20 жасар түркістандық Ералхан – ат үстінен садақ атудан тұңғыш әлем чемпионы

12 Маусым 2019, 15:53 9275

Спортшы: «Қарсыластарымның бірі – Румыния елінен келген екі дүркін жеңімпаз спортшы...»

Садақ ату – мергендік өнер. Бүгінде  сұрмергендердің атқан оғы жерге түспейтін садақ ату өнері ұлттық спорт түрі ретінде дамып келе жатыр. Әсіресе  соңғы уақытта елімізде ұлттық спорт қауымдастығы жыл сайын түрлі республикалық, халықаралық жарыстар өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұнда сайысқа қатысушы мергендер аттың үстінде шауып келе жатып, екпінді бәсеңдетпестен белгілі бір қашықтыққа қойылған нысананы садақпен дәл атып, құлатуы керек. Осындай мергендікті талап ететін ат үстінен садақ ату спортынан «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі аясында «Алтын жебе»  турнирінен I Әлем чемпионаты өтті. Мұнда  20 жасар түркістандық мерген Ералхан Айкоз тұңғыш әлем чемпионы атанып, көк байрағымызды көкте желбіретті. Дүниежүзінің 12 елінен 25-ке жуық  айтулы мерген-спортшы бақ сынаған мұндай ауқымды жарыста бозбаланың адал еңбегімен жеткен   жетістігін нағыз ерлікке балауға болады.    

Фотода: Ат үстінен садақ атудан тұңғыш әлем чемпионы Ералхан Айкоз

Жас мерген Ералхан Айкоз  1999 жылы Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Майбұлақ аулында дүниеге келген. Облыстық спорт мектебінің түлегі  қазіргі кезде Шымкент қаласында Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алуда. Қазір жоғары оқу орнының 3-ші курсын аяқтаған ол болашақта садақ атудан жаттықтырушы болуды армандайды. Ералхан бұл спорт түрімен  2015 жылдан бастап шұғылданып келеді екен.

– Бұл спортқа  қызығушылығымды  алғаш рет спорт мектебіндегі жаттықтырушым Ербұлан Бекбосынов оятты. Сол кісі маған ат үстінде садақ атудан алғашқы сабақтар беріп, білім көкжиегімді кеңейтті және оны  тәжірибе жүзінде қалай атып, қалай дөп көздеу керектігін үйретті. Сол күннен бері осындай қызықты да қиын спорт түрімен айналысып келемін, - дейді Ералхан Айкоз.

Осыдан  бастап Ералханның түрлі жарыстарға қызу дайындық жұмыстары басталды. Күнделікті таңнан түске дейін  үш сағат бір орында тұрып атса, ал түстен кейін үш сағат ат үстінде жылдам оқ салып, дөп тигізуді үйренуге машықтанады. Осылайша денесін шынықтырып, садақ атуға бейімделген ол кейіннен бапкерімен жаттығуларын шаһардағы ипподромдарда  жалғастыратынын да тілге тиек етті. Ералханның айтуынша, жарысқа дайындық ол өтетін уақыттан бір немесе бір жарым ай бұрын басталады екен.

– Жалпы өзіміз  бала кезден атқа мініп өскендіктен, ат үстінде садақ ату мен үшін аса қиын болған жоқ. Бұл жерде бастысы, нысананың қай жеріне және садақты қалай дөп тигізіп атуын анықтап алу керек. Әрине, ол айтуға оңай болып көрінгенмен, тәжірибе арқылы меңгеруге болатын тәсіл. Үздіксіз көп жаттығулар міндетті түрде өз жемісін беретін болады. Біршама жүргізілген дайындықтан соң, садақ ату жаттанды іске айналып шыға келеді. Бір сөзбен айтқанда, қалай үйреніп алғаныңызды өзіңізде сезбей қаласыз, - дейді садақ ату спортының чемпионы.

Ералхан бұл өнерді игеру үшін ептілік, дәлдік, шапшаңдылық  және мергендік керектігін айтады. Оған қоса, спорттың бұл түріне машықтануда ең бастысы сәйгүліктер  ең үлкен рөл атқаратындықтан,  ат үстінде көп дайындық талап етіледі.

– Алғаш рет 16 жасымда, яғни 2015 жылы Орал қаласында жастар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатына қатыстым. Мұнда үздіксіз қажырлы еңбектің арқасында I орынды иеленіп, жеңімпаз атандым. Өз еңбегіңнің тәтті жемісің сезіну ерекше бақыт деп айтар едім. Жеңіс тұғырына көтерілгенде алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, - дейді мерген.


Фотода: Биыл елордада өткен ат үстінен садақ атудан I Әлем чемпионатының жеңімпаздары

Сол жеңістен кейін садақшылық өнерге қызығушылығы одан сайын артқан Ералхан бұл нәтижені 2017 жылы да қайталады. 2018 жылы жастар арасында өткен елішілік чемпионаттың жеңімпазы болса, биыл күміс жүлдені қанағат тұтыпты. Онымен қоса, үстіміздегі жылы Ералхан Алматыда өткен жастар арасындағы I Азия чемпионатында ІІ орын алса, ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатында қола медальды қанжығаға байлады. Жиырма жастағы мерген Венгрия, Түркия елдерінде жалауы желбіреген халықаралық жарыстарда бақ сынап, біраз тәжірибе жинақтап келіпті.

Былтыр екінші рет ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турнирінде Ералхан жүлдегерлер қатарынан табылып, күміспен күптелген еді. Енді міне, биылғы сында ел намысын қолдан бермей, Әлем чемпионы атанып, көк байрағымызды  желбіретті.

Бұл жарысқа дайындығын түркістандық мерген жарты жыл бұрын бастапты.  Турнир жақындаған сайын жаттығуды үдете түскен. Сөйтіп, аламан додада жүзден жүйрік шығуды мақсат еткен жігіттің төккен тері мен жұмсаған күші өз жемісін беріп, чемпиондық тәжді киіп отыр.

–  Менің қарсыластарымның бірі – Румыния елінен келген спортшы болды. Ол осыған дейін өткен халықаралық «Алтын жебе» турнирінің екі дүркін жеңімпазы. Ал екінші және үшінші қарсыластарым да әлем чемпионы атанған Моңғолия және Оңт.Корея елінің спортшылары болды, – дейді Е.Айкоз.

Түркістандық мерген өзі айналысатын  ежелгі ойын түрін шебер меңгергенін ат үстінде садақ атуынан байқауға болады. Әсіресе жылдамдықпен қатар ептілікті де саралайтын жарыста құралайды көздеп ататын Ералхан шеберлігінің арқасында көпшіліктен дараланып топ жарды.

–  Ежелден келе жатқан ат үстінде садақ атудан өз жерімізде өткен Әлем чемпионаты турнирі өте қызықты әрі тартысты өтті. Барлық елден келген қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Сондықтан  үздіксіз дайындықтың арқасында осындай өз елінің  кіл мықтылары жеңдім деп ойлаймын, - дейді ол.  


 

Бос уақытында Ералхан адамның күш-жігері мен төзімділігін қалыптастыруға септігін тигізетін көкпар тарту ойынымен айналысады. Жас мерген болашақта шет мемлекеттердің төрінде көк байрағымызды желбіретіп, биік шыңдарды бағындыруды армандайды. Нағыз шынығатын әрі өздерін танытатын үлкен жарыстарда Ералхан Айкоз секілді өзге де жерлестеріміз   бақ сынап, алдағы уақытта қазақ елінің атын жоғары деңгейде көрсетеді деген үміттеміз. Осындай турнирлер арқасында ұлттық ат спорты ойындарының бір түрі қайта жаңғырып отыр.

Жалпы елімізде ұлттық ойындардан түрлі жарыстар өткізу арқылы дәстүрлі садақ атудан бөлек, қазақша күрес, арқан тарту, қол күрес, асық ату, ләңгі тебу секілді ондаған ойындар бұқаралық сипатқа ие болуда. Соларды тамашалаған жастарымыз бен бүлдіршіндеріміздің ұлттық спорт пен салт-дәстүрге деген қызығушылығы артады әрі ежелден келе жатқан қазақтың  мәдениетімен жақын танысуға таптырмас  мүмкіндік алады.

(Суреттер   Ералхан Айкоздің жеке мұрағатынан

және ғаламтор беттерінен  алынды)

Осыған ұқсас қызықты материалдар:

«Қазақстан Барысы» турнирінің ең жас балуаны – Бибарыс Әбдіғани 

 

«Чемпион болатын күн алыс емес»

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: