5G әлемді қалай өзгертеді?

21 Қазан 2022, 14:38 2699

5G-дің мүмкіндігі 4G-мен салыстырғанда 100 есе, тіпті 1000 есеге дейін жоғары болады. Мамандар секундына 10 гб-ға дейін ақпарат алмасуға болатынын айтады.

Әлем төртінші өнеркәсіптік революцияның алдында тұр. Заманауи жоғары технологиялымен жүзеге асатын құндылықтар жүйесінің негізгі драйвері – 5G. Бұл – сарапшылардың ортақ пікірі.

 2019 жылы Германияның Мюнхен қаласында өткен халықаралық конференцияға АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс қатысып, Қытайдың Huawei телекоммуникация компаниясы кибертыңшылық қызмет атқаратынын мәлімдеп, еуропалық әріптестеріне сақ болуға шақырды. АҚШ билігі Huawei ұсынатын әлеуметтік пакеттерден бас тартуды талап етіп қана қоймай, халықаралық санкция салғаны белгілі.

Америкалық саясаткердің секемденуі – заңдылық. Бүгінде Вашингтон долларды әлемдік валюта ретінде қолданып, жаһандық қаржы секторын уысында ұстап отырса, ендігі уақытта 5G кімде болса, сол әлемнің қожайынына айналады. Келешектегі соғыстар әуе күштері арқылы бомбалау немесе ядролық соққылар арқылы шешілмейді, интернетті өшірумен жүзеге асады.

Философ Гай Олмес: «Біздің әлемде өлімнің үш түрі бар: біріншісі – жүректің тоқтауы, екіншісі – мидың өлуі, үшіншісі – интернеттің өшуі» деп интернеттің күш-қуатын әйгілейді.

Аса жоғары жылдамдықты интернет – ақпараттық-коммуникациялық технология, IT саласының дамуына және мемлекетті цифрландыруға үлес қосады. Мәселен, білім беру – қашықтықтан оқыту, соның ішінде VR-көрсетілімді қолдануға кең мүмкіндік береді. Телемедицина – тікелей уақыт режимінде қашықтан тұрып ота жасауға және өнеркәсіп – робот көмегімен қысқа уақытта өндіріс көлемін еселеп арттырады. Ауылшаруашылығы – қашықтықтан техниканы басқару және егіс алқабына мониторинг жүргізу жанданады. Жүргізушісіз автомобильдер кептелісте тұрып уақыт жоғалтпайды.

Қысқасы, ақылды қалалардағы мыңдаған аса маңызды инфрақұрылымдық жүйені қамтамасыз етіп, ғарышты бағындыру және зерттеу, ғылым мен инновация, білім мен медицина саласының дамыту 5G-сіз жүзеге асыру мүмкін емес. Яғни жеке адамның өмірі ғана емес, тұтас мемлекеттің тағдыры жоғары жылдамдықты интернетке байланады. Өйткені сымсыз технология – 5G-дің мүмкіндігі 4G-мен салыстырғанда 100 есе, тіпті 1000 есеге дейін жоғары болады. Мамандар секундына 10 гб-ға дейін ақпарат алмасуға болатынын айтады.

Қазіргі әлемдегі соғыстар технологиялық соғыстың басы екенін білдіреді. Қытайда басталған коронавирустық инфекцияның таралуы империялық елдердің жоғары технологияға ие болудың талас-тартысының бір айласы дегенді қолдайтындар да көп.

2015 жылдан бастап әлемнің озық елдері заманауи байланыс құралын жетілдіруде ізденіп, жүзеге асыруға кірісіп кеткен-ді. 2018 жылы интернет қолданушылары асыға күткен 5G технологиясын Қытай сынақтан өткізіп, 2019 жылы жаппай қолданысқа енгізді. 2019 жылы Оңтүстік Корея да жоғары технологияны іске қосты. Бүгінде АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея бұл салада көшбасшылық үшін күресуде.

Жоғары жылдамдықты интернет адамның өмір сүру сапасын жақсартатын барлық салаға аса қажет екенін және озық елдер өндіріске енгізіп жатқанын жаздық. Бірақ мобильді телекоммуникацияның қызметі мен міндетін мұнымен ашылды дей алмаймыз.

Иә, толық метражды фильмді 10 минутта емес, 10 секундта жүктеп алуға мүмкіндік алдық. Ақылды қалаларды іске қостық. Пилотсыз көліктер өмір шыңдығына айналды. Ауылшаруашылық IoT құрылғылары фермерлерге ылғалды, топырақ жағдайын және өсімдіктердің тіршілігін дәлірек өлшеуге, ауа райы жағдайын дәлірек болжауға мүмкіндік береді, сондай-ақ мал шаруашылығында датчиктер малдың жетілуін қадағалап, саулығын бақылайтын болады. 5G фермерлерге жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті арттырады.

Болды ма? 5G-дің мүмкіндігі осы ғана ма? Көпшілікті осы сұрақ мазалайтыны анық.

Шынында, жоғары жылдамдықты интернеттің негізгі міндетін мұнымен шектей алмаймыз.

Ғалымдар 5G ақылды немесе ұшқышсыз көліктерді дамытып қана қоймай, смарт жолдармен, бағдаршамдармен, автотұрақтармен қоса өмірге енгізетінін, тіпті бір пункттен екіншісіне бару үшін сағаттап уақыт жоғалтпай, әп-сәтте жетудің мүмкіндігін ашатынын айтуда. Виртуалды өмірде бәрі мүмкін, алайда шынайы өмірде бұл – адамның ақылына сыйымсыз дүние. Кім білсін, бірнеше минутта Астанадан Лондонға жетіп, әрі қарай Нью-Йоркке асып, әлемді аралып жүретін кез келер. Бұған 5G-дің мүмкіндігі жетпей, бәлкім, 7G-дің игілігін жақын арада көретін болармыз. Әлемнің дамыған, ойлы елдері осындай ауқымды жобаны жүзеге асыруға кірісіп те кетті.

5G мүмкіндігі мен міндетін медицина саласымен байланыс­тырып, талдауға әбден болады. Сеулдегі Samsung ауруханасы инновациялық технология – 5G іске қосты. Оның көмегімен дәрігер биопсиялық суретті секундына 1 гигабайт орташа жылдамдықпен оңай және жылдам ала алады. Бұл аурухананың әртүрлі ғимаратындағы дәрігерлер тест нәтижесін жылдам қарап, тез диагноз қоюға мүмкіндік береді. Бұған дейін дәрігерлер сынақ нәтижесін алу үшін ғимараттар арасында жүріп, көп уақыт жоғалтып, кей жағдайда науқастың жағдайы нашарлап қалатын.

Қытайдың Сычуань провинциясындағы университеттік аурухана 5G медициналық желісін іске қосып, «ақылды ауруханаға» айналғанын хабарлады. Медицина саласында төңкеріс жасау мүмкіндігіне ие 5G арқылы смарт-есептеу, смарт-анализге қол жеткізіп, ағзалардың гендік трансформациясын жетілдіруге септігі тиеді.

АҚШ-тағы заманауи жүйенің AI директоры Раб мырзаның сөзінше, 5G арқылы хирург-оператор науқастан ондаған шақырым қашықтықта болуы мүмкін және хирургиялық роботтарды, виртуалды шындықты және тактильді қолғаптарды қолдану арқылы ең күрделі операцияларды сәтті орындап, тіпті адамның азға-мүшелерін алмастыруға қол жеткізе алады. Адамзаттың «ажалсыз адам» арманын осылай жүзеге асырмақ.

Міне, озық елдердің 5G енгізуге жанталасып жатқанының бір сыры – осында. Сондықтан ағылшын жазушысы Эндрю Браун «Интернет – өте ауқымды, зор күш ие құрал. Тіпті кейбір адамдар үшін өмірді алмастыратын сервиске айналды» деген болар.

 

Нұрлат Байгенже
Бөлісу: