30 жылдық тарихы бар әскери бөлімнің алғашқы командирі

30 Маусым 2023, 13:19 903

Бүгін яғни 30 маусым Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 6655 әскери бөліміне 30 жыл толмақшы. Мерекелік датаға орай аталмыш бөлімшенің алғашқы командирі Қуатов Бахыткерей Сейткерейұлымен сұхбат жүргіздік. Бахыткерей аға аса қуанышпен үн қатып, сұрақтарымызға жылы лебізбен жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өмірінің 30 жылына жуық уақытын әскери салаға арнаған ардагер 1950 жылы қыркүйектің 3 жұлдызы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Бахыткерей ағаның әскери салаға келуі де бүтін бір қызық оқиға. Жастық жалынмен Алматыға арман қуып келген жас бозбала оқуға түсе алмай еліне – Ойылға қайтады. Елде жүріп құрылыс жұмыстары сынды жұмыстар атқарып жүрген бозбалаға әкесі өзінің жолын қууды ұсынады. Бахыткерей ағаның әкесі Сейіткерей аға әскери қызмет атқарған жан. Әкесінің ұсынысын қабыл алып, жас жігіт жұмыс іздеп, әскери салаға бет бұрады. Осылайша бозбаланы білім алуға оқу орындарына жібереді.

Нәтижесінде Бахыткерей Куатов 1968 жылы Мәскеуге әскери училищеге оқуға түсуге барады. Өкінішке орай, оқуға түсуге жинаған баллы жетпей, қайтар жолда өзі секілді жас жігітпен кездесіп, танысады. Ол жігіт Саратовтағы училищеге неге түспейсің деп қолқа салады. Бұрын Саратовтағы училище туралы естімеген жас жігіттің көкейінде күмән туса да бейтаныс жігітке еріп, Саратовқа келеді. Бағына орай бірден оқуға түсіп, әскери салаға деген жолы осы жерден бастау алады. Сонау жылдарды жымия еске ала отырып, «Бұйырған кетпейді ғой» деп жылы нотада әңгімемізді жалғадық.    

  Екі жылдық оқуын тәмамдаған Бахыткерей Сейткереевич 1971 жылы Ақтөбеге қызметке жіберіледі. Екі жылдық қызметтен кейін 1973 жылдың шілде айында Қаракемірдегі 6654 әскери бөліміне оқу полкіне взвод командирі болып тағайындалады. Аталған жерде 3 жыл қызмет атқарып, кейіннен оқу ротасының бастығы болып 6 жыл қызмет жасайды. Қаракемірдегі қызмет осыдан соң кезіндегі Шевченкодағы қызметке ауысады. Бірнеше жылдар бойы Маңғышлақта түрлі қызмет атқарады. Кейіннен Орал қаласында құрылған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы  «Батыс» өңірлік қолбасшылығында талай жыл қызмет атқарады. Осыдан соң тағы бірнеше қалаларда әскери қызмет атқарған Бахыткерей Қуатов 1996 жылы мамыр айында запасқа шығарылды.

  Бахыткерей ағаның әскери салаға келуімен қатар, қызмет жолын бағамдаған соң 6655 әскери бөлімінің құрылу кезеңіне қайта көз жүгірттік. Сонау кездегі жадыдан өшірілмейтін естеліктер бүгінгі күннің тарихы болып отырғаны қандай ғажап. Сол тарихты жазып қалдыру – бізге, баяндау – Бахыткерей ағаға мақтаныш.

  Ең алғаш бөлімге келгенде қаңыраған бос қабырғалардан басқа түк болмады. 32 гектар үлкен аумақты күзететін де ешкім жоқ. Жалғыз өзім. Жаңадан ашылған бөлім. Жауапкершілік. Осындай сезімдер бойымды билегені рас, дегенмен бөлімшенің құрылу жолындағы тарихтың бір бөлшегі болу – мен үшін абырой - деп сөз бастады ардагер.

Бахыткерей Сейткерейұлы қызметке кірісу мақсатында Ақтөбеге келген кезде Ресейліктер мен Украиналықтар кетіп,  әскери бөлім бос қалған. Үлкен аумақты тіпті күзететін де адам болмады дейді ардагер. Кейіннен Оралдан 1 офицер және 10 солдат жіберіліп, әскери бөлім жандана бастайды. Уақыт өткен сайын тапшылық арта түсіп, тиісінше маусым айында Қаракемірден 28 сержант жіберіледі. Уақыт өте басқа да әскери бөлімшелерден шақыртулар басталып, Ақтөбелік жаңа бөлімде қызмет қыза түседі. Бірақ бұл әскери бөлімнен гөрі оқу батальонына көбірек ұқсады дейді ардагер. Жауынгерлерді қараша айына дейін оқытып, үйреткеннен соң олар өз бөлімдеріне кері қайтатын. Ал жұмыс барысында кадр тапшылығы қатты білінеді. Кейіннен оқу бітіруші түлектер келіп, мамандар қатары толықты. Дегенмен кадр тапшылығынан бөлек те мәселелер қатары аз емес-еді. Мәселен, қаржыландыру  мәселесі де көптеген салаға өз әсерін тигізген.

   «1993 жыл. Тамақ аз. Тамақ запасы тек үш күнге ғана жеткілікті болатын. Жергілікті билік көмек қолын барынша созғанмен ол аздық ететіні жасырын емес. Солдаттардың бос уақытын қалай өткізуді ойластыру мәселесі де артқы шепте қалып қойды. Осы жолда әкімдікпен кездесіп, үш теледидар алғыздық. Тығырықтан шығу жолын үнемі ойластырып жүретінбіз» дейді ардагер. Уақыт өте келе әскери бөлім толыққанды батальон атанып, жеке шот нөмірі ашылып, қаржылық мәселелер де біртіндеп шешіле бастайды. Осылайша 6655 әскери бөлімінің ең төменнен бастап құрылып, қалыптасу жолында қызмет еткен Бахыткерей Сейткерейұлы бүгінде бөлімнің ең алғашқы командирі әрі сыйлы ардагер атанып отыр.

    Бахыткерей аға әскери салаға келгеніне мүлде өкінбейді, керісінше тағдырының осы саламен байланысқанына қуанады. Өміріндегі ең маңызды екі таңдауынан қателестірмеген тағдырына шексіз ризашылығын білдірді. Өмірінің қай кезеңін болмасын үнемі қолдап жүретін жан жарымен мектептен бері бірге екен. Ыстық пейілімен мектеп кезін еске алған ағамыздан жылулық пен махаббаттың лебі әлі де есіп тұрғандай. «Жарыммен 7 жыл бойы жүріп барып қосылдық. Қазіргі таңда 1 ұлдан 2 немере сүйіп отырған бақытты ата-әжеміз» деп тебіренді.

Бахыткерей ағаның жары Ақтөбе пединститутында білім алған. Кейіннен екеуі көңіл жарастырып Ержан есімді бала сүйіп, қазіргі таңда 2 немере тәрбиелеп отыр.

  Бала-немерелеріңіздің әскери қызметке қызығушылығы бар ма деген сұрағымызға ардагер былай деп жауап берді: «Ұлымыз әскери салаға жақын емес. Көлік саласын таңдады. Қай саланы таңдаса да өз еріктері ғой. Біз тек қолдаймыз. Немерелеріме де таңдау береміз ғой. Дегенмен атам секілді әскери қызметші боламын десе кеудемді мақтаныш кернеп, қуанарым анық. Әскери қызметтен кім жамандық көрді дейсіз? Кейде немерелерім ата сен жас кезіңде кім болдың деп қызығушылық танытып, көңілімді көтеріп қоятындары бар».

 Бахыткерей Сейткерейұлы өмірінің осы саламен байланысуын тағдырдың сыйлаған сыйы деп біледі. Бұл сала жас сарбаздың тұлға ретінде қалыптасып, бүтін бір әскери бөлімнің құрылуына септігін тигізуіне үлес қосты. Бүгінде ардагер сонау шақтарды жылы қабақпен ғана еске алады. Егер өмірінде тағы да мамандық таңдауға мүмкіндік түссе, ойланбастан әскери саланы таңдар едім деп ағынан жарылды.

Ішінде жауынгері де, қызметшілері де жоқ әскери бөлімге командир болып келіп, барлығын басынан құрап, қалыптастыру – менің қызмет жолымдағы алғашқы міндетім еді. Қаржылық мәселелер, кадрдың жетіспеушілігі сынды қиындықтарға қарамастан үлкен жұмыстар атқарылған болатын. Мен сол шақтарды қазіргі таңға дейін аса мақтанышпен және ыстық ықыласпен еске алып отырамын. Мен 6655 әскери бөлімінің алғашқы командирі екендігімді мақтан тұтамын, - дейді ол.

«Ротаны басқарған кездерім – өмірімнің ең қызықты да естен кетпес сәттері еді» дейді.

 Уақыт өткен сайын тәжірибе өсіп, лауазым да жоғарылай бастайды. Ал лауазым жоғарылаған сайын жауынгерлерден де соғұрлым алыстайды. «Мен сарбаздарға жақын едім. Лауазым жоғарылаған сайын қызметте жүктеме азаяды ғой. Дегенмен сарбаздармен өткізген әр күнім ерекше ыстық ықыласқа, жылы естеліктерге толы болып қалады. Мен үшін жауынгерлерге жақын болған кездерім ең керемет кездер еді» деп еске алды ағамыз.

  Сұхбатымыздың соңында Бахыткерей Қуатов өзі алғаш командир болған 6655 әскери бөлімін 30 жылдығымен құтықтап, тек толағай табыстар тіледі. Ұлттық ұланның жеке құрамына және барша жауынгерлерге мықты денсаулық, қажымас қайрат тілеп, алғашқы командир деген атақтың өзі үшін маңыздылығын атап өтті. Әскери борышын өтеп жатқан сарбаздарға борыштарын абыроймен атқарып, үйлеріне аман-сау қайтуын, елге адал қызмет етуге ниет танытуларын тіледі.

  Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбе қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы  «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 6655 әскери бөлімі бүгінгі таңда өзіне міндеттелген әр істі аса ұқыптылықпен орындауда. Жауынгерлер қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары, түзету мекемелерін күзету, сот қарауылы сынды жұмыстар атқарып, ел тыныштығын күзетуде. Олар ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге атсалысады.

Сонымен қатар маңызы жоғары объектілер мен түзету мекемелерін күзетеді және төтенше жағдайлардың, терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін қамтамасыз етуге қатысады. Атап айтсақ, ұландықтарға артылған міндет аз емес.  Дегенмен әскер деген шыңдап, шынықтыратын өмір мектебінен абыройлы міндет атқарып шыққан сарбаздар үшін бұл күнделікті қызмет қана.

Тәулік бойы міз бақпай ел тыныштығын күзететін Ұлттық ұлан сарбаздары – бүгінгі күннің батырлары. Осы орайда Ақтөбе облысының қауіпсіздігіне 30 жыл бойы үлкен үлесін қосып келе жатқан 6655 әскери бөлімінің ерен еңбегін атап өтпеске болмайды.

Аягөз ҚҰРМАШ
Бөлісу: