Үш ауысымдық, апатты мектептердің мәселелерін жүйелі шешу мақсатында мемлекет жаңа мектептерді пайдалануға беру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Биылғы жылдың 1 қазанына дейін елімізде 78,5 мың орындық 77 мектеп ашылды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осы жылдың соңына дейін түрлі қаржы көздері есебінен 132 мың орынға арналған 154 мектепті, оның ішінде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 76 738 орындық 62 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің мәселесін шешеді. Жаңа мектептердің басым бөлігі Түркістан облысында – 16, Батыс Қазақстан облысында– 14, Астана қаласында – 10, Қызылорда және Жамбыл облыстарында 7 мектептен салынады, - делінген мәліметте.
Бұдан басқа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Биыл 217 мектептің құрылысы басталып, олар 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ұлттық жоба бірінші кезекте қалалар мен келешегі бар елді мекендерде жаңа үлгідегі мектептер салуға, оқушылар мен педагогтер үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде барлығы 740 мың орындық 369 жайлы мектеп салу жоспарланған.