26 жасында жеті баланы дүниеге әкелген шымкенттік ана

16 Мамыр 2023, 09:47 2099

Отан – отбасынан басталады. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы. Қазақ әу бастан «ер азығы түзде», «қызға қырық үйден тыйым» деп өсірген. Бабалардың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деуі де бекер емес. Кез келген адамзат баласына берілетін тәлім-тәрбие ана құрсағынан, ата-тектен дариды. Халықаралық отбасы күніне орай El.kz ақпараттық агенттігі тілшісі шымкенттік келін Анар Ахметовамен тілдестік. Ол - 7 бала өсіріп отырған алтын құрсақты ана, аяулы жар.

Анар Бибол Пралиевпен Астана қаласында танысқан. Тағдыр оларды осыдан 14 жыл бұрын тоғыстырыпты. 16 жастағы бойжеткен кәмелет жасына жетпей тұрмыс құратынын еш ойламаған. 

Өзім Астанадағы «Максимовка» ауылының тумасымын. Болашақ күйеуімді бас қалада жолықтырдым. Ол кезде 17 жаста едім. Жап-жас болып тұрмысқа шығып кетемін деп ойламаппын, Алланың ісі ғой бәрі. Бір-бірімізді ұнаттық. Келісіммен мені Шымкентке әкелді. Беташарымыз қара шаңырақта -Қазығұрттағы үйде өтті. Екеумізді ата-енеміз бірден бөлек шығарып жіберді, бірге тұрған емеспін,  - дейді Анар Ахметова.

Оның енесі үнемі қонаққа келіп тұрады. Немерелерін демалыс сайын апарады екен.

Шынымдай айтсам, ерте бөлек кеткен соң ба, Бибол екеуміз ешкімнен ешнәрсе сұрамадық, тіпті жәрдем берулерін де сұраған емеспіз, - дейді ол.

Әңгіме барысында кейіпкеріміздің тағдыр тауқыметін ерте жастан татқанын аңғардық. Соған қарамастан өмірді сүйеді, балалары десе шыбын жаны шығарға жер таппайды.

Тұрмысқа шыққанға дейін өзімнен кейін туған ініммен сырлас болдым. Қазір досым да, қолдаушым да, демеушім де – жолдасым. Осы кезге дейін жұмыс істеген емеспін. Шай-пұлды, ас-ауқатты өзі табады. Біреуге жалынғанды, қиындығын сыртқа көрсеткенді ұнатпайды. Бала-шағаның несібесі шығар, табысы жаман емес, күндіз-түні жұмыс істейді. Шаршап тұрса да онысын білдірмейді. Ал менің жұмысым – ошақ қасында. Балалардың сабағын оқыту, үй жиып, киім үтіктеу негізгі миссиям,-дейді кейіпкеріміз.

Анар балаларын ақылы мектепте оқытады. Көркем гимнастика мен шахмат сынды қосымша спорт үйірмелеріне барады.

Жаңа жыл қарсаңында бұл отбасыға Шымкент қаласының әкімдігінен арнайы бағдарламамен 3 бөлмелі пәтердің кілті берілді. Анар ол үйді жеке баспанасы болмағандықтан, бірнеше жыл бұрын кезекке тұрып алғанын айтады. «Әкімдікке барып, үй бер, көмек бер деген емеспіз. Барлығын ережеге сай жасадық. Ұзақ күттік, әрине, тиісінше үйлі болдық. Осы жылдар аралығында көзім жеткені – барлығына төзе білсең ғана жемісін көреді екенсің»,-дейді ол.   

Тұңғышымның жасы – 12-де, есімі – Жанель. Одан кейін араға екі жыл салып егіздері Мағжан мен Тоғжанды өмірге әкелген. Олар енді онға толады, ортада тағы үшеуі бар, ал ең кенжесі Мөлдірді 26 жасында босанған. Үлкен қызын өмірге әкелгенде біраз қиналыпты. Сол кезде оған туысқан әпкесі жәрдемдесіпті. Анасының қас-қабағынан көңіл-күйін ұғатын Жанель бүгінде Анардың қолқанаты, үй шаруасына жарап, барлық істе қолғабыс жасап жүр.

Перзенттерін өсіріп, тәрбиелеуде ешкімге алаңдамай, табанақы, маңдай терімен еңбек етіп жүрген Бибол Пралиевтің әкелік жауапкершілігіне тәнті болдық. «Отбасы бақыты – екі адамның қолында» деп түйсінетін жұбайлардың сананы нарық билеген тұста, көп балалы ата-ана атануы - ерлікпен пара-пар. Демографиямыздың өсуіне оң ықпал ететін Анардай аналар көп болғай!

Эльмира Жапарбекқызы
Бөлісу: