5 наурызда киножобалар конкурсы басталады

Кеше, 20:32 185

5 наурызда отандық киноиндустрия өкілдері үшін конкурс басталады. Байқау шеңберінде ұлттық фильмдер деп тануға үміткер киножобаларға қаржылық қолдау көрсетілетін болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігі байқаудың мақсаты халықтың дәстүрлі құндылықтарын көрсететін, ұлттық мүддеге, идеологияға сай келетін және өзекті мәселелерді көтеретін фильмдер түсіру екенін атап өтті.

Бұған дейін 5 қаңтарда кино орталығы басым тақырыптарды жариялаған болатын. Атап айтсақ, «Біздің Отан», «Қоршаған орта», «Заң мен тәртіп», «Тарихи пен тағылым», «Дос қадірі», «Әйел құқығы, бала қауіпсіздігі», «Адал азамат», «Қазіргі заманның қаһармандары», «Бірлік пен бейбітшілік» және т.б. тақырыптарды негізге алуға болады.

Биыл байқау үш жанр бойынша өтеді:
Ойын фильмдері – Отан, отбасы, еңбекқорлық және патриотизм тақырыптарынан бастап, балаларға арналған фильмдер, қазақ ертегілерінің анимациясы және ғарыш туралы киноға дейінгі жобалар;

Анимация – ұлттық құндылықтарды, достықты, намыс пен жігерді, ата-анаға құрметті насихаттайтын жобалар;

Деректі фильмдер – мемлекет мерейі, ғылымдағы жетістіктер, экология, IT-технологиялар, мәдениет және көрнекті тұлғалар туралы фильмдер.

Еске салсақ, 2024 жылдан бастап елімізде киножобаларды іріктеудің жаңа ережелері қолданысқа енді. Осы ережелерге сәйкес конкурстық процесс екі кезең бойынша өтеді. Бірінші кезеңде сценарийлер (ойын және анимациялық фильмдер үшін) немесе сценарий жоспарлары (деректі және хроникалық фильмдер үшін) қарастырылады. Бірінші кезеңнен сәтті өткен соң, екінші кезеңде сценарий авторлары киножобалардың құжаттарын толық жинап, ұсыну керек. Үміткер құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, қателерді түзетіп, толықтыру үшін 3 жұмыс күні беріледі.

13 наурызда өтінімдерді қабылдау аяқталады және жобалар сараптамалық кеңеске беріледі. Конкурстық өтінімдер сараптамалық кеңеске жіберілген соң орталық барлық іріктеу ережелеріне сәйкес келетін үміткерлерді хабардар етеді. Кейін питчинг өтеді. Питчинг ашық форматта өтеді және сараптама кеңесі әр категория бойынша әділ шешім шығаруға ықпал етеді. Орталық сараптама кеңесінің қорытындысын ведомствоаралық комиссияның қарауына енгізеді,-делінген министрлік мәліметінде.

Конкурстың барлық кезеңдеріне қатысты ақпараттар орталықтың интернет-ресурсында және әлеуметтік желілеріндегі ресми аккаунттарында қолжетімді болады. Бұл шаралар мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды іріктеу ашықтық өтуі үшін жасалған.

Айта кетейік, жыл басында кино орталығы жанындағы сараптамалық кеңестің құрамы жаңартылды. Министрлік сапалы, идеясы бар, мағыналы фильмдер шығаруға жағдай жасай отырып, ұлттық кинематографияны дамыту жұмыстарын жалғастыруда. 

Асқар Таудай
Бөлісу: