2022 жылы Қазақстанға 28 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылды

19 Сәуір 2023, 10:10 992

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысы Әлихан Смайыловтың баяндамасымен басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Премьер-министр әлемдегі санкция мен текетірестің күшеюі логистика жүйесінің бұзылуына, соның ішінде азық-түліктің бағасының өсуіне және инфляцияға алып келгенін атап өтті.

Халықаралық валюта қоры әлемдегі инфляция болжамын 2023 жылы 7 пайызға дейін жоғарылатты. Сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, 2022 жылы біздің экономикамыздың өсуі 3,2 пайызды құрады. Елімізге 28 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылып, 18 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестицияның нақты көлемі 8 пайызға өсті. Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп, 134 милиард долларды құрады, - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов шағын және орта кәсіптік субъектілердің саны 27 пайызға өскенін тілге тиек етті.

Осы бағыт бойынша жұмыспен қамтылғандардың саны 13 пайызға артып, 3,9 миллион адамға жетті. Өткен жылы 980 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Қаңтар және наурыз айларында жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 4,9 пайызды құрады, - деді ол.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: