2021 жылы қандай маңызды спорттық ойындар өтеді?

26 Қаңтар 2021, 11:58 6817

Олардың көбі пандемиядан «жапа шеккен» турнирлер...

 

 

Коронавирус пандемиясы спорт әлеміне айтарлықтай өзгеріс енгізді. 2020 жылы өтуі керек болған футболдан Еурлопа чемпионаты мен Жазғы Олимпиада ойындары кейінге шегерілді. Ал шайбалы және допты хоккейден әлем біріншіліктері тіпті ұйымдастырылған жоқ. Ендігі, спортшылардың үміті – 2021 жыл. Сонымен, үстіміздегі жылы қандай айтулы спорттық додалар өтпек?

 

8–21 ақпан: Австралияның ашық біріншілігі (Мельбурн, Австралия)

 

115 жылдық тарихы бар Australian Open бірінші рет ақпан айында өткізілгелі жатыр. Бұған дейін Гранд-слэм 15-31 қаңтар аралығына жоспарланған болатын.

 

9–21 ақпан: Биатлоннан әлем біріншілігі (Поклюка, Словения)

 

Қазақстандық биатлоншылар айтулы додада ел намысын абыроймен қорғайды деп сенім артамыз. Олардың допинг дауына ұшырап, ел алдында еңселері түскенін жақсы білеміз. Ендеше, өз біліктіліктерін ортаға салатын уақыт таяды деген сөз. Тағы covid-19 «ашуға мінбесе», винтовка арқалаған қыз-жігіттер жоспарланған мерзімде турнирде тер төгеді.

 

22 ақпан – 7 наурыз: Шаңғы жарысынан әлем чемпионаты (Оберстдорф, Германия)

 

Халықаралық шаңғы спорты федерациясы әлемдік турнирдің өткізілу мерзіміне ешқандай өзгерту енгізілмегенін хабарлады. Бұл бәсекеде қазақстандық спортшылардың ішінен ұзақ уақыт дисквалификацияда болған Алексей Полтораниннен басқа сенетін шаңғышыларымыз жоқ. Норвегтер мен ресейлік шаңғышылар арасынан суырылып алға шығатын жерлесіміз табылып жатса, құба-құп.

 

22–28 наурыз: Мәнерлеп сырғанаудан әлем біріншілігі (Стокгольм, Швеция)

 

ӘЧ-2021 швед елінің астанасында өтпек. Біздің үміт артқан жалғыз спортшымыз, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері – Элизабет Тұрсынбаева.

 

30 наурыз – 4 сәуір: Бендиден әлем чемпионаты (Сыктывкар, Ресей)

 

Өткен жылы допты хоккейден әлемдік бәсеке Ресейдің Иркутск қаласында жалауы желбіреуі керек еді, алғашында қыс мезгілінен күзге ауысса, кейін тіпті өткізілмейтін болды. Осы жылға қалған турнир ендігі Иркутскте емес, Сыктывкарға «жөнелтілді». Әлем біріншілігінің алты рет қола жүлдесіне ие болған Қазақстан құрамасынан тағы да жоғары орын күтетін боламыз.

 

7–23 мамыр: Шайбалы хоккейден әлем біріншілігі (өтетін орны белгісіз)

Бұл турнир 2020 жылы Швецарияда өтеді деп жоспарланған. Одан кейін Беларусь пен Латвия еліне ауыстыру туралы шешім шығарылды. Ендігі Халықаралық хоккей федерациясы Минскті бұл тізімнен сызып тастады. Қазіргі уақытқа дейін шайбалы хоккейден әлем чемпионаты қай елде болатыны туралы нақты шешім шығарылған жоқ. Кейбір мәліметтерде ойындардың барлығын Латвия қабылдауы мүмкін екені айтылса, басқа жерлерде Словакия мен Дания, Чехия мен Германия өзара бөліседі деген әңгіме жүр. Швецарияда Қазақстан құрамасы элиталы топқа кіреді деп жоспарланған еді. Қайда өтсе де, мықтылар тобына отандық хоккейшілер қосылатынына ештеңе кедергі болмайды деп үміттенеміз. 

 

23 мамыр – 6 маусым: Теннистен Францияның ашық чемпионаты (Париж, Франция)

 

Теннистің қай бәсекесі болмасын, спортсүйер қауым тағатсыздана тосатыны белгілі. Оның қатарында Францияның ашық чемпионаты да бар. Жалпы, 2021 жылдың басты турнирі өз уақытында өтуін тілейтіндер көп.

 

11 маусым – 11 шілде: Еуро-2020/21

 

Еуропаның мерейтойлы біріншілігі өткен жылғы маңызды оқиғалардың бірі болуы керек-тін. Ол кәріқұрлықтың 12 мемлекетінде өткізіледі деп күтілген. Алайда, бұл чемпионаттың ненің кесірінен өтпей қалғанын бәріміз жақсы білеміз. Ендігі, футбол тойы 12 елді аралайтынына күмәнмен қараймыз. Қазақстан құрамасы әрине, бұл турнирге ешқашан қатысып көрмеген, десе де футболсүйер жанкүйерлер үшін маңызды турнир екені рас.

 

26 маусым – 18 шілде: «Тур де Франс»

 

Кәсіби велоспорттағы тур бұл жылы Еуропа футбол біріншілігі және Уимбилдон турнирлерімен сәйкес келіп отыр. Отандық «Астана» командасының шабандоздары жылдағыдай басты квалификацияда жеңіс тұғырынан көріну үшін барын салары анық.

 

28 маусым – 11 шілде: Уимблдон теннис турнирі (Лондон, Ұлыбритания)

 

2020 жылдың жазы Уимбилдонсыз өтті. Бұл әлемдік спорт үшін орны толмас бәсеке. Үстіміздегі жылы пандемия тағы қауіп төндірмесе, шөп үстіндегі теннис турнирін тамашалаймыз деп сенеміз.

 

23 шілде – 8 тамыз: XXXII Жазғы Олимпиада ойындары (Токио, Жапония)

 

Тағы да пандемия кесірі... Бұл жолы төрткүл әлем күткен Жазғы Олимпиада ойындары кейінге қалдырылған. Бірнеше рет уақыты шегеріліп, ақыры биылға ауысқан төрт жылда бір келетін дода соңғы бекітілген мерзімде өтеді деп күтеміз. Әрине, Қазақстан спортшылары жақсы нәтиже көрсетсе деген тілек бар. Боксшылар мен балуандар міндетті түрде көк байрағымызды көкте желбіретулері керек.

 

8–19 тамыз: XXXI Жазғы Универсиада (Чэнду, Қытай)

 

Олимпиада шымылдығы жабылмай жатып, спортшы-студенттер Қытайда кім мықтыны анықтайтын болады...

 

24 тамыз — 5 қыркүйек: жазғы Паралимпиада (Токио, Жапония)

 

Мүмкіндігі шектеулі спортшыларымызға шын жүректен тілекшіміз. Қазақстан әнұранын бірнеше рет естісек дейміз.

 

30 тамыз — 12 қыркүйек: теннистен АҚШ ашық біріншілігі (Нью-Йорк, АҚШ)

 

Жаздың соңғы күнінде US Open старт алады. «Флэшинг Медоуз» корттарында қазақстандық теннисшілерге жанкүйерлік ететін боламыз.

 

12 қыркүйек — 3 қазан: футзалдан әлем чемпионаты (Литва)

 

Бұл турнир 2020 жылдың қазан айынан келесі жылға ауыстырылған болатын. Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінде фавориттердің бірі болып табылады. Кака шәкірттері жүлдегерлердің қатарынан көрінетініне сеніміміз мол.

 

19–26 қыркүйек: велоспорттан әлем чемпионаты (Бельгия)

 

2020 жылғы велоспорттан әлем біріншілігі Швецарияда өткізілуі керек-тін. Пандемия кедергісінен осы жылға қалдырылып, өтетін орны Бельгияға ауыстырылды.

 

11–21 желтоқсан: ХХХ Қысқы Универсиада (Люцерн, Швейцария)

 

Бұл турнир осы жылдың 21 қаңтарында басталауы қажет еді. Бірақ, тағы да коронавирустың «арқасында» жыл аяғына шегеріліп отыр. Бұған дейін бірнеше турнир Швецариядан алынып тасталса, Универсиаданың өткізілетін орны ауысқан жоқ.

 

13–18 желтоқсан: қысқа қашықтықта жүзу спортынан әлем біріншілігі(Абу-Даби, БАӘ)

 

Жүзгіштер арасындағы әлемдік турнир желтоқсан айынан желтоқсан айына ауысты, алайда арасында бір жыл бар. Өтетін орны, сол – Абу-Даби.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: