300 мұғалім тегін шеберлік сабағында бас қосты

12 Ақпан, 14:44 1135

Астана қаласында 300 мұғалімнің басын қосқан USTAZ HUB іс-шарасы өтті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Білім саласы қызметкерлеріне өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін әлеуметтік жоба USTAZ PRO және QUNDYLYQ кәсіби білім беру орталықтарының бастамасымен ұйымдастырылды.  Шеберлік сабақтары аясында мұғалімдер өзара идея мен тәжірибе алмасып, білім беру саласындағы жаңалықтармен таныса алады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жобаның ауқымын кеңейтіп, Қазақстанның әртүрлі өңіріндегі мұғалімдерді қамтуға ниетті.

Біздің басты мақсатымыз – мұғалімдерді білім беру саласындағы соңғы жаңалықтардан хабардар етіп, тәжірибе алмасуға және жаңа нәрсені үйренуге мүмкіндік беретін достық қауымдастық құру, — дейді ұйымдастырушылар.

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған іс-шарада білім саласының әртүрлі бағытында жұмыс істейтін эксперттер сөз сөйлеп, бірегей тәжірибесін бөлісті.

Бұл бастама жайлы естіген күннен бастап, қолдау білдірдім. Өйткені осындай бейресми қауымдастық арқылы ұстаздарға бір-бірінен үйрене алатын қолайлы атмосфера құрудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Бұл жолғы басқосу да пайдалы тәжірибеге толы болды. Әр мұғалім өзінің бірегей тәжірибесін бөлісетін болса, мектеп қауымдастығы да үздіксіз дамуда болады, деп бөлісті Құралай Байтажикова.

Спикерлер мектеп ұжымы мен оқушылардың мотивациясын арттыру жолдарын түсіндіріп, қазіргі мұғалім үшін көптілдік пен әлеуметтік желіні қолдана білу машығының маңызына тоқталды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: