2024 жылы креативті индустрия бойынша қазақ-итальян мәдениет орталығы ашылады

10 Қаңтар, 22:21 1150

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Италияның Қазақстандағы Елшісі Марко Альбертимен кездесті. Кездесу барысында Аида Балаева Қазақстан Еуропа елдерімен мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Италия - ғасырлар бойы сақталған тарихы бар әлемдік өнердің негізгі орталықтарының бірі. Өзара мәдени байлығымыз екі елдің тығыз қарым-қатынасына үлкен әсер етеді. Біз музей ісі, музыкалық білім беру, гастрольдік қызмет, музей экспонаттарын қалпына келтіру, музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Сондай - ақ шығармашылық бағытта үздік білім алуда екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылы біз үшін маңызды, - деді министр.

Елші Марко Альберти 2023 жылы Алматыда италиялық мәдени орталық, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы тұңғыш Мәдениет институты ашылғанын өз кезегінде атап өтті.

Мәдениет институтының негізгі мақсаты – жаңа шығармашылық таланттарға назар аудара отырып, италия тілі мен мәдениетін насихаттау. Біз осыған байланысты Қазақстанның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық танытып отырмыз. Олармен бірлесіп 30 бастаманы жүзеге асыруға ниеттіміз. 2024 жылы Қазақстанда креативті индустрия бойынша қазақ-италия мәдениет орталығын ашуды жоспарлап отырмыз, - деді Елші.

Қазақстан үшін «Венеция биенналесі – 2024» ауқымды шарасына қатысу маңызды оқиға болмақ. Ұлттық павильон аясында суретшілеріміздің жұмыстарының көрмесімен қатар өнер саласында шеберлік сабақтарын өткіземіз. Аталған мәдени алаң қазақстандық шеберлер мен таланттардың шығармашылығы мен өнері арқылы еліміздің тарихи-мәдени мұрасымен жақсырақ танысуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Тараптар білім беру саласындағы, медиасферадағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін, сондай-ақ Италияда Қазақстанның мәдениет күндерін ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: