2024 жылы Қазақстан халқын қандай өзгеріс күтіп тұр

1 Қаңтар, 11:30 7802

Мінеки, 2023 жылды артқа тастап, жаңа жылға қадам бастық. 2024 жылы елімізде көптеген маңызды жобалар жүзеге асады. Жалақы көбейеді, жәрдемақы өседі және тағы қандай өзгерістер болатыны жөнінде жаздық, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалақы көбейеді

Балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру үшін бюджетте 96 миллиард теңге қарастырылған. 616 жетекші қазақстандық ғалымдардың жалақысы көбейеді. Мемлекеттік табиғи және орман қорғау қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 15 млрд теңге қарастырылған. Су саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға ұлғаяды. Мемлекеттік БАҚ құралында жұмыс істейтін жалақысы 30 пайызға көбейеді.

Бірыңғай уақыт белдеуі

29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де уақыт бір сағат артқа жылжиды. Еліміздің 15 өңірі жергілікті уақытты бір сағатқа артқа жылжытады. Осылайша еліміз бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшеді. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары үшін ештеңе өзгермейді.

Үкімет заңды қазақша жазады

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елімізде заңдар орысша жазылып, қазақ тіліне аударылатынын жайлы бірнеше мәрте сауал жолдаған. Депутат 2024 жылдан бастап Үкімет заңды қазақша жазатыны айтты. Вице-премьер депутаттарға «2024 жылдан бастап заңдар қазақ тілінде дайындалады» деп жауап берген. Депутат қазақ тілінде 2 заң жобасын  дайындауға кіріскенін атап өтті.

Балалардың қазақ тілінен білімі тексеріледі

5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Жыл сайын мамыр айында балалардың қазақ тілінен білімі тексеріледі.

Емтихан жазбаша және ауызша өтеді. Тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын мұғалімдер академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады.

«Ұлттық қор – балаларға» 

Аталмыш жоба 1 қаңтардан бастап іске қосылады.Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады. Әділет министрлігінің базасындағы дерек негізінде 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 18-ге толмаған балалардың тізімі жасалады.  1 ақпанда осы есеп негізінде 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды.

Мораторий тоқтатылады

Шағын және микро бизнесті тексеруге арналған мораторий тоқтатылады. Сондай-ақ 2024 жылдан бастап бизнесті тексеруге адам қатыспайды. Өйткені елімізде тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылады. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды деп күтілуде.

Қымбаттайды

Құжат жасату бағасы қымбаттайды. Биылдан бастап жеке куәлікті 738 теңгеге, 36 беттен тұратын стандартты паспортты 29 536 теңгеге жасатады. Неке қию туралы куәлік – 3 692 теңге және қайта алу – 1 846 теңге, жүргізуші куәлігі – 4 615 теңге және ажырасу туралы өтініш беру үшін – 7 384 теңге төлейді. Айта кетейік, балалар паспорты екі есе арзандайды. Енді 16 жасқа дейінгі балаларға 24 беттік паспорт жасату үшін мемлекеттік баж 14 768 теңге болады.

Сұйытылған мұнай газының (автогаз) бөлшек сауда бағасы литріне бес теңгеге өседі. Астана – 76 теңге; Алматы – 81 теңге; Шымкент – 64 теңге; Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан облысы – 81 теңге; Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары – 54 теңге; Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Қарағанды ​​облысы – 76 теңге; Жамбыл облысы – 71 теңге; Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстары. – 64 теңге; Павлодар облысы – 74 теңге.   Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары – 76 теңге.

Ауыз су тарифі Қарағанды тұрғындары үшін бір текше метрі - 11 пайызға, Астанада -12, ал Қостанайда 14 процентке өседі.

Энергетика министрлігі электр энергиясының шекті тарифтерін бекітті. энергия өндіруші компаниялардың 55-тен 31 тобы үшін электр энергиясының шекті тарифтері қымбаттайды:

 

Ең төменгі жалақы көбейеді

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін өседі. Нәтижесінде айлығы төмен 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың табысы артады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 2024 жылы 43 407 теңге болып бекітіледі.

Айлық есептік көрсеткіш өседі

Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгені құрайды. Биыл 1 АЕК мөлшері 3 450 теңге болды.

Айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылады. Яғни, АЕК өссе, жәрдемақылар мен айыппұлдар да артады.

Жәрдемақы

1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де ұлғаяды.

1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеге дейін;

4 және одан көп бала туғанда берілетін жәрдемақы 232 596 теңгеге дейін өседі.

Бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы:

4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеге дейін,

10 баласы бар отбасылар үшін –147 680 теңгеге дейін өседі.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы:

I топ – 95 496 теңгеге дейін;

II топ – 76 397 теңгеге дейін;

III топ – 52 089 теңгеге дейін көтеріледі.

Зейнетақы

Жасы бойынша және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдері 9%-ке өседі. Ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 7 процентке көтеріледі.

Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері 57 853 теңгені құрайды.

2024 жылы бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ төлемдерін есептемегенде) 130 414 теңгені құрайды. Биыл оның мөлшері 120 838 теңге болды.

Жұмыс берушілер өз есебінен зейнетақы жарналарын аударады

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмысшылары үшін қосымша міндетті зейнетақы жарналарын аударады.

Алғашқы жылы зейнетақы жарнасының мөлшері жалақының 1,5 процентін құраса, 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5 процентке дейін көтеріледі.

2024 жылы – 1,5%;

2025 жылы – 2,5%;

2026 жылы – 3,5%;

2027 жылы – 4,5%;

2028 жылы – 5,0%.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: