​​2025-2026 оқу жылында қолданысқа енгізілетін жаңа оқулықтардың жобасы талқылауға шығарылды

5 Қыркүйек, 11:29 432

2025-2026 оқу жылы қолданысқа енгізілетін 4-сыныптарға арналған оқулықтар қоғамдық талқылауға шығарылды. Ол үшін Білім мазмұнын сараптау орталығының https://bmso.kz сайтындағы «Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау» бөліміне өту керек, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, талқылауға мұғалімдер, ата-аналар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мектеп оқулықтарының сапасына бей-жай қарамайтын барлық азаматтар қатыса алады.

Сайтта мына пәндер бойынша оқулықтардың мазмұнымен танысуға болады: «Орыс тілі» (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептер үшін); «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», Шет тілдері (ағылшын, неміс, француз), сондай-ақ «Цифрлық сауаттылық» бойынша электронды оқулық нұсқалары.

Барлық келіп түскен сын-ескертпелер, мен оқулықтардың сапасы мен мазмұнын жақсартуға қатысты ұсыныстар сараптама барысында ескеріледі. Талқылау биылғы жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады, - делінген мәліметте.

Атап өту керек, қолданыстағы заңнама бойынша бүгінде оқулықтар сараптаманың бес кезеңінен өтеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, оқулықтарды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу, қоғамдық-педагогикалық талқылау, пәндік сарапталық комиссияның қарауы. Қазіргі уақытта аталған оқулықтар қоғамдық талқылаумен қатар, еліміздің бірнеше өңірлерінде 31 пилоттық мектепте сынақтан өтуде.

Ғылыми-педагогикалық сараптамаға ғалымдар мен біліктілік санаты «зерттеуші педагогтен» төмен емес практик-мұғалімдер тартылады. Сарапшылар арнайы оқу курсынан өтіп, сарапшы сертификатын алған және республикалық сарапшылар базасына енген. Осындай жоғары талаптар сынақ және пәндік сарапталық комиссия қатысушыларына да қойылады, - деп қосты ведомство өкілдері.

Пәндік сараптама комиссиясының шешімімен сараптаманың барлық кезеңдерінен өткен оқулықтар мектептерде пайдалану үшін және Оқу-ағарту министрлігі бекітетін оқулықтар тізбесіне енгізу үшін ұсынылатын болады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: