300 мың шетелдіктен 3 млрд доллар: Жастар неге Түркияда оқуға құмар?

27 Қазан 2023, 19:00 4706

Бүгінде Түркия Орталық Азия, Парсы шығанағы, Африка және Балқан елдерінен шыққан талапкерлердің оқуға баратын бірінші таңдауына айналып отыр. 2022-2023 жылдар аралығында Түркиядағы шетелдік студенттер саны 301 694-ке жетті.

ЮНЕСКО мәліметі бойынша, студент жылына орта есеппен 10 мың доллар жұмсайды. Яғни, халықаралық студенттер Түркия экономикасына жылына 3 миллиард доллар кіріс әкеледі деген сөз. 

22 жылда Түркияда оқығысы келетін шетелдік студенттердің саны 16,6 есе өсті. 2000 жылы 18 мыңды құраған шетелдік студенттер саны 2022-2023 жылдардағы жағдай бойынша 301 694 адамға жетті. Небәрі 10 жыл бұрын да шетелдік студенттердің саны 48 183 құраған болатын.

Осындай көрсеткішке жетудің құпиясы неде? Оған дейін Түркияға қай елдерден студенттер көбірек келетінін анықтап көрейік.

2022-23 жылдары 34 ел 1000-нан астам студент жіберген. Оның ішінде, Сирия – 58 213, Әзірбайжан – 34 247, Иран – 22 632, Түрікменстан – 18 250 және 16 172 студент жіберген Ирак көш бастап тұр. 

Соңғы жылдары Түркия әсіресе африкалық талапкерлерге арналған стипендиялардың санын көбейтіп, шетелдік студенттерді кейбір мамандықтарға түсу емтихандарынан босатты. Нәтижесінде Сомалиден – 10 043, Мысыр – 9 697, Судан – 5 171, Морокко – 4 958, Нигерия – 3 699, Ливия – 3 344, Чад – 3 041, Алжирден 2 196 студент келіп білім алып жатыр.

5000-нан астам студент жіберген елдер қатарына Йемен (8198 студент), Иордания (7266), Палестина (5705) мен Болгария (5120) кіреді.
Еуроодаққа мүше елдерден тек Грекияны ерекше атап өтуге болады. Бұл елдің 2614 азаматы Түркияда оқиды. 

Вашингтон институтының мәліметі бойынша, Ресейдің Украинамен соғысы кезінде Түркия ресейлік мигранттардың баратын еліне айналды. Бүгінде 3083 ресейлік түрік университеттеріне қабылданған. 

Көршілес Өзбекстаннан – 4794, Қырғызстаннан – 2026 студент оқуға қабылданған және бұл сандар жыл сайын өсуде. 

Жалпы саны 2,84 млрд халық тұратын Қытай (1445 студент) мен Үндістаннан (549 студент) небәрі 2 мыңға жуық студент келген. Бұл елдердің жастары көбіне ағылшын тілді бағыттарға, яғни АҚШ пен Ұлыбританияның жоғары оқу орындарына басымдық береді.
Қазақстанға келсек, бүгінде Түркияда 8864 отандасымыз білім алып жатыр. 

Шетелдік студенттердің жыныстық құрамын да қарастырдық. Түркияда білім алып жатқан 301 694 шетелдік студенттің 179 670 – ерлер, 122 024 – әйелдер құрайды. 

Шетелдік студенттер көп оқитын Топ-5 университет.
1.    Anadolu University – 16 44;
2.    Karabuk University – 11 908; 
3.    Istanbul University – 9 938;
4.    Ataturk University – 9 164; 
5.    Istanbul Medipol University – 7 380 шетелдік студенттер оқиды.

Түркияда білім алғысы келетін талапкерлерге көмек көрсетіп жүрген Еңлік Бердірахманова бұл елде оқудың қандай артықшылықтары барын айтып берді.

«Turkiye Burslari» - Түркия Үкіметі тарапынан шетелдіктерге берілетін стипендия түрі. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген талапкерлер тапсырады. Бұл бағдарламаға неліктен қызуғышылық танытуының бірнеше себебін атап өтейін. Біріншіден, Түркияның туристік әлеуеті мен климаты оң әсер етеді.  Түркиядағы адамдардың бауырмалдылығы тартып алады. Баға жағынан да өте ыңғайлы. Кез келген қарапайым адам өмір сүре алады. Екіншіден, ай сайын алатын стипендиядан бөлек жатахқана ақысы да төленеді. Медициналық сақтандыру да бар. Түркияға барып, оқуды аяқтағанннан кейін елге қайтатын билетке де ақша беріледі. Жатақхананың ішінде екі мезгіл тамағы бар. Шетелдіктерге арналған арнайы экускусиялар да бар, - дейді Еңлік Бердірахманова.

Оның айтуынша, жалпы Түркияның мемлекеттік университеттерінде оқу ақысы арзан. 

Ыстанбұл, Анкара сияқты ірі қалалалардағы университеттерде оқу ақысы бакалаврдан докторантураға дейін 200-300 мыңның көлемінде болады. Ал алыс-жақын провинциялық аймақтарда оқу ақысы 60-70 мың ғана. Студенттерге барлық жағдай жасалынған. Кітапханалар тәулік бойы жұмыс істейді. Асханалардағы тамақтың ақысы да өте тиімді. Түсті тамақтың өзі 150-200 теңге тұрады. Студенттерге арналған көптеген жеңілдіктер бар, - дейді Еңлік Бердірахманова

Айта кету керек, Түркия Үкіметі жыл сайын «Turkiye Burslari» бағдарламасы арқылы 5000 стипендия бөледі. 2021 жылы бағдарламаға қатысуға 178 елден 165500 адам өтініш білдірген. 

Ыстанбұл, Анкара, Измир сияқты мегаполистерде орналасқан университеттерге ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ сияқты ЮС емтиханмен қабылданадады. Кейбір мемлекеттік университтер жыл сайын шетелдіктерге арнайы квота бөледі. Себебі, әлемдік рейтингтерде жоғары орын алу үшін осындай шаралар қабылдайды. Ал жекеменшік университеттерге ешқандай емтихансыз түсуге болады. Дегенмен, оқу ақысы қымбатырақ болады, - дейді Еңлік Бердірахманова.

Сарапшының айтуынша, Түркиядағы оқу сапасы айтарлықтай жоғары емес.

Үшіншіден, барлық оқу орнында сапалы деп айта алмаймын. Бакалавриатта 3-курс оқып жүргенімде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Түркияның Денизли деген қаласында Памуккале университетінде білім алған болатынмын. Ол мегаполис сияқты үлкен қала емес, шағын қалалардың бірі. Онда көптеген шетелдік студенттер болады. Соған сай оқу сапасы да жоғары. Ол жақтың білім жүйесін біздің елдің білімен салыстыра алмаймыз. Айырмашылық жоғары. Ол жақта мұғалімдер көптеген семинарлар жүргізеді, - дейді ол.

Дегенмен, кемшілігі де жоқ емес екенін айтып, олардың бірқатарына тоқталды.

Мысалы, біз Қазақстанда әр тақырыпқа берілген үй  тапсырмасын жіті дайындалып, тапсырамыз. Ал ол жақта тек бір рет бақылау емтиханы мен қорытынды емтихан болады. Ол жақта оқу, білім алу студенттің өз еркінде. Біздегідей әр сабақты қалдырмау маңызды емес. Дегенмен, қорытынды емтихан қиын болады. Емтихан кезде оқытушы студентін танымайтындай қарым-қатынас жасайды. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Кітапханалардың тәулік бойы жұмыс істегені зор артықшылық деп айтар едім. 
Шетелдік студенттерге айырықша көңіл бөлінеді. Ал Түркия азаматтарының университетке түсуі қиындау. Олар бірнеше жыл қатарынан дайындалып түсіп жатады. Соған сай әркелкі жас ерекшелігі болады. Біздегідей 4 жыл оқып, бітіру деген түсінік жоқ. Олар бір емтиханнан құлайтын болса 6-7 курсқа дейін оқи береді. 
Бір сөзбен айтқанда Түркия университеттеріндегі білім сапасы тікелей студенттің жауапкершілігіне байланысты. Сапалы білім аламын деп талаптанған адам жетістіктерге жетеді.  Қай елде болмасын өзіңіз талпынып, оқымасаңыз, ешқандай білім ала алмайсыз. Ал оқытушымен тығыз байланыста болып, ізденсеңіз, сапалы білімге қол жеткізесіз, - дейді Еңлік.

Қазақстандық және түркиялық жетекші жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтегі орындарына шолу жасап көрейік.

2023 жылғы 27 маусымда Quacquarelli Symonds (QS) 2024 жылы әлемдегі ең үздік университеттер рейтингін (QS World University Rankings 2024) жариялады. 

230 орын – Al-Farabi Kazakh National University (Қазақстан);

336 орын – Middle East Technical University (Түркия);

355 орын – L.N. Gumilyov Eurasian National University (Қазақстан);

404 орын – Istanbul Technical University (Түркия);

431 орын – Koç University (Түркия);

481 орын – Satbayev University (Қазақстан);

502 орын – Bilkent University (Түркия);

514 орын – Bogaziçi Üniversitesi (Түркия);

526 орын – Sabanci University (Түркия);

Жалпы бұл рейтингке Түркияның 25, Қазақстанның 21 университеті енген. Толық тізімді www.topuniversities.com сайтынан көре аласыздар.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: