2 қараша кинопремьералары

2 Қараша 2017, 16:31 2167

Аптаның жаңа фильмдері

Marvel студиясының «Тор» трилогиясының соңғы фильмі, Омар Си ойнаған алаяқ дәрігер туралы драма, Агата Кристидің «Crooked House» романы бойынша түсірілген британ детективі, француз суретшісі Поль Гоген мен оның музасы туралы мелодрама, Итан Хоук басты рөлде ойнайтын «24 сағаттық өмір» фэнтези-боевигі, лайк үшін кісі өлтірген екі құрбы туралы үрейлі комедия және балаларға арналған әйгілі «Фиксиктер» мультсериалының толықметраж нұсқасы. Бүгінгі премьералар осындай. Енді толығырақ тоқталайық.

«Рагнарёк» - Marvel кинематографиялық әлемінің он жетінші кинокартинасы, Тор туралы трилогияның соңғы – үшінші фильмі. Рагнарёк – герман-скандинав мифологиясында құдайлардың өлімі және бүкіл әлемнің жойылуы дегенді білдіреді. Аңыз бойынша құдайлар мен хтон құбыжықтарының арасындағы соңғы шайқас осындай қайғылы оқиғаға алып келеді.

Жоба жылдың басты премьераларының бірі саналады. Әсіресе кинокомикс фанаттары үшін үлкен оқиға. Сюжеті «Тор 2: Түнек әлем» фильміндегі оқиғалардан соң төрт жылдан кейін, «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» фильміндегі оқиғалардан соң екі жылдан кейін өрбиді. Тор балғасынан айырылып, басқа әлемде тұтқынға түседі. Оның отаны Асгардқа Хела есімді өлім құдайы шабуыл жасайды. Тор гладиатор шайқасына түсіп, күтпеген жерден Халкты кездестіреді және онымен жекпе-жекке шығуға мәжбүр болады. Ол Брюс Беннерді жаһанды құтқаруға көмектесуге көндіруі керек.

Өзімізге таныс суперқаһармандар да, оларды ойнайтын актерлер де өзгерген жоқ. Сондықтан оларға тоқталу артық деп санаймын. Ал басты зұлымды Кейт Бланшетт ойнайды. Одан бөлек актерлік құрамға Джефф Голдблюм, Тесса Томпсон, Карл Урбан секілді жұлдыздар қосылды. Бонус ақпарат: Бенедикт Камбербэтч тің орындауындағы Доктор Стрэндж пайда болады деген хабар бар.

«1+1» өмірбаян драмасы арқылы танылған Омар Сидің қатысуымен тағы бір көңілді драма шықты. «Афера доктора Нока» картинасының оқиғасы 1950 жылдары өрбиді. Қалта қағудың шебері Нок француздың Сен-Морис қалашығында жасырынып жүріп, айлакерліктің жаңа түрін ойлап табады. Ол дені сау адамдарды жоқ аурудан емдейді. Алайда бұрынғы танысы пайда болып, оның өтірігін әшкерелемекші.

Фильм сонау 1923 жылы жазылған «Knock» пьесасының экранизациясы екен.

«Скрюченный домишко» - ағылшын жазушысы Агата Кристидің аттас шығармасына негізделген детектив. Негізгі оқиға Леонидис есімді ауқатты отбасы төңірегінде өрбиді. Сол үйдің отағасы - олигарх Аристид Леонидис қайтыс болады. Олигархтың немересі София жеке детектив Чарльз Хейуордты атасының өлімін тергеуге шақырады. Қыз атасын үйдегілердің біреуі улап өлтіргеніне сенімді.

Детектив рөлінде Макс Айронс, әйгілі актер Джереми Айронстың ұлы. Актерлік құрамда одан бөлек Гленн Клоуз, Джиллиан Андерсон, Кристина Хендрикс, т.б. тәжірибелі әртістер бар.

«Дикарь» - XIX ғасырда өмірген француз суретшісі, мүсінші Поль Гоген өміріне негізделген драма. Сюжет бойынша Париждегі сәнді өмірден шаршап, Поль Гоген әлемнің басқа түкпіріне аттанады. Шабыт пен өмірдің жаңа түстерін іздеп ол Таитиге тап болады. Бұл жерден асау да асыл, қол жетпес құштарлық пен жан ауыртар қызғаныштың нысаны, музасы - Техураны кездестіреді.

Ұлы суретшіні Венсан Кассель сомдайды.

Америка актері Итан Хоук «24 часа на жизнь» фэнтези-боевигінде өліп қалған киллерді ойнайды. Сюжет бойынша оның кейіпкері кезекті тапсырмасын орындап жүріп өзге жендеттің құрбаны болады. Алайда жұмбақ жағдаймен киллер о дүниеден қайтып оралады. Ол өзін өлтірген адаммен бірігіп, 24 сағат ішінде өмірінде жасаған күнәларынан арылуы керек.

«Убить за лайк» - қазіргі лайкомания, әлеуметтік желіде негатив арқылы өзіңе көңіл аударту дертін асқынған формада көрсетуге талпынған үрейлі комедия. Мектепте оқитын екі қыз интернетте танымал болуды армандап, қалада болып жатқан түрлі қылмыстық оқиғалар туралы жазатын блог ашады. Қанды қырғындардың майын тамызып суреттегені сонша, көп кешікпей оларды оқитындар көбейеді. Алайда қылмыс үнемі бола бермейді, әрі оқырмандарды зеріктіріп алмау керек. Сол себептен құрбылар әңгімелеп беруге тұрарлық қанды оқиғаларды өздері ұйымдастырып, ұнамаған адамдарын өлтіре бастайды.

Басты рөлдерде Брианна Хилдебранд пен Александра Шипп. Бір қызық факт: Брианна Хилдебранд осыған дейін «Дэдпул» кинокомиксында Дыбыстан жылдам Оқтұмсық деген суперқаһарманды ойнады. Онда да оның кейіпкері Туиттерден шықпайтын жасөспірім қыз еді.

Бұлардан бөлек тағы бір жаңа фильм бар. Балалар телеарналарынан түспейтін «Фиксики» анимациялық сериалы толықметраж болып шықты. Атауы – «Фиксики: Большой секрет».

Ернар Бекенов
Бөлісу: