50 жыл бұрын 2014 жылға қандай болжамдар жасалған еді?

4 Наурыз 2016, 06:37

Болашаққа жасалған болжам

1964 жылы танымал америкалық биохимик, жазушы-фантаст Айзек Азимов (Isaac Asimov) 50 жылдан кейін әлемде болатын өзгерістерге болжам жасады. Тарихтың қойнауына енген жарты ғасыр артта қалды. Дегенмен, жазушы-фантастың болжамдарында қандай сәйкестік бар?

 

Айзек Азимов 50 жылдан кейін болады деп жазған болжамдардың көпшілігі шын мәнінде орындалған екен. Тіпті кейбір болжамдар біздің өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғанын айта кеткен абзал.

Енді футурологтың болжамдарына тоқталайық:

«Адамзат атқаратын ауыр жұмыстарды дамыған электроника алмастырады. Асүйге арналған тұрмыстық техникалар автоматты түрде ас әзірлейтін болады. Мәселен дайын кофе, қуырылған жұмыртқа, т.б. Таңғы асқа кешке тапсырыс беріп қойсаңыз, таңертең дәл сізге керекті уақытта дайын болады».

«Қарым-қатынас тек дыбыс арқылы ғана емес, сөйлесіп отырған адамның бейнесін де көретін заман туады. Тілдесіп отырған адам дәл қасыңдда отырғандай хабар алмасатын боласыңдар. Ол үшін аппаратураларды тек байланысу мақсатында ғана емес, әрі білім көкжиегін дамыту мақсатында арнайы экрандармен жабдықтап, жетілдіретін болады. Бұған қоса спутниктік байланыстың арқасында дүниежүзінің түкпір-түкпірімен тілдесетін уақыт келеді тіпті Антарктидамен байланысуға болады.»

 

«Электр жабдықтары қарыштап дамиды. Ғимараттың төбесі мен қабырғасы жарқырап, жарықтың түсі құбылатын болады».

 

«Құлтемірдің сан алуан түрі пайда болады. Адамдардың арасында роботтар үлкен белсенділікпен қолданылып, түрлі мақсатта пайдаланылатын болады».

 

«Адамзат үшін техникалық құрылғылар арқылы сымсыз байланыс жасауға мүмкіндік туады. Және олар көпке жететін қуат көзі арқылы жұмыс істейтін болады».

 

«Автомобиль жолдарын жетілдіру технологиясы дамып, өз шегіне жетеді. Адамдарды тасымалдау мен жүк тасу қызметі ауа арқылы жүзеге асатын болады. Бұл тек ұшақ немесе жылдам қатынайтын жүйіткіген поезд емес, жер мен көктің ортасында салынған арнайы жол да болуы мүмкін».

 

«Роботтандырылған автомобильдер пайда болады. Мұндай көлік түрлерін адамның қатысуынсыз басқарып, жүргізуге болады».

 

«Мөлдір экрандар пайда болады. Экран өмірдің шынайы келбетін адамдарға масималды жоғары сапада көрсететін болады».

 

«Дүниежүзі бойынша адамдардың саны 6,5 миллиардқа жетеді. Ал АҚШ-ты 350 миллион халық мекендейтін болады. Адамдар бала туу көрсеткішіне қатты мән беріп, ойланатын болады. Бұл сұрақ әлемдік деңгейде үлкен мәселеге айналып, көпшілікті толғандытын болады».

 

«Қалыпты ауыл шаруашылығының қызметін арнайы фермалар алмастыратын болады. Алуан түрлі азық-түліктер  табиғи сапасын жоғалтып, алмастырғыш қоспалармен өсірілетін болады».

 

«2014 жылы адамдар техникаға, электронды әлемге тәуелді болады. Сол себепті таңдаған мамандықтарын осы саламен байланыстырғандары дұрыс. Орта білім беру мектептерінде екі жүйелі әдіс енгізілсе, жоғары оқу орындарында міндетті түрде Fortran сынды компьютерлік тіл оқытылатын болады».

 

«Адамдар құлазу мен түрлі күйзелістің салдарынан қатты запа шегетін болады. Мұның арты ақыл-ойдың дамуына, сезімталдылық қасиетке кері әсерін тигізіп, әлеуметтік жағынан күрделі мәселеге айналады. Нәтижесінде медицина саласының басты проблемасы – психиатрия болады».

 

«Жұмыс» деген сөз жиі қолданылатын сөздер қатарына енеді».

Жазушы-фантаст, футуролог Айзек Азимов болашаққа болжам жасаған жалғыз адам емес. Сол жылдары өзге де көптеген фантасттар адамзаттың даму сатысына байланысты түрлі болжамдар айтты. Алайда, көбісінің болжамы сәйкестік таппаса керек. Осылардың арасында Азимовтың айтқандары шүбәсіз келіп отыр.


Аударған Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ 

Бөлісу: