Жамбыл облысында 2025 жыл "Кітап оқу жылы" деп белгіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.
Кітап – рухани азық, жанымыздың шуағы, болашағымыздың бағдары. Биылғы 2025 жылды Жамбыл облысында "Кітап оқу жылы" деп белгілеу – осы құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған қадам, – деген аймақ басшысы жаңа жылдық демалыста Шерхан Мұртазаның "Ай мен Айша" романын және Күләш Ахметованың "Құт" атты өлеңдер жинағын қайта оқып шыққанын жазды:
"Ай мен Айша" – адамның жүрегіне әсер етіп, ананың махаббаты мен қайсарлығын терең сезінуге шақыратын терең философиялық туынды. Күләш Ахметованың "Құт" жинағы болса, өлеңнің қасиетін, сөздің құдіретін сезіндірді.
Әулиеата өңірі – ақын-жазушылардың мекені, сөз өнерінің төрі. Ендеше, баршаңызды "Әулиеата – кітап оқитын өңір" жобасы аясында кітап оқуға шақырамын! Уақыт бөліңіз, кітап оқыңыз, рухани байыңыз! Адамзаттың алыбы Абай: "Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге..." деп, кітаптың құндылығын ерекше атап көрсеткен. Ендеше, біз де білім мен руханияттың кілтін кітаптан табайық, – деді Ербол Қарашөкеев.