2025 жылға дейін 675 объектіні жекешелендіру жоспарланып отыр

6 Желтоқсан 2022, 10:29 1070

Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды

Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жекешелендірудің кешенді жоспары мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектордағы 675 объектіні құрайды.

«Жекешелендіру жұмыстарына республикалық меншіктегі 7 объекті, коммуналдық меншіктегі 250 объекті, ұлттық холдингтер мен компаниялардың 262 объектісі және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 156 объектісі кіреді», - деді министр.

Министрдің айтуынша, 1 желтоқсаннан бастап кешенді жоспардағы 675 объектіден құны 141,7 млрд теңге болатын 253 объекті бәсекелес ортаға берілді. Қайта ұйымдастыру және таратуға 60 объекті, 146-сы сауда-саттықта, 216 объекті сату алдындағы дайындықта тұр.

«Қазіргі таңда жоспардың 46 пайызы орындалды. Ал Кешенді жоспар объектілерін сауда-саттыққа шығару көрсеткіші 68%-ті құрап отыр. Кешенді жоспарды уақтылы және тиісінше орындау мақсатында мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында әрбір объектіні сатуға шығару бойынша іс-шараларды өткізу мерзімдері көрсетілген жол карталары орналастырылды», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Миражан Махан
Бөлісу: