"24 мың теңгеге сауда жасадық". Министр халыққа қалтаға қарай көсілу керек екенін ескертті

26 Желтоқсан 2023, 11:42 1103

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев базардан азық-түлік сатып алуға 24 мың теңге жұмсағанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министр базардан ең қажетті деген өнімдерді алғанын да атап өтті. Айтуынша, жаңа жылдық дастарханға арналған өнімдерді аларда әркім қалтасына лайықтап, шамасын білгені дұрыс деп есептейді.

Өзім де таңғалдым. Бірақ жаңа жылдық өнімдерді емес, тек аса қажетті заттарды 24 мың теңгеге сатып алдық. Жаңа жылдық салаттарға арналған өнімдер, мандарин, ананас сияқты жемістердің бағаларын қарадық. Өнімдер 8-9 пайызға қымбаттаған. Мен мұнымен барлық азық-түлікті қамтып алған жоқпын. Алайда базарда зейнеткер әженің “қалтаңа шамаңа қарай сауда жасайсың, қымбат, арзан деген сөз жоқ” деген сөзі ұнады. Біз құрма, қызанақ, қияр, ет, сүт, екі нан секілді стандартты ең қажетті өнімдерді алдық. Саудаластық, түсірді. Бағаның бәрі тәбет бен қалтаңызға қарай болады, – деді министр. 

Дегенмен, Сауда министрі жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы 9,8 пайызға өскенін де жасырмады.

Желі қолданушылары министрдің бұл сөзін сынап жатыр. Айтуларынша, күн сайын дүкенге бір рет кіргенде кемі 10 мың теңге ақша кетеді. 

Екі қызым балабақшадан шыққан сайын дүкенге соқпай, үйге кірмейді. Тәттілер, нан-сүт пен екі литр кола құшақтап шықсаң он мыңға айналады. Ал, Сауда министрі Арман Шаққалиев небәрі 24 мың теңгеге жаңажылдық дастарханға азық-түлік алдым депті. Базардағы баға тұрақты, әрі арзан деп сұңқитқан. Сонда, кім өтірік айтады?, - деп жазған блогер Диас Нұрақын.
Жазба астына жазылған пікірлерде дүкендердегі қымбатшылық сөз болған.
 
"Әйелі екеуі ғана болса 24 мың жетеді", "Министрге ешқашан сенбеймін, өйткені өтірік", "Қымбатшылық қысып тұр. Балалы-шағалы отбасылардың шығыны өте көп, әсіресе Жаңа жыл қарсаңында", - деп жазып жатыр желі қолданушылары.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: