25 қазан – тарихи қадамның символы ретінде қайта жаңғырды

16 Қазан 2022, 09:57 4415

Тұңғыш егемендік құжатында не жазылды

 

Ұлытауда өткен ұлттық құрылтай Қазақ еліне осыдан он үш жыл бұрын мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып қалған Республика күнін қайтып оралтты. Республика күнінің ұлттық мереке статусына ие болуы тарихи әділдіктің орнауы еді. Мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке статусын қайтару туралы бастама көтере отырып, қазақстандықтардың тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды екендігін айтты. Және ең бастысы, тарихтан тағылым ала білген ел ретінде, мемлекеттің алға дамуының жаңа басымдықтарының бірі ретінде Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер күнтізбесіне өзгерістер енгізуді ұсынды. Және Президент бұл күнді Қазақстанның тұңғыш егемендік алған күні деп атап, оны еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек деді.

Алып империяның құрдымға кетуі һәм тәуелсіздік таңы

Келмеске кеткен кеңестік биліктің ықпалының әлсіреуі Одақ құрамындағы бірқатар елдердің одан енші ретінде егемендігін сұрауына себеп болды.

1980 жылдардың соңында кеңестік үкімет жүйелік дағдарыс жағдайында қалды. Құқықтық негізде КСРО ассиметриялық федерация болды. Алайда оның құрамындағы одақтық республикалар теңқұқылы дегенімен, шын мәнінде олай болмады. Мәселен, Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының (РКФСР) өз коммунистік партиясы болмады, ол Одақтың өзге мүше мемлекеттері үшін қаржылық, материалдық тұрғыдан негізгі донор болды.

Кеңестік мемлекеттік жүйенің бірлігін Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы қамтамасыз етіп отырды. Компартия кеңес қоғамы үшін басқарушы және бағыттаушы күштің қызметін атқарды.

Социалистік республикаларды КСРО құрамына мейлінше көбірек тарту мақсатында Кеңес Конституциясында Кеңес Одағында республикалардың кез-келген уақытта шығып кету еркіндігі берілді.

Зерттеушілердің бірқатары бұл кезеңде Одақтас мемлекеттердің өз ішінен ши шығуында Михаил Горбачевтің РКФСР статусын басқа республикалармен теңдестіруден үзілді-кесілді бас тартуы себеп болған деседі. Горбачев РКФСР-дің өз компартиясын ашу және оған Ресей республикасы статусын беру туралы ұсынысына қарсы болды.

Қайта құру кезінде КСРО-да ұлтаралық қатынастар шиеленісе түсті. 1986 жылғы Алматыда болған қазақ жастарының ереуілі де соның дәлелі. Одан бөлек, Якутияда ұлтаралық кикілжің орын алды. Ал 1988 жылы Таулы Қарабақтан басталған әзербайжан-армян қақтығысы одан әрі Өзбекстанда, Молдавияда, Оңтүстік Осетиядағы бас көтерулер мен шиеленістердің бастауы болды. 1988 жылы Балтық жағалауында тәуелусіздікті талап етушілердің саны артты. 1988 жылдың 16 қарашасында Эстония КСР-нің Жоғарғы Кеңесі республиканың мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларация қабылдады және республикалық конституцияға Эстония КСР аймағында одақтық заңдардың қолданысын шектейтін өзгерістер енгізді. 1989 жылдың 26 мамырында Литва ал 1989 жылдың 28 шілдесінде Латвия дәл осындай қадамға барды. Көп ұзамай, 1989 жылдың 23 қыркүйегінде Әзербайжан да өз тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылдады. Осылайша 1988-1990 жылдар аралығында барлық одақтық республикалар осындай мазмұндас акті қабылдап, Кремльден іргелерін аулақ сала бастады.

1990 жылдың шілдесінде өткен КПСС-тің соңғы XXVIII съездінде КСРО президенті Михаил Горбачев жаңа Одақтық келісімге қол қою керектігін мәлімдеді. Оған Жоғары Кеңес те қолдау білдірді. Құжатта КСР Одағының жаңа тұжырымдамасында оның құрамына кірген әрбір республика тәуелсіз мемлекет статусына ие болады және оны сақтайды делінген. Ал одақтас билік органдары болса мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық дамудың, сыртқы саясаттың стратегиясын әзірлейтін және жүзеге асыратын болып келісілді.

1990 жылдың 17 желтоқсанында халық депутаттарының IV съезінде Михаил Горбачев федеративті билік негізінде құрылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Одағын құру туралы мемлекеттік маңызды мәселені дауысқа салды. 1991 жылдың 17 наурызында өткен дауыс беруге 15 одақтас республиканың тоғызы ғана қатысты. Армения, Грузия, Латвия, Литва, Молдавия және Эстония мемлекеттері дауыс беруге қатысудан бас тартты. Сайлаушылардың 76,4 пайызы Одақтың сақталуын қолдаса, 21,7 пайызы қарсы болды.

1991 жылы Тәуелсіз мемлекеттер одағы туралы келісімге қатысқан барлық мемлекеттер өз тәуелсіздіктерін жариялады: 24 тамызда Украина, 30 тамызда Әзербайжан және осы ретпен барлық тоғыз мемлекет осы жылдың соңына дейін өз тәуелсіздіктерін жариялап, конституцияларын қабылдады.

1991 жылдың 23 тамызында Ресей де өз аумағында Компартия билігінің тоқтатылғаны туралы жарлыққа қол қойды. 1991 жылдың 8 желтоқсанында Ресей, Украина, Белоруссия көшбасшылары Б.Ельцин, Л.Кравчук, С.Шушкевич Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге келді. Бұл тарихта Беловеж келісімі деген атпен белгілі. Сол жылдың 21 желтоқсанында Алматыда бұрынғы 11 одақтас республиканың басшылары ТМД мақсаты мен қағидаты және оның негіздері туралы декларацияға қол қойды. Бұл декларация Беловеж келісімін мақұлдаған және ТМД-ның құрылуы КСРО-ның өмір сүруін тоқтатқанын дәлелдеген құжат болды.

1991 жылдың 25 желтоқсанында мәскеу уақытымен 19:00-де Михаил Горбачев Орталық телевидениеден тікелей эфирге шығып өзінің КСРО президенті ретінде қызметін тоқтататынын мәлімдеді. Сол күні-ақ Кремльдің төбесіндегі КСРО мемлекеттік туы түсірілді. Және оның орнына Ресей Федерациясының мемлекеттік туы көтерілді.

Осылайша, 1991 жылдың 25 желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Республикалар Кеңесі декларация қабылдады, онда «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуымен КСРО мемлекет және халықаралық құқық субъектісі ретінде өмір сүруін тоқтатты» делінген.

   Қазақстанның егемендік алған күні - 25 қазан!

Ақиқатын айтқанда, Қазақстанның тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы осы күнмен байланысты.

1990 жылы 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының депутаттары біздің еліміздің егемендік тарихының қалыптасуы үшін маңыздылығы жоғары «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны қабылдады. Кеңес билігі бұл уақытта өз ішінен жік шығып, одақтас республикалар одан бөлініп шыға бастаған болатын. Декларация қабылданбас бұрын, Қазақстан басқару жүйесіне президенттік билікті енгізді. Нақтылап айтар болсақ, 1990 жылы 24 сәуірі күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республика билігін түбегейлі өзгерту мақсатында «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулыны дүниеге әкелген болатын. Кеңес Одағының құрамында отырып, мұндай шешім қабылдау әрине, батылдық болатын. Дәл сол күні Н.Назарбаев Қазақ КСР-нің президенті болып сайланды. Және айта кету керек, Нұрсұлтан Назарбаев бұл лауазымға сайлануы сол уақытта ешкім үшін де жаңалық болмады. Жалпыхалықтық сайлау өткізілмеді, оған уақыт та жоқ еді. Нұрсұлтан Әбішұлының сол кезде Қазақ КСР Компартиясының Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып тұрғаны барлық қазақстандықтарға белгілі дерек.

Қазақстанның егемендігі туралы тұңғыш құжаттың қабылдануына біраз уақытқа дейін Кремль билігі сын айтып, тізгін тартқыздырып келген еді. Декларацияның Жоғарғы Кеңес депутаттары арасында талқылануы және дауысқа салынуы 1990 жылдың қазан айында өтті. Ол он екінші шақырылым депутатарының қарауына берілді. Нәтижесінде, декларацияның қабылдануын пленарлық отырысқа қатысқан 281 депутаттың 261-і қолдап шықты. Осылайша, «Қазақ Совет Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» тұңғыш декларация қабылданды.

   Тұңғыш егемендік құжатында не жазылды?

Тәуелсіз Қазақстанның мұрағаты ел тағдыры тайталасқа түскен тұстарда мәселенің түюлі түйінін тарқатқан маңызды тарихи құжаттарға толы екендігі ақиқат. Біз сөз етіп отырған «Қазақ Совет Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация да өткен ғасырдың қойнауына еніп бара жатқан тарихтың бір парасы. Сонымен декларацияны алып қаралық, елдің егемендік алуына ұмтылған сол уақыттағы қазақ азаматтары алып империядан енші алған елдің құқықтық мемлекет ретінде құрылуында қандай міндеттер мен мақсаттарды негіз етті екен?!

Декларацияда қызыл саясаттың идеологиясындағы таптық бөлініс болмады, жаңа құжатта «жұмысшы тап», «шаруалар», «зиялылар» деген ұғымдар мүлдем алынып тасталды. Гуманистік демократиялық құқықтық мемлекет құруға басымдық берілді. Сол арқылы азаматтық қоғамға негіз салынды. Жалпы құжат он жеті тармақтан тұрды.

Бірінші тармақта Қазақ Совет Социалистік Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде жарияланды және ол өзге тәуелсіз мемлекеттермен одақтасуға, сондай-ақ Кеңес Одағынан өз еркімен шығуға құқылы екенін мәлімдеді. Екінші тармақта Ұлттық мемлекеттілікті нығайту және сақтау басым бағыттардың бірі болды. Оның ішінде қазақ халқының және Қазақстанда тұратын өзге де ұлттардың ұлттық құндылықтарын сақтауға, дамытуға, жандандыруға кепілдік берілді. Үшіншіден, Қазақ КСР-нің аумақтық шекарасының тұтастығы заңмен қорғалды. Төртіншіден, республика аумағында тұратын барлық ұлттар Қазақстанның біртұтас халқы болып саналды, және республиканың күллі халқының мүддесін білдіру Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне жүктелді. Бесінші тармақ Қазақ КСР тұрғындарына осы елдің азаматтығын беру, және республика азаматтарының құқықтарының заңды түрде қорғалуы мен ішкі, сыртқы көші-қонға байланысты болды. Алтыншы тармақ Қазақ КСР-нің республика ішінде дербес, өз бетінше мемлекеттік билік жүргізуіне қатысты болды. Ол барлық саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени мәмелелер мен елдің әкімшілік-аумақтық құрылысына, және мемлекеттік билік органдарының құрылымы мен өкілеттігін анықтауда және Республика рәміздерін бекітуде бұрынғыдай Кремльге тәуелділіктен мүлдем арылды. Жетінші тармақ мемлекеттік биліктің заңнамалық, атқарушылық және сот төрелігі билігіне бөлінуіне байланысты. Сегізінші тармақ бойынша Қазақ КСР-нің конституциясы мен заңдарына Одақтың жоғары органдарының заңдары мен заңнамалық актілерінен үстем болу құқығы берілді. Қазақ КСР ел конституциясы мен оның егемендігіне қайшы келген жағдайда Одақ заңдары мен актілерін қолданыстан шығару құқығын өзіне қалдырды. Тоғызыншы тармақ бойынша Қазақ КСР өз аумағындағы барлық табиғи және қазба байлықтарды, сондай-ақ, мәдени, тарихи құндылықтарды, экономикалық, ғылыми және техникалық әлеуетті өз меншігінде қалдыратынын жариялады. Оныншы тармақта Мемлекеттік ұлттық банк құру, сондай-ақ, өзінің қаржылық- несиелік жүйесін қалыптастыру, мемлекеттік бюджетті өз бетінше жасақтау, салық және кеден жүйесін құру бойынша алғышарттар белгіленді. Он бірінші тармақ экология тақырыбына құрылды. Мұнда әсіресе, республика халқына қауіп төндірерліктей жағдай болғанда, оның ішінде экологиялық қауіпті кәсіпорындардың салынуына жол берілмейтіндігі және мұндай әрекет анықталса, бірден тоқтатылатындығы жазылған. Сондай-ақ, республика аумағында ядролық сынақ өткізуге тыйым салынатынына, сынақ полигондарының құрылысы жүргізілмейтіндігіне басымдық берілді. Он екінші тармақта Қазақ КСР-нің өз аумағында тұратын барлық ұлттар мен ұлыстарға тең құқылық пен мүмкіндіктерге кепілдік берілді, сондай-ақ, Қазақ КСР-нің аумағынан тысқары тұратын қазақ ұлтының өкілдерінің ұлттық-мәдени, рухани және тілдік қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолдау білдірілетіндігі жазылды. Он үшінші тармақ елдің ішкі әскерилеріне, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарының құрылымына қатысты болды. Он төртінші тармақта Қазақ КСР сыртқы саясаттағы дербестегі, халықаралық қарым-қатынас құру еркіндігі, шетелдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер құру және сәйкесінше, шетелдердің ресми өкілеттіліктерін қабылдау, БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарға қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Он бесінші тармақ бойынша Республиканың егемендік құқықтарының қорғалуы Қазақ КСР-мен және Одақпен қорғалады делінген. Елдің ішкі мәселесіне араласу оның тәуелсіздігіне қол сұғумен бірдей. Он алтыншы тармақта мемлекеттік рәміздер, оның ішінде елтаңба, ту, әнұранның мемлекет үшін құндылығы және оған қол немесе тіл тигізу заңмен қудаланатыны жазылған. Соңғы он жетінші тармақта декларацияның Одақтық шарт жасасу сондай-ақ, Қазақ КСР-нің Конституциясын, заңнамалық актілерін әзірлеу үшін негіз болып табылатыны жазылған.

Ақиқатында, бұл декларация біздің еліміздің тарихының жаңа парақта жазылуының алғашқы бастамасы болған еді. Сол арқылы бүгінгі Қазақстанның ұлттық заңнамасына негіз салынды. Және біз бұл тарихи шындықты мойындауымыз керек.

Ал 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні Декларацияның біз санамалап, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өткен принциптерінің негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Бұл күнді бүгінде қазақстандықтар «Тәуелсіздік күні» ретінде тойлауда.

1990 жылдың күзінде қабылданған егемендік декларациясы мен 1991 жылдың желтоқсанында қабылданған тәуелсіздік туралы конституциялық заңы жаңа тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құқықтық іргетасына айналды және ол Қазақстан тәуелсіздігін рәсімдеу мен жариялау жолындағы басты темірқазық болды.

  Республика күні күнтізбеден неге алынды?

Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бастап халық ішінде аталып келді. Бұл күні Қазақстанның тәуелсіздікке алғаш жасаған тарихи қадамы ретінде мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Солай дейтұрғанмен, ол күнтізбедегі мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізілді. Яғни оған дейін бұл күн бейресми түрде аталды. Ал арада сегіз жыл өткеннен кейін, яғни 2009 жылы Мерекелер туралы заңға өзгерістер енгізіліп, нәтижесінде республика күні мемлекеттік мерекелер күнтізбесінен алынып тасталды. Бұл өзгеріс 30 тамыз күні Конституция күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты орын алды деп түсіндірді заңға өзгеріс ұсынушылар.

 

Егер бұл мәселені саяси сарапқа салған қоғам белсенділерінің пікіріне құлақ түрсек, саясаткерлер республика күнінің Мемлекеттік тәуелсіздік туралы конституциялық заң қабылданған 16 желтоқсан яғни Тәуелсіздік күнімен мағыналас болғандықтан алынып тасталғанын айтады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң актісі 1991 жылдың 16 желтоқсанында декларациядан кейін іле-шала қабылданған болатын.

Және сарапшылар Қазақ КСР-і егемендігін декларация арқылы жариялағанымен, ол уақытта әлі де болса Одақ құрамында болғанын алға тартады. Сол себепті де, декларация тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам, алайда, шынтуайтында ел тәуелсіздігі туралы алғаш сүйінші сұраған тарихи құжат 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заң болды. Себебі, дәл осы құжаттың қабылдануынан кейін ғана Қазақстан халықаралық аренада әлемдік қауымдастық тәуелсіз ел деп таныған егемен мемлекетке айналды.

   16 желтоқсанды қалай атап өтеміз?

Сонымен арада он үш жыл өткеннен кейін осы уақытқа дейін сарапшылар арасында тартысты талқылаудың тақырыбына айналған республика күні ұлттық мереке статусына ие болды. Қызыл күнтізбеден алынса да, ел жадынан кете қоймаған тарихи датаны мереке ретінде қайта жаңғырту туралы бастаманы Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың өзі білдірді. Қасымжомарт Кемелұлы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарып қана қоймады. Ол 1990 жылы 25 қазанда егемендік туралы декларацияның қабылдануын тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадам ретінде жадыда сақтау керектігін ескертті. Сондай-ақ, Республика күнін мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның символы ретінде бағалады. Әлгінде ғана айтып өткеніміздей, кейбір сарапшылар республика күні мен тәуелсіздік күнінің бір-бірімен астарласып жатқан мағыналас күндер екендігін айтып келген болатын. Сол себепті де түп мақсаты тәуелсіздікті көздеген екі даталы күннің біреуін ғана мереке ретінде атап өту туралы шешім қабылданды-мыс.

Мемлекет басшысы 16 желтоқсанда аталып өтілетін Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталатынын және бұл күннің де мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілетінін ескертті. Алайда, Мемлекет басшысының ұсынысымен ол келер жылдан бастап тәуелсіздік таңының атуында үлесі бар ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтілетін болады.

 

 

Нұр Төкен
Бөлісу: