Мәжіліс депутаты Айдос Сарым 2025 жылы елімізде Президент сайлауы болуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілісмен ел арасында таралған әңгімеге ешқандай негіз жоқ екенін атап өтті.
Алдағы жылы ешқандай сайлау болмайды. Мәжіліс пен Сенат бірікпейді. Конституцияда көрсетілген әрқайсының өзінің орны мен міндеттері бар. Мерзімінен бұрын болатын сайлау, бірігу дейтін секілді ақпараттың бәрі даңғаза сөз. Оған назар аударудың, сөз шығындаудың ешқандай қажеттілігі де, өзектілігі де жоқ, - дейді депутат.
Депутат қазір әлеуметтік мәселелерге назар аудару қажеттігін айтады.
Біздің ел үшін президенттік-парламенттік жүйе жақсы келіп тұр. Осыны әрі қарай дамыта беру керек. Аймақтарда кез келген мәслихаттың функционалы жеткілікті, бірақ оны пайдалану мәселесі бар. Дұрыс депутат сайлау білу, дұрыс әкім сайлау білу мәдениетін арттыру керек. Бүгінгі таңда көпшілік сайлау науқандарынан шаршаған сияқты. Қазір экономикалық және әлеуметтік мәселелермен айналысу керек, - дейді Мәжіліс депутаты.