50 мың теңгеге «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалін сатып алуға болады – депутат

14 Ақпан, 14:46 1205

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай елімізде құрметті атақтар мен медальдар жөн-жозықсыз сатылып жатқанын айтты, деп хабарлайды  EL.kz ақпарат агенттігі.

Рәміздеріміз мен мемлекеттік наградалардың атауын, кескінін, кейбір элементтерін қайталайтын  түсініксіз ұйымдардың мән-мағынасы жоқ орден-медальдары, жалған атақтары, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені шындық. Мұндай үрдіс ешкімге де абырой әпермейді, керісінше адамды даңғойлыққа, жеңіл атаққұмарлыққа итермелейді. Дабыл қақпасқа амал жоқ! Хакім Абайдың «Арсыз болмай атақ жоқ» деген сөзі бар. Алдамшы болмай бақ қайда? Демекші арзан атаққа алданғандар мен жеңіл жолмен пайда тапқыш, атақ сатқыштар көбейіп барады, - деді мәжіліс депутаты.

Аманжол Әлтайдың сөзінше, адамдардың тойларында да жалған атақтар беріліп, медальдармен марапатталып жатады.

Мысалы, сіз 50 мың теңгеге пысықай ұйымның атынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медаліне, ал 100 мың теңгеге «Қазақстанның құрметті азаматы»  атағына ие боласыз. Сан ғасырлық елдік тарихымызда «Ұлт ұстазы» деп халық ұсынған сәулелі сөзді қастерлеп Ахмет Байтұрсынұлына ғана қолданатын едік, қазір «Ұлт ұстазы» деген атақты бар болғаны 10 мың теңгеге сатып ала саласыз. Академик дегенде көз алдымызға Қаныш Сәтбаев секілді ғұлама ғалымдар елестеуші еді, қазір 200 мың теге беріп қаптаған түсініксіз академиялардың жалған академикгі бола саласыз, - дейді ол.

Депутат мемлекеттік рәміздерімізді ретсіз қолданып, жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды сатып пайда тапқыш пысықайлардың  әрекеттеріне құқықтық негізде тиым салу керегін айтты.

Сөзінше, рәміздер мәселесінде әлі де ойластыруды, ортақ шешімге келуді қажет ететін түйткілдер бар.

Біздегі түйткілдердің бір ұшы  атауға байланысты.  Геральдика – гербтер мен оларды қолдану дәстүрлерін ғана зерттейтін арнайы тарихи пән. Яғни геральдиканың нысаны – тек қана гербтер. Ал, рәмізтану - бұдан кең ауқымдағы зерттеулерді қажет ететін сала. Сондықтан бұл жұмыстармен айналысатын мекемені «Геральдикалық зерттеу орталығы» деп емес, «Ұлттық рәмізтану орталығы» деп аталғаны жөн. «Өйткені, рәмізтану нысанында  мемлекеттік рәміздермен қатар, ертедегі символдық таңбалардан бастап, ою-өрнектер тіліне дейін қамтылады және олардың рәміздік мән-мағыналары ашылады, - деді Әлтай.

Депутат елімізде рәмізтану арнайы ғылым ретінде қалыптасатын уақыт келгенін айтып, Үкіметке бірнеше ұсынысын жолдады.

  1. Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлының Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасынан нәтиже шығарып, аймақтар мен қалалардың таңбасын әлемдік стандарттар негізінде бірыңғай үлгіге икемдеп әзірлеу және бекіту тәртібін ретке келтірген жөн.
  2. Қазіргі Геральдикалық зерттеу орталығының атауын «Ұлттық рәмізтану орталығы» деп өзгерту мәселесі қарастырылсын.
  3. Рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу ісіне рәмізтанушылармен қатар, тарих, археология, этнография салаларының мамандарын да кеңінен тарту қажет.
  4. Мемлекеттік рәміздер арқылы қоғамда патриоттық сезімді орнықтыру үшін балабақшадан бастап, мектеп, колледж, ЖОО-да рәмізтану бойынша арнаулы тәрбиелік іс-шаралар жоспарлы түрде жүйелі өтуге тиіс.
  5. Мемлекеттік рәміздердің элементтерін, мемлекеттік наградалардың және атақтардың атауын қайталалайтын әрекеттерге құқықтық тосқауыл қою керек.
Миражан Махан
Бөлісу: