2025 жылы ақшаны қайда сақтау керек?

17 Ақпан, 12:39 1270

Қазір қарапайым халық қолда бар артық ақшасын баяғыдай сандықта немесе үйіндегі сейфте сақтамай, оны әрі қарай көбейтудің амалын жасап, түрлі акциялар сатып алуға бейім. Миллиардер Тимур Турловтың 2025 жылы қаражатты қайда және қалай сақтау керегін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов Александр Соколовскийдің подкастында экономикалық тұрақсыздық жағдайында ақшаны сақтап қана қоймай, оны көбейтудің жолдары туралы өз ұсыныстарымен бөлісті.

Турловтың айтуынша, инфляция экономикаға айтарлықтай әсер етіп, ақша құнсыздануына әкеліп соғады.

Тұрақтылық еш жерде болмайды. Ең жоғары тұрақтылықты қалайтындар ең әлсіз болып қалады. Себебі біз жоғары инфляция дәуірінен өтіп жатырмыз, – деп атап өтті ол.

Кәсіпкер қазіргі жағдайда ақшаны мемлекеттік бағалы қағаздарға немесе төмен табысты банк салымдарына салу тиімсіз стратегия екенін ескертті, өйткені бұл қаражаттың құнсыздануына әкелуі мүмкін.

Ақша құнсызданып жатыр. Сондықтан ақшаны мемлекеттік бағалы қағаздарда немесе төмен пайыздық банк депозиттерінде сақтау – нашар стратегия. Бұл қаражаттың құнын жоғалтуына әкелуі мүмкін, – деді ол.

Турлов қауіпсіз әрі табысты инвестициялардың бірнеше нұсқасы бар екенін айтты. Оның пікірінше, қаражатты инвестициялаудың ең тиімді жолдары – акциялар мен облигациялар.

Менің түсінігімде, ақшаны тиімді көбейтудің екі негізгі жолы бар: меншік пен қарыз, яғни әртүрлі формадағы акциялар мен облигациялар, – деп түсіндірді кәсіпкер.

Бұдан бөлек, Турлов табысты әрі ірі корпорациялардың корпоративтік қарыздарына, әсіресе дамушы нарықтардағы компаниялардың облигацияларына назар аударуды ұсынды.

Мен табысты әрі ірі корпорациялардың корпоративтік қарыздарын қарастырар едім. Қаражаттың белгілі бір бөлігін, әсіресе дамушы нарықтағы компаниялардың қарызына салған жөн, – деп түйіндеді ол.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: