шетелдікке көмек көрсеткен екен.   

Перизат Саденова
Бөлісу: