29 наурыз кинопремьералары

29 Наурыз 2018, 11:27 3830

Спилбергтің «Ойыншысы», дәулермен жалғыз арпалысқан қаршадай қыз, Содербергтің «есі ауысқан» жұмысы, Путин туралы комедия.

Жазушы-сценарист Эрнест Клайнның 2011 жылғы романына негізделген фантастикалық боевик «Первому игроку приготовиться» («Ready Player One») деп аталады. Стивен Спилберге режиссер болған картинаның оқиғасы болашақта, 2045 жылы өрбиді.

Әлемдік экономика құлдырауда, ресурстардың жаһандық дефициті сезілуде. Дегенмен интернет және ойын мәдениеті керемет дамыған. Солардың бірі - ОАЗИС деп аталатын виртуал әлем. Ойынды құрастырушы Джеймс Хэллидей өлерінің алдында ойынның ішінде жұмбақтар жасырып кетеді. Осы жұмбақты тауып, шешкен ойыншы оның миллиондаған байлығына ие болмақ. Мұраға таласқан адамдар мен компаниялардың шайқасы осылай басталады.

Басты рөлде - Тай Шеридан. Оның дебюті Терренс Маликтің «Древо жизни» («The Tree of Life») фильмінен басталды. Содан бері «Мад» («Mud»), «Джо» («Joe»), «Люди Икс: Апокалипсис» («X-Men: Apocalypse») секілді басқа да жобалардан көрінді.

«Я сражаюсь с великанами» («I Kill Giants») – аттас комиксқа негізделген фэнтези. Режиссері – «Гелий» («Helium») қысқаметражды фильмі үшін «Оскар» алған даниялық Андерс Вальтер Хансен.

Сюжет Барбара Торсон есімді ерекше қыз төңірегінде өрбиді. Оның өзгелерден артықшылығы - алыптар әлемін көре алады. Дәулер адамдарға қауіп төндіреді. Алайда оған ешкім сенбейді. Енді әлемді құтқару оның ғана қолында.

Атақты қоюшы Стивен Содербергтің жаңа жұмысы «Не в себе» («Unsane») деп аталады. Психологиялық хоррор-триллердің басты рөлінде – «Корона» сериалының жұлдызы Клер Фой.

Фильмнің негізгі оқиғасы психиатриялық клиника қабырғасында өтеді. Соңынан аңдыған әлдекім туралы айтқаннан кейін Сойер Валентини өз еркінен тыс психиатриялық мекемеге қамалады. Қыз өзінің басты үрейімен бетпе-бет келіп, оның шын-жалғанын анықтау керек.

Comedy Club резиденті Дмитрий Грачев өзіне үйреншікті болып кеткен – президент Владимир Путин рөліне қайтып оралыпты. Бұл жолы ол «Каникулы президента» киносында.

Сюжет бойынша жұмыстан шаршаған президент жалғыз өзі каникулға аттанады. Ол демалысын Қырымда өткізбек. Жұрт көзінен тасада тынығу мүмкін емес екенін ұққан президент гримерлердің көмегіне жүгінеді. Алайда оның өзгерген түрі коллекторлардан қашып жүрген Валериймен бірдей болып шығады...

Ернар Бекенов
Бөлісу: