8 Қазан 2014, 13:30
Біріккен ұлттар ұйымының арнайы агенттігі болып табылатын Халықаралық еңбек ұйымы 4 күндік жұмыс аптасына көшуді ұсынғаннан кейін, ұйымға мүше мемлекеттер өз ішінде осы тақырыпты қызу талқыға салды. Көршілес Ресейде Мемлекеттік Думаның Еңбек жөніндегі комитеті жұмысшылардың 4 күндік еңбек аптасына көшу мүмкіндігін қарастырмақ. Идея авторларының айтуынша, бұл біріншіден қызметкердің денсаулығына пайдалы, екіншіден жұмыс орындарының көбеюіне септігін тигізеді, ал үшіншіден қоршаған ортаға оң әсер етеді екен.
Енді елімізге оралайық. ҚР Еңбек кодексінің 77 бабына сәйкес, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Бұл ретте бірнеше қазақстандық коммерциялық ұйымдар 32 сағаттық, яғни 4 күндік жұмыс аптасына көшті. Жаңа демалыс күнін мәдениетке, рухани кемелденуге сарп етер болсақ, қоғам үшін, әсіресе ұлт болашағы үшін аса қажет нәрсе. Олай болса, жаңа ұсыныстың шынымен қоғамға пайда әкелуі үшін жұма күнін пайдалы өткізудің келесі тәсілдері бар:
- Бала-шағаңызға көбірек уақыт бөлу. Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі зор екені белгілі. Аптаның бір күнін балаларыңызға арнап, олармен бірге ойындар ойнап, серуендеп, оқуына қарайласу арқылы балаңызға жақындай түсесіз.
- Денсаулығыңызға көңіл бөлу. Демалыссыз жұмыс істей бергеннен, адамның жұмыс істеуге деген құлшынысы төмендейді. Сондықтан, бір мезгіл отбасыңызбен не достарыңызбен табиғатқа шығудың денсаулығыңызға да көңіл-күйіңізге де пайдасы зор.
- Біліміңізді жан-жақты кемелдендіру. Адам өмір бойы оқуға, жаңа нәрсені үйренуге үйір болуы керек. Ол тұлға ретінде қалыптасудың бірден-бір шарты. Сол себепті, бос уақытыңызды пайдалы өткізудің бір жолы кітап оқу, шет тілдерін үйрену, жаңа технологияларды зерттеу, өзге елдердің мәдениетімен танысу және т.б.
- Ата-анаңызға жиі хабарласып, барып тұру. Егер сіздің ата-анаңыз басқа қалада не ауылда тұратын болса, жаңа демалыс күнін пайдаланып, әке-шешеңізді жиі көруге мүмкіндік туады.
- Қайырымдылықпен айналысу.
- Театр, концерт сынды мәдениет ошақтарына барып тұру және т.б.
4 күндік жұмыс аптасына көшудің оң тұстары:
- Бос уақыттың көбеюі жақын адамдармен көбірек бірге болуға мүмкіндік береді;
- Банк, емхана немесе т.б. мекемелермен байланысты жеке шаруаңызды шешіп алуға жағдай жасайды;
- Қосымша жұмысқа тұрып, кірісіңізді арттыруға болады;
- Мұсылмандарға жұма күні мешітке бару үшін жұмыстан сұрану секілді қиындықтар туындамайды;
- Жеке шығармашылық жұмыстармен айналысуға мүмкіндік туады. Мысалы, шет тілдерін үйрену, би не сопрт түрлерімен айналысу, қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, балалар үйіне, қарттар үйіне барып, әр-түрлі іс-шаралар ұйымдастыру және т.б.
- Қала адамдары үш күндік демалыстарын пайдаланып, у-шудан алыстау ауылдағы туған-туыстарына демалуға барады, керісінше ауылдық жердің тұрғындағы киім-кешек, азық-түлік алу үшін дегендей қалаға келеді. Бұл өз кезегінде жолаушылар санының артуына, сөйтіп транспорттық мекемелер мен сауда ұйымдарының кірісін арттыруға және экономиканың өсуіне септігін тигізеді.
Теріс тұстары:
- Өзге елмен салыстырғанда бізде халық саны әлдеқайда төмен. Сондықтан, «жұмыс орындарының көбеюіне себеп болады және қоршаған ортаға септігін тигізеді» деген идея авторларының пікірі бізге келмейді. Бұдан шығатын қорытынды еліміздегі жұмыс уақытының қысқаруы еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеліп соқтырады;
- Қол қусырып жатпайын деп, 3 күн демалатын адам екінші жұмысқа тұрады делік. Сонда, мүлдем демалыссыз жұмыс істеймін деп, денсаулығын да нашарлатады, жұмысының сапасы да төмендейді;
- Қағаз жұмыстан бас көтере алмай отырған қызметкерлеріміз, 4 күн жұмыс істейтін болса, жұмыстың белгілі темппен жүруіне теріс ықпал етеді.
Әрине, миллиардтаған тұрғыны бар Қытай үшін бұл өте пайдалы ұсыныс. Ал, аналарымыздың зейнетке шығу жасын арттырып отырған үкімет үшін, 4 күндік жұмыс туралы тақырыпты қозғау әлі ерте.