ШҚО полицейлері 240 келіден астам тірі шаянды заңсыз тасымалдаған заң бұзушыны анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
“Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер Өскемен – Самар тасжолында автокөлікті тоқтату кезінде оның салонынан тиісті құжаттарсыз тасымалданған тірі көл шаяндары салынған 16 қапты тапқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сараптама тағайындалып, барлық қажетті тергеу әркеттері жүргізілуде. Күдіктінің Өскеменге жеткізіп, сату үшін белгісіз адамдардан 240 келіден астам шаянды сатып алғаны белгілі болды. Алдын ала мәліметтер бойынша заңсыз әрекет салдарынан келтірілген залал 1,6 миллион теңгені құраған.
ШҚО полиция департаменті “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы өңірдің экологиялық теңгерімін қорғауға және оның табиғи мұрасын болашақ ұрпақ үшін сақтауға бағытталғанын ескертеді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қарауды сұраймыз.