25 Қаңтар 2016, 09:43
Технологиялардың болашағын болжаушылардың ішінде Рэй Курцвейлдің рөлі ерекше, өйткені оның осыған дейінгі болжамдары рас болып шықты. Бұл мақала Курцвейлдің келесі 80 жылға арналған болжамына арналмақ. Дегенмен алдымен Рэй Курцвейл кім деген сұраққа жауап беріп көрелік.
Google-дің техникалық директоры қызметін атқарып жүрген Курцвейл жеті кітаптың (соның ішінде бесеуі бестселлер) авторы, жиырмаға жуық құрметті докторлық атақтық иегері, АҚШ-тың үш бірдей президентінен озаттық белгісін алған.
Ол сондай-ақ көптеген технологиялардың авторы: алғашқы планшеттік ССD сканерден бастап, көзі көрмейтіндерге арналған алғашқы сөйлейтін аппаратқа дейін. Сонымен қатар ол Singularity University оқу орнының тең құрылтайшысы және Ларри Пейджбен бірге Google компаниясында жасанды интеллектті дамытумен айналысады.
Қысқаша айтқанда, Рэй Курцвейл өте ақылды адам және оның болжамдары қызықтырмай қоймайды. Ол әрдайым біздің адамзат тарихындағы ең бір шешуші кезеңде өмір сүріп жатқанымызды еске салып отырады.
1990 жылы ол ...
...компьютер шахмат ойыны бойынша әлем чемпионын 1998 жылы жеңеді деп болжаған. 1997 жылы Deep Blue (IBM) Гарри Каспаровты жеңді.
...жеке компьютерлер 2010 жылға қарай интернетке сымсыз қосылып, сұрақтарға жауап бере алады деп болжаған. Түсінгендеріңіздей, оның айтқаны рас болып шықты.
...2000 жылдардың басында экзоқаңқа мүгедектерге жүруге мүмкіндік береді деп болжаған. Ekso Bionics және өзге де компаниялар дәл осы экзоқаңқа жасаумен айналысып, алғашқы нұсқаларын шығарып та қойды.
1999 жылы ол...
...адамдар компьютерге дауыс арқылы бұйрықты 2009 жылдың өзінде бере бастайды деп болжаған. 2009 жылы Siri және Google Now секілді тіл интерфейстері енді ғана іске қосылып жатты.
... 2009 жылы компьютер дисплейі көзілдірікке орнықтырылып, қосымша шынайылық пайда болады деп болжаған. Мұндай дисплейлерді ғалымдар зертханаларда 2009 жылға дейін де жасаған болатын, ал 2011 жылы Google компаниясы Google Glass көзілдірігін жалпақ жұртқа таныстырды. Қазір қосымша және виртуалды шынайылық алаңындағы қарқынды дамуды бақылап отырмыз.
2005 жылы ол...
...2010 жылы виртуалды шешімдер тілдік аудармаларды шынайы уақытта жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп болжаған. Яғни өзге тілдегі сөздер келесі негізгі тілге мәтін күйінде аударыла береді. Microsoft (Skype Translate) пен Google (Translate) мұны жүзеге асырып қойды. Word Lens секілді жекелеген қосымшалар тіпті сіздік камераңыздағы суреттерде кездесетін мәтіндерді де аудара алады.
Өткен жылдың басында Детроиттағы (АҚШ) SAE 2015 конгресінде Рэй Курцвейл технологиялар дамуының 2099 жылға дейінгі болжамын жасады. Егер аталған болжамды жүйелесек, қоғам өміріндегі шешуші салалардың ХХІ ғасырдың соңына дейінгі дамуына көз шалуға болады.
Адамдардың көпшілігінде бірнеше компьютерден болады. Құны 4000 доллар тұратын компьютерлердің есептеу қуаты секундына 20 квадриллион есептеуге жетпек. Микрокомпьютерлер барлық нәрсеге енгізіледі – киімге, бағалы заттарға, жиһазға, тіпті қабырғаға дейін. Кішірею фото мен видеоға да қатысты, объективтер түйреуіштің басындай болады.
Адамдар виртуалды шынайылыққа қол жеткізеді, яғни бейне көздің ішкі тор қабығында пайда болмақ. Қолданушылар өз компьютерлерімен екі жақты (сөйлеу және ым-ишара) интерфейс арқылы байланысқа түседі, пернетақта еш қажет болмай қалады. Перифериялық құрылғылардың кабельдер мен сымдар арқылы жұмыс істейтін нұсқалары толықтай жойылады.
Студенттердің барлығы компьютерге қол жеткізеді. Негізгі білім беру қашықтықтағы адаптивті курстар негізінде ұйымдастырылады, яғни ондай курстарға оқытушылар мен студенттер қашықтықта отырып қатысады.
Көзі нашар көретіндер мен мүлдем көрмейтіндер шынайы өмірді дауысталған сөзбен түсіндіріп бере алатын көзілдірік таға алатын болады. Ал құлағы естімейтіндер сөйленген сөзді мәтінге немесе таңбаға, музыканы бейнеге айналдыратын құрылғыларды таға алады. Сондай-ақ, жасанды көз торы, бионикалық құлақ және тағы да басқа нейроимлантаттар пайда болады, алайда олар шектелген көлемде болмақ.
Жұлыны зақымдалғандар қайтадан жүре бастайды. Бұл үшін оларға интерфейс арқылы адам миымен басқарылатын экзоқаңқа көмектеседі.
Автоматты аудару жүйелері тиімді болғаны сонша, кәсіби ортада және күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын болады.
Жер бетінің 85 пайызында интернет қолжетімді болады. Ол негізінен сымсыз және арзан болмақ. Формалды төлем автоматты түрде алынады.
Компьютерлік бағдарламалар өнер туындыларын заманауи авторлармен бірдей немесе олардан жақсы етіп жасай алады. Жасанды интеллект (АI – artificial intellect) жасаған суреттер, музыкалық композициялар және мүсіндер пайда болады.
Қағаз кітаптар раритетке айналады. Мәтінді оқудың негізі құралы анықтығы жоғары жеңіл портативті дисплейлер болмақ.
Роботтар үй жануарлары секілді күнделікті өмірдің қарапайым құрамдас бөлігіне айналады. Дамыған елдер адамдар мен роботтардың қарым-қатынасын реттейтін заңдар қабылдай бастайды.
Автопилот жүйелері жеңіл, жүк және қоғамдық көліктерде кеңінен тарайды. Бірқатар елде жүргізушінің электронды ассистенті жоқ көлікті басқаруға тиым салынады. 2020 мен 2025 жыл аралығында шағын жеке ұшу аппараттары пайда болады.
Тағып немесе алып жүретін электроника имплантацияланатын электроникамен ығыстырыла бастайды. Біз қартаюмен тиімді түрде күресе бастаймыз, әлі атауы жоқ нанороботтар көмегімен өз өмірімізді тұрақты түрде ұзартып отырамыз.
Баламалы энергетика басқа салалардың дамуы үшін шешуші технологияға айналады. Ол басым концепция ретінде бекітіледі. Күн батареялары тиімді болғаны сонша, олардың жалпы қуаты энергиялық шығынның басым бөлігін жабуға мүмкіндік береді.
Компьютерлік бағдарлама Тьюринг тестін өтіп қана қоймай, оны адамдардан әлдеқайда жақсы көрсеткішпен тапсыра алады. 1 мың доллар тұратын компьютер көпшілік салада орташа адамның миынан күштірек болады.
Миды модельдеу әлдеқайда нақты болмақ. Жүздеген әртүрлі субаймақтың функциясы, олардың даму және жұмыс істеу алгоритмі анықталады.
Көптеген адамдар ерікті түрде киборгқа айналады және имплантаттардың шамадан тыс көптігінен «адамзат» ұғымы қайта қаралады. Кез келген ірі емханада машина ағза мүшелерін дайындай алады.
Миға және нейрондардың жекелеген топтарына тікелей қосылатын компьютерлік имплантаттар пайда болады. Олар адамға қосымша қабілеттер береді – есте сақтау және сезу қабілеттерін күшейту, реакция жылдамдығын арттыру және үйрену уақытын қысқарту.
Компьютерлер адамның қатысуынсыз өздігінен білім ала алады. Биологиялық емес интеллект формалары адамзат санасы ұйымдасуының артықшылықтары мен машиналық интеллекттің ақпарат алмасудағы шексіз мүмкіндіктерін біріктіре алады.
Шамамен барлық автокөлік өздігінен басқарылатын болады. Ауылшаруашылық жұмыстары мен көлік жүйелері де толықтай автоматтандырылады.
Жасанды интеллекттің дамуы машиналардың құқығын қорғайтын қоғамдық қозғалыстардың пайда болуы әкеледі. Орбиталық қорғаудың жаһандық бағдарламасы Жерді ірі метеориттер мен астероидтардың құлауына тиімді қорғайтын болады.
Трансгуманизм шешуші бағыттардың біріне айналады. Нейроимплантаттар кез келген ақпаратты тезірек алуға мүмкіндік береді. Ағза жасушаларын жаңа функция атқаруға және ауруды емдеуге бағдарламалауға болады.
Интернет-трафик жүздеген миллион есе өседі де, іздеу жүйелері барлық жерлерге орналастырылады. Жүйеге сұранысты BCI (Brain-computer interface) арқылы ой күшімен жіберуге болады.
Мәңгілік өмір сүру алғаш рет жүзеге асады: нанороботтар апоптозды еңсеруге мүмкіндік береді және ағзаны кез келген теріс әсерлерден қорғайды.
Нанороботтар тағамды қолда бар заттардан жасай алатын болады. Мұндай тағамды «табиғи» түрінен ажырату мүмкін болмайды, алайда оның сыртқы пішіні мен құрамын бағдарламаны модификациялау арқылы өзгерте беруге болады. Мысалы, ондай тағам майлы немесе майлылығы төмен бола алады, сондай-ақ оның құрамындағы амин қышқылдарының, дәрумендердің, микроэлементтердің көлемін өзгертуге болады, тіпті тамақты қорытуға көмектесетін ферменттерді сол тағамға алдын ала қоса аласыз. Синтетикалық тағамды әзірлеу технологиясы аштық мәселесін шешіп, азық-түлік өндіруді климаттық жағдайлар мен табиғи ресурстардан тәуелсіз етеді.
Виртуалды шынайылық пен нағыз шынайылықтың айырмашылығы жойылады. Бұған қосымша шынайылық жүйелерінің дамуы және кез келген физикалық объектінің өзін-өзі құрастыра алуы әсер етеді.
Нанотехнологиялар пикотехнологияларды тудырады. Адамдар өлшемі метрдің триллионнан бір бөлігін құрайтын құрылымдарды басқара алатын болады. Технологияық сингулярлық дәуірі келеді және ол адамзатпен бірге Жерден тыс аймаққа таралады. Біздің санамыз жасанды интеллектен күшті болмайды. Адамдар мен машиналар барлық деңгейде бірігеді. Адамдардың көпшілігінде тұрақты форма болмайды. Олар бағдарлама күйінде өмір сүреді және олардың саналары бірнеше физикалық объектіні басқарып, жаңаларын тудыра алады.
Дархан Өмірбек