2025 жылдан бастап елімізде жол құрылысы жеңілдейді

23 Желтоқсан 2022, 09:55 2148

Қазақстанда жол құрылысы саласын 1200-ге жуық нормативтік құжат реттейді. Олардың басым көпшілігі қайталанып, бір-біріне қарама-қайшы келіп жатады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Атап айтқанда, 114 құрылыс нормативі, 303 ұлттық стандарт, 527 мемлекетаралық стандарт, 17 ведомстволық құрылыс нормасы, 200 ведомстволық нормативтік-техникалық құжат және баға белгілеу мен сметалар бойынша 56 жинақ бар.

Өз кезегінде құжаттардың артық көлемі мен олардың реттелмеуі өзара басымдылықты анықтауды қиындатады, ал қарама-қайшылықтар, қайталанулар және ескірген нормативтер жағдайды одан сайын ушықтырып, жолдарды жобалау мен олардың құрылысы барысында көптеген қателіктерге алып келеді.

Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл күзде салалық нормативтік базаны жүйелі реформалауға көшті.

2023 жылы «ҚазжолҒЗИ» АҚ нормативтік-техникалық құжаттардағы сәйкессіздіктерді, қайталануларды анықтау, сондай-ақ талап етілмеген және өзектілігін жоғалтқан нормативтік құжаттарды жою бағытында жұмыс жүргізетін болады.

Жұмыстың нәтижесі бойынша 100-ден аспайтын нормативтік құжаттан тұратын мүлдем жаңа құрылым жасалуы тиіс. Аталмыш іріктеу салалық ережелермен жұмыс істеу уақытын қысқартады, сондай-ақ жолдарды жобалау мен олардың құрылыс сапасын жақсартады деп күтілуде. Мәселен, Қазақстанда битум тұтқыр затты сынау әдістері бірден 12 стандартпен реттеледі. Оңтайландыру аясында олар тек бір құжатқа енгізілетін болады.

Ендігі кезекте ғылыми-зерттеу институты нормативтік-техникалық құжаттаманы жетілдіру бойынша жұмысқа кірісті. Бүгінде «жобалау», «құрылыс», «пайдалану» және «жол саласының экономикасы» бағыттары бойынша 4 сараптамалық топ құрылды. Аталған топтарда ғалымдар нормативтерді өзектендіру мен қысқартуға баса назар аударатын болады. Әрбір тармақ бойынша мүдделі тараптармен талқылау үшін ұсынымдар жасалады. Тиісті шақырулар барлық жобалық және мердігерлік ұйымға, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП мен мемлекеттік органдарға жолданды.

«Шешім жеке-дара қабылданбайды. Бұл мәселені талқылау барысында ешкімнің пікірі назардан тыс қалып қоймауын көздеп отырмыз. Нәтижесінде Қазақстанда бірыңғай нормативтік база пайда болуы тиіс, ол веб-сайттардың құрылымына ұқсас болады. База ақпараттық жүйе ретінде қалыптастырылады. Сұраққа жауап іздеу үшін маманға енді барлық салалық стандартқа жүгінудің қажеті жоқ. Ол үшін базадағы қажетті бөлімді таңдау жеткілікті. Сонымен қатар қағаз нұсқасын жасау да жоспарда бар», – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.

Оның айтуынша, жол саласы дамыған мемлекеттердің, оның ішінде Қытай, Түркия, Германияның тәжірибесі негізге алынады. Айта кетерлігі, бұл елдерде нормативтік құжаттардың негізі болатын нұсқаулықтар қолданылады.  

Қазіргі уақытта жұмыс топтары бірінші кезекте талдауға және қайта өңдеуге қажет басым құжаттардың тізбесін бекіткен, олардың саны 10-ға жуық. Бұл құжаттар жолдардың құрылысы мен оларды күтіп-ұстау жұмыстарына, қаржыландыру нормативтеріне қатысты. Сонымен бірге барлық нормативтік базадан «ұсыныс» терминін алып тастау жоспарланып отыр. «Жол саласында оны қолданбаған дұрыс. Жолшылардың жұмыс сапасын жақсарту және жеңілдету үшін ұсыныстардың орнына нақты нұсқаулықтар болуы керек», деп санайды институт мамандары.

EL.KZ
Бөлісу: