2022 жыл: Жас спортшыларымыздың жеңістері мен жетістіктері

1 Қаңтар 2023, 11:00 4389

Биыл жас спортшыларымыз үшін жемісті жыл болды

2022 жыл – елімізде балалар жылы болып жарияланған еді. Биыл жас жеткіншектеріміздің спорттан әлемдік аренада бағындарған белестері де аз болмады. Тіпті, бұрын соңды мұндай дәрежедегі белсенділік болмады десек, артық айтқынымыз емес. Олай болса, биыл халықаралық спорттың шыңын бағындырған жастардың  жетістіктеріне шолу жасап, тарихи естеліктерге көз жүгіртейік.

Жыл басынан бері теннис көп талқыға түскен спортқа айналды. Елена Рыбакинаның алғаш рет «Уимблдон» жеңімпазы атанғаны спорттағы жарқын сәттердің бірі ретінде есте қалды.

Балалар арасында да теннистен белсенді спортшыларымыз көбейіп келеді. Солардың бірі мамыр айында Францияның Париж қаласында өткен халықаралық теннис жарысында 1 орын және шілде айында финалист атанған – Заңғар Нұрланұлы. Сондай-ақ, Словакияның Банска Бистрица қаласында теннистің жеке және жұп ойынынан 1 орын алып, абсолютті чемпион атанды. Тіпті, Заңғар Еуропадағы спорт рейтингінде бірінші орында орналасқан ең жас қазақстандық спортшы атанды.

фото: жеке мұрағаттан 

Сондай-ақ, Тунисте қазақстандық үстел теннисінде тарихи оқиға тіркелді. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қарағандылық спортшы Алан Құрманғалиев египеттік Хана Годамен бірге аралас жұптық разрядта әлем чемпионы атанды. 

Шахматтан да спортшыларымыз осалдық танытпады. Әсіресе, қыздар арасындағы додада қазақстандық спортшылар көзге түсті.  Румынияда 14 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен әлем чемпионатында жас шахматшы Зарина Нұрғалиева алтын медиаль жеңіп алды. 

Италияның Сардиния қаласында өткен шахматтан әлем чемпионатында қос спортшы қызымыз Әсел Серікбай күміс, Меруерт Камалиденова қола медаль алды. Сондай-ақ, Панама астанасында шахматтан оқушылар арасында өткен әлем чемпионатына жеті жасар Малика Зиядин қатысты. Ол чемпион және жеті жасқа дейінгілер арасындағы шахматтан әлем чемпионы деген екі атақ алды. Бұл еліміздің тарихындағы ең жас спортшының ең үлкен марапаты болды. Оның бұл жеңісімен мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. 

фото: weproject.media

Жас шахматшы Нөгербек Қазыбек мамыр айында Грекияда өткен 18 жасқа дейінгі жастар арасында рапидтен әлем чемпионы атанып, алтын медаль жеңді. 

Сонымен қатар, биылғы жылдың басты жаңалығына айналған шахматшы Бибісары Асаубаева 17 жасында ең жас әлем чемпионы атанып, Гиннестің рекордтар кітабының арнайы сертификатымен марапатталды.

фото: ашық дереккөзден

Наурыз айында Италияда өткен жасөспірімдер арасындағы  әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Анастасия Городко үздік фристайлшы ретінде алтын медаль иеленді.

Жүзуден де жас спортшыларымыз қалыс қалып жатқан жоқ. Жазда Түркияда өткен Ислам ойындарының жеңімпазы атанған Әділбек Мусин олимпиада тарихында рекорд орнатты. Әділбек суға жүзуден баттерфлэй әдісімен 50 метрге жарысуда бәсекелестері арасында рекорд жаңартып, 100 метр қашықтықта жүзуден үздік нәтиже көрсетіп, олимпиаданың алтын медалын алды.

фото: жеке мұрағаттан

2023 жылы қазақстандық спортшылардың жетістіктері пен жеңісі еселенеді деп сенеміз. 

 

Миражан Махан
Бөлісу: