«4 мың теңге берген». Атырауда әкімдік ағаштан құлаған қызметкерге қатысты мәлімдеме жасады

Кеше, 16:16 336

Әлеуметтік желіде Атырау облысында аудан әкімдігінің қызметкері басшылықтың тапсырмасын орындаймын деп ағаштан құлап, ауруханаға түскені хабарланды. El.kz ақпарат агенттігі.

Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, оқиға Құрманғазы ауданында болған. Жарақат алған ер адам ауруханада жатыр. Дегенмен әкімдік ешқандай көмек көрсетпеген. Бар болғаны таксиге деп 4 мың теңге берген көрінелі.

Атырау облысының әкімдігі мұндай факт болғанын растады. Алайда олар аула сыпырушы ағашқа басшылықтың тапсырмасымен емес, өз бетінше шықты деп отыр.

Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі бұл фактіні растап, қазіргі уақытта еңбек инспекциясы мен құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, полицияның қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.

Оқиға 2025 жылдың 22 қаңтарында Құрманғазы ауданы әкімі аппаратының аула сыпырушысы аумақтағы бұтақтарды өз бетінше кесу кезінде болды. Ол жедел түрде ауруханаға жатқызылды: алдымен аудандық ауруханаға, содан кейін Атырау облыстық ауруханасына ауыстырылды. Жұмыс беруші заңнама шеңберінде құқықтық сүйемелдеу мен материалдық көмекті қоса алғанда, қолдау көрсетеді. Мемлекеттік еңбек инспекциясы мен құқық қорғау органдарына хабарланды, қажетті тексеру жүргізілуде, – делінген ведомство мәліметінде.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: