25 қаңтар кинопремьералары

25 Қаңтар 2018, 11:24 4358

Қандай киноға барғыңыз келеді?

«Бегущий в лабиринте» франшизасының үшінші фильмі, отандық «По любви» қылмыстық комедиясы, «Девушка в тумане» итальян триллері, «Побег из Рио» француз комедиясы, Comedy Club жұлдыздарының басын қосқан ресейлік трэш, Канн фестивалінің жүлдегері «Молодая женщина» трагикомедиясы.

Джеймс Дэшнердің шығармасына негізделген «Бегущий в лабиринте» фильмінің алғашқы бөлімі 2014 жылы жарық көрген еді. Жастар антиутопиясы жанрындағы фантастикалық боевиктің бүгін шыққан үшінші фильмі алдыңғы сериялардағы оқиғаны жалғастырады. Дилан О’Брайен ойнайтын басты кейіпкер алғашқы сериядан бері туындаған сұрақтарына жауап іздеу жолында басын тағы да қатерге тігеді. Достарымен бірге аңызға айналған Соңғы қалағы кіріп, лабиринттен өтуі керек.

Үшінші картина «Лекарство от смерти» («The Death Cure») деп аталады.

«По любви» - Фархат Әбдірайымов, Гүлнар Силбаева, Ерболат Тоғызақов, Жандос Айбасов, Максим Акбаров секілді отандық жұлдыздардың басын қосқан қылмыстық комедия. Алайда басты рөлдерде Әлішер Төлтаев және Мария Королева есімді дебютанттар ойнайды. Фильмді Александр Гольцев түсірген, ол осыған дейін «31 арнадан» көрсетілген «Гейзер» сериалына режиссер болды.

Негізгі оқиға Руслан және Света деген кейіпкерлер төңірегінде өрбиді. Екеуі бір-бірін мектеп кезінен бері біледі. Руслан Светаға ғашық. Оның жүрегін жаулап алу үшін ақша қажет деп ойлаған жігіт қылмыс әлемінің серкелерінен ірі көлемде қарыз алады. Алайда махаббатты сатып ала алмайсың, ал ақшаны қайтару керек.

«Девушка в тумане» («La ragazza nella nebbia») – детектив элементтері бар қылмыстық триллер. Фильм Донато Карризидің романына негізделген. Карризи осы жобаға өзі жетекшілік етіп, режиссер әрі сценарийші міндеттерін атқарып шыққан. Басты рөлдерде - Тони Сервилло мен Жан Рено.

Сюжеті: Қыстың суық түнінде психиатр Аугусто Флоресті жұмысқа шұғыл шақыртып алады. Ол апатқа ұшыраған испектор Фогелді қарауы керек. Инспектор есінен айырылған, апат орнында оған себеп болатын ештеңе табылмайды. Алайда Фогелдің көйлегінде қан табылады, алайда қан оныкі емес. Әңгіме барысында оқиғалар тізбегі қалыпқа келе бастайды.

«Мальчишника в Вегасе», «Очень плохие девчонки» секілді комедиялар ұнаған болса, келесі француз комедиясы да көңіліңізден шығуы тиіс. «Побег из Рио» («Going to Brazil») те сондай стилде жасалған картина. Француз-португал кинематографшысы Патрик Милле түсірген фильм құрбының тойына қатысу үшін әлемнің ең тартымды, алайда қауіпті мегаполистерінің бірі - Рио-де-Жанейроға аттанған ұш қыз туралы. Олар каникулды есте қаларлықтай етіп өткізбек болады. Бірақ көңіл көтеруге арналған сауық-сайран аман қалудың қамына айналып кетеді.

Ресейдің ТНТ арнасынан көрініп жүрген Comedy Club жұлдыздарын білетін шығарсыз? Кезінде «Самый лучший фильм» сериясымен үш бөлімді пародия-комедия да шығарды. Юмористер тағы да кинода бақ сынап көрмек. «Zомбоящик» - ТНТ арнасының 30 жұлдызының басын қосқан киножоба. Фильмде барлық жанр қамтылады және әжуалау нысанасына барлық саланың өкілдері ілігеді.

Сондай-ақ, Қазақстан прокатына француз режиссері Леонор Серайдың «Молодая женщина» («Jeune femme») трагикомедиясы шектеулі прокатпен шықты (Chaplin Cinemas желісі). Фильм 2017 жылы Канн кинофестиваліне қатысып, режиссерлік дебют үшін берілетін «Алтын камера» жүлдесін алды.

Ернар Бекенов
Бөлісу: