5 Тамыз 2015, 10:02
2015 жылы ҰБТ тапсырған талапкерлер үшін Білім және ғылым министрі маңызды ақпаратпен бөлісті.
Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрiнжiповтың төрағалық етуімен Білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті. Комиссияның құрамына аталмыш ведомство мен денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, білім беру қызметкерлерінің кәсіподақтары кіреді.
Айта кетейік, білім гранттары Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеудің нәтижелері бойынша ЖОО-ларға оқуға түсіп жатқан абитуриенттерге тағайындалады.
«Мемлекеттiк гранттарды тағайындау бойынша комиссияның отырысын өткiзетiн боламыз. Мемлекет тарапынан бiз 32 мың грант бөлемiз. Оның iшiнде техникалық мамандарға арналған 12,5 мың грант, педагогикалық мамандықтарға – 6 мың грант, ауыл шаруашылық мамандықтарына 2,5 мың грант қарастырылады. Өздерiңiз бiлетiндей, биыл Ұлттық бiрыңғай тестiлеу жоғары деңгейде өткiзiлдi. Нәтижелерi былтырғы жылғымен салыстырғанда жоғары. Сондықтан биыл конкурсқа қатысатындардың саны 67 мыңға жеттi. Олардың iшiнде 78 пайызы қазақ тiлiнде бiтiрген балалар, 22 пайызы – орыс тiлiнде бітіргендер. Сол себептi 32 мың гранттың iшiнде 78 пайызы қазақ бөлiмдерiне арналған. 22 пайызы орыс тiлi бөлiмдерiне деп қарастырылып отыр», – деп атап өттi министр тiлшiлерге берген сұхбатында.
Гранттарды үлестіру барысында «Алтын белгі» иегерлеріне, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың, байқаулардың және спорттық жарыстардың жеңімпаздарына басымдық беріледі.
«Барлық нәтижелер БАҚ беттерiнде жарияланатын болады. Комиссия отырысы бiтiсiмен, қажеттi ақпараттар министрлiк сайтында және жетекшi ақпарат агенттiктерiнiң жаңалықтар таспасына шығарылады. Сонымен қатар республикалық газеттерде де басылады. Комиссия жұмысы қорытындыланғаннан кейiн, осы аптада, екi күннен соң грант иегерлерiн жариялайтын боламыз», - деп атап өттi ол.
Сонымен қатар министр, гранттың құнына қатысты деректердi айтып бердi.
«Ол жоғары оқу орнына байланысты. Мысалы, бiзде ұлттық жоғары оқу орындарында оқу ақысы 600 мың теңге, басқа университеттерде 300 мың теңге көлемiнде тұрады», – дейдi министр.
2015 жылы білім гранттарын беруге 67 377 адам қатысады. Соның ішінде: 53 162 қазақ тілді , 14 215 - орыс тілді. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы шеңберінде студенттерді оқыту квотасы шеңберінде 6 457 адам қатысады.
Әзірлеген: Досжан Мейірім.