31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31 Мамыр, 08:09 1091

31 мамырда Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

1997 жылдан бері атап өтілетін бұл күні ел тарихындағы ең азалы кезеңді еске алып, кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясатынан зардап шеккен миллиондаған адамның рухына тағзым етіледі.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген. Солақай саясаттың құрбанына айналғандар арасында ұлт зиялылары да бар.

«Халық жауларын анықтау» саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталған, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді.

Қуғын-сүргін құрбандарының жақындары да қатаң саясаттың зардабын тартты. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды. Жалпы еліміздің аумағында он бір еңбекпен түзеу лагері болды.

Зарина Арман
Бөлісу: