19 Тамыз 2014, 04:16
Тарих деген - тарихшылар мен олар қолындағы тарихи деректердің толасы жоқ диалогы. Тарихшы көп, дерек көп болғасын бұл диалог та алуантүрлі болып жалғаса береді. Тарих та дүниенікі, бір елдікі, бір ұлттікі, біртайпанікі,... бүкіл шардікі, бір құрлықтікі, бір региондікі, тіпті бір ауылдікі... болып көп түрлілігін сақтайды. Сонда ғана осылардың қосындысынан бүкіл дүниенің шынайы да толық тарихының келбеті шықпақ. Ең маңыздысы сол тарихты жазу барысындағы көзқарастың шыншыл, əділ, мұқият, нашар пиғылдардан аулақ бола алуында.
Меніңше, Батыс емес, Шығыста да, əсіресе қазақта да тарихқа глобал көзқарасты дұрыс та толық түсіну мен өзіне де, өзгеге де пайдалы жаққа бастау оп-оңай болғалы тұрғаны жоқ. Өйткені біріншіден, глобал тарих көзқарасының белсенді де ұнамды жақтарын ұғыну мен тану үшін, еуроцентризмнің ықпалдарын түгелдей тазарту үшін толып жатқан шаруа тындыру, басты қатты сілку қабағат қажет. Ол ықпалдардың, көнесін былай қойғанда, жаңасының өзі де (Батыстың не батысшылдардың көзқарасын талдаусыз қабылдаған күйі кешегі əуенге басу, өзіндік үндеу құқығын талақ етіп, өзгенің музыкасына би билеу, т. б. ), біздің жұртта төбе- төбе. Ал, екіншіден, «Бүкіл шардың жалпы тарихы» деген екі томдық кітаптың авторы: “Бұл кітап – дүние тарихы.
Оның басты ерекшелігі: зерттейтіні, бірер ел не аймақтың емес, бүкіл шардың тарихы; назарын, батыстықтармен немесе бейбатыстықтармен шектемей, күллі адамзатқа салады. Бұл кітаптың көзқарасы - біз жүрген шардың тұтас тұлғасына айда отырған бақылаушының жүргізген тексеруінен қалыптасқан көзқарас. Сондықтан ол Лондонда не Парижде, Бейжиңде не Делиде отырған бақылаушының көзқарасына мүлде ұқсамайды” деген екен. Мұның қиындығын айтушылар мен əділдігіне күдіктенушілер толып жатыр. Соның бірі: “Тарихты бүкілшарлық тари- хи көзқараспен жазу үшін, ең əуелі кең ашылған бүкілшарлық көз ая болуы керек. Қытай мəдениетін қамтымаған дүние мəдениет тарихы - дүниенің толық мəдениет тарихы емес” дейді. Əрине мен де қазақ тарихына байланысты дəп сондай пікірді көтере аламын. Бұл көзқарастың іске асуының қиындығы міне осындайда да тұр. Енді үшіншіден, тағы бір жағынан алғанда, ісжүзінде, бұл ғылымда глобалдылық тарихи көзқарас дегеннің болуы күдік те тудырады. Əр түрлі мемлекеттің, əр алуан ұлттың, тіпті бір мемлекет ішіндегі əрбір этностың өзіндік тарихи көзқарасы болып келді, бола береді де. Бұған күдік жоқ. Осы күдік тудырмайтынның өзі де, оның сара иде- ясы да дəуіріне қарап тағы өзгеріп отырған, былайғы жерде де солай бола бермек те. Өзгеріс пен даму - мəңгілік. Демек тарихқа глобалдық көзқарастың белсенді де пайдалы жақтарын ескергенде, мəдениетке глобалдық қалып пен шектеме болмайтыны сықылды, тарихқа көзқараста да ондайдың бола алмайтынын ұмытпау керек, əр ел мен ұлттың өзіндік тəуелсіз де шыншыл көзқарасынан айрылмау тиіс. Төртіншіден, Əрине тура мəніндегі глобалдық тарихи көзқарасқа, дұрыс ұлтжандылықпен емес, жұртты жеріткен дəстүри-саяси тарихшылықтағы тар ұлтшылдықпен қарау да келісіп тұрғаны жоқ. Оның басқа бір центризмге бастауы ықтимал. Саяси тарихшылықтан əлеуметтік өмір тарихына бұрылған жөн. Сонда ғана тарих əлеміндегі центризмдерден – ұлтты асыл не нашар деп жіктеуден, тарих дамуына монизмдік тұрғымен қараудан, əулет дəстүршілдігінен құтылуға мүмкіндік бар.